Экономика • 10 Тамыз, 2021

Арзан һәм қымбат жанармай

552 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бізде жиі қымбаттайтын, сонысымен халықты ара-тұра бір сілкінтіп қоятын тауардың бірі – бензин. Соңғы бір жылда жанармай бағасы 14 пайызға өскен. Сөйтіп қымбатсынатын бензиніміз Еуропа елдеріндегі бағамен салыстырғанда әлдеқайда арзан.

Арзан һәм қымбат жанармай

Әрине, кәрі құрлықтағы бензин біздікінен қымбат екен деп қуанбасымыз белгілі. Біздің теңгенің қаншалықты құнсыз әрі жалақының қаншалықты төмен екенін ескергенде, қуануға ешбір құлқыңыз да бола қоймас.

Energyprom агенттігінің дерегіне сүйенсек, биыл бес айда Қазақстанда авиациялық отынды қоса есептегенде, 1,9 млн тонна бензин өндіріліпті. Павлодар мұнай химия зауыты жүктемені былтырғыға қарағанда 38,6 пайызға жоғары орындап (5 айда – 678,5 мың тонна), өндірістің өркендеуіне үлкен үлес қосқан. Керісінше, Атырау мұнай өңдеу зауыты 13 пайыз минусқа кірген. Зауыттың бес айдағы өндіріс көлемі – 418,5 мың тонна. Шымкентте орын тепкен елдегі үшінші ірі зауыт – «ПетроҚазақстан» ЖШС-нің өндірісіне қатысты ресми дерек ұсынылмаған. Дегенмен жобалап есептеу бойынша Шымкент зауыты жыл басталғалы 749 мың тонна бензин өндірген. Ал бұл былтырғы көрсеткіштен 6 пайызға аз.

Бензинге келгенде импортқа аса тәуелді емеспіз. Импорттың үлесі 0,03 пайыз деңгейінде ғана екен. Яғни өзіміздің бензин өз нарығымызды толығымен жарылқайды. Онымен қоймай, экспорттаймыз да. Биыл 100 мың тонна бензин сыртқа сатылған. Дегенмен мұның өзі – 2020-дағы межеден 32,4 пайызға аз көрсеткіш. Picodi.com дерегінше, бүкіл Еуропа мен ТМД-ны шарлап шықсаңыз да Қазақстандағыдай арзан бензин таппайсыз. Елдегі бензиннің орташа бағасы алғашқы жарты жылдықта 185,51 теңге (0,44 доллар) болған. Ал ең қымбат бензин Финляндияда сатылады – 1,90 доллар. Біздің валютамен есептегенде – 806 теңге.

Бірақ бензин индексі бойынша, яғни жалақыңызға сатып ала алатын бензин көлемі бойынша Қазақстан бірнеше елге жол береді. Орта есеппен әр қазақстандық орташа айлық жалақыға (салықты есептемегенде) 1 015 литр жанармай сатып алады. Рейтингтің көш басында Германия (1 786 литр), одан кейін Швеция (1 771 литр) мен Финляндия (1 589 литр) елдері тұр. Көршілес елдерге көз жүгіртер болсақ, орташа жалақыға Ресей – 938, Беларусь – 637, Әзербайжан – 561, Молдова – 358, Қырғызстан – 355, Өзбекстан – 317, Армения – 309, Тәжікстан азаматтары 167 литр сатып алады екен.

Мақтануға татырлық мұндай көрсет­кіш­тер көп болғанымен, елдегі бензин бағасының қымбаттауы қалтаға салмақ түсіріп жатқанын жасырып жаба алмаймыз. Өңірлік бөлініс бойынша әсіресе, Батыс Қазақстан облысында (+17,2 па­йыз), Түркістан облысында (+17 пайыз) және Шымкент қаласында (+16,5 пайыз) баға қатты өскен. Бұл ретте АИ-98 – 12,7, АИ-92 – 13,6, АИ-95/96 14,4 пайызға қымбаттапты.

«Байдильдинов. Нефть» авторлық жо­басының жүргізушісі Олжас Бай­діл­диновтің айтуынша, биыл көп­ші­лік көп тұтынатын АИ-92 бензинінің бағасы 190 теңгеден аспайды.

– АИ-92 шамамен литріне 180 теңге маңайында тоқтайды. Алдағы жағдайға қатысты қандай да бір болжам айту қиын. 2025 жылға таман ЕАЭО аясында біздің ел де мұнай, газ және басқа да мұнай өнімдеріне қатысты тең табыстағы бағаға ауысады. Бұл дегеніңіз өнім бағасының әлемдік нарықтағы экспорттық баға есебінен (тасымалдау, кедендік баж салығын есептемегенде) қалыптасатынын білдіреді. Демек біз әлемдік бағаға ұмтыла бастаймыз. Ал ЕАЭО қатарынан шығайық дейтін болсақ, онда ДСҰ алдында да осыған ұқсас міндеттемеміз бар екенін ұмытпауымыз керек. Бағаны нарық өзі белгілеуі керек. Бензин бағасы тек импорттаушы ғана емес, экспорттаушы елдерде де өсіп жатыр, – дейді сарапшы.