Кезінде ақиқат пен әділдікті жырлап, халқын ғылым мен білімге шақырған ұлы Абайдың бай мұрасын ұлықтап, тағылымына тағзым ететін «Абай күні» дербес мереке ретінде былтыр ақынның дүркіреп өткен 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ресми бекітілді. Халқымыз үшін рухани маңызы зор ұлық мерекені қалай атап өтсек те жарасады. Елордада бұл күн Абай көшесінің бойында орналасқан ақынның ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Салтанатты іс-шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бастаған мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.
Гүл қою рәсімінен кейін Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бұл айтулы күннің қазақ руханиятындағы орнына тоқталып, ұлы ақынның өсиетін орындау – парызымыз екенін атап өтті.
– Бүгін – тәуелсіз Қазақстан халқы үшін ерекше күн. Бұл күні ұлы Абайға тағзым етеміз, ұлы Абайдан өзіміздің жасампаз істерімізге рухани қолдау табамыз. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп айтып кеткен ұлы Абай өсиетін орындау – парызымыз. Барды бағалап, жоқты саралап, тәубемізден жаңылмай, тәуекелден айнымай, тәуелсіздік тасын өрге сүйреген халқымыздың жасампаз еңбегіне Абай үлкен рухани тірек болып отыр. Біз Алла тағалаға қазақ халқына Абайды сыйлағаны үшін рахмет айтамыз, – деді Қырымбек Көшербаев.
Сондай-ақ ақын рухына тағзым еткендер қатарында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, академик Дихан Қамзабекұлы, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, ақын Светқали Нұржан, Президенттің баспасөз қызметінің сарапшысы, ақын Ербол Алшынбай да болды.
Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы барша қазақстандықтарды айтулы мереке – Абай күнімен құттықтады.
– Бұл күн – ұлы күн. Біздің Алладан кейін аузымызға түсетін есіміміз – Абай. Абай қазақтың төлқұжаты деуге болады. Абайдың жырлары, өсиеті, сөзі арқылы біз бүкіл қоғамды тәрбиелеп отырмыз. Мына заман өткен сайын, күн өткен сайын Абай уақытпен бірге жүреді. Себебі Абай – мәңгілік. Сондықтан Абайдың жырлары, өнегесі – мемлекеттің ұлттық идеологиясы, деген көрнекті ақын тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеологиясының өзегінде Абай өнегесі жатқанын айта келе, хакім мұрасының өміршеңдігіне тоқталды.
– Абай бағдарлап кеткен бағыттан, Абай салып кеткен жолдың сорабынан адаспайтын болсақ, адамдықтан, парасаттан, ұлттың ұлы қасиетінен біз ешқашан ажырамаймыз. Сондықтан бүкіл қазаққа Абай атамыздың туған күні, Абай күні құтты болсын дегім келеді. Қазақ барда – Абай бар, Абай барда – қазақ бар, – деді Несіпбек Айтұлы.
Белгілі ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы Абайдың «Толық адам» тұлғасына ұмтылуымыз керек екенін алға тартты.
– Абай – біз үшін рәміздік тұлға. Абайдың аты, заты, мұрасы ұлтпен бірге жасай береді. Сондықтан Президент, Үкімет, зиялы қауым Абайға арнайы күн арнаған кезде рухани тұрғыда да, заттық тұрғыда да береке-бірлікке бастайтын күн болуын көздесе керек. Абай арқылы рухани жаңғырудың мәнін білу де – осы күннің еншісіндегі шаруа. Рухани жаңғыру деген – жай ғана бір шаралар немесе есеп беру емес, өзімізде барды ұқсата білу. Өз мұрамызға байланысты өзіміздің нақты шынайы көзқарасымыз, ұстанымымыз болғанда ғана рухани жаңғырған болып есептелеміз. Бұл ұрпақ сабақтастығымен, біліммен келетін дүние. Біз әдетте науқаншылдыққа кетіп қаламыз. Ондай болмауы керек. Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол», деген ұғымы тұжырымдамасының өзі – «Толық адам» тұлғасына, қоғамды кемелдікке жұмылдыру. Қоғам қашанда жақсылыққа қарай жүреді. Біз қазір әлемде, өз ішімізде қандай қиындықтар болса да, өсетін, өнетін мүмкіндік іздеуіміз керек, – деді ғалым.
Жастарды тәрбиелеуде және ұрпақтар арасындағы сабақтастықты қалыптастыруда Абай еңбегінің маңызын айрықша атап өткен Д.Қамзабекұлы Абайдың ұлтпен бірге жасайтынына сенімді.
– Сонымен бірге ұлтты жұмылдыра отырып, қоғамның береке-бірлігіне қызмет ететін, қоғамның алдағы кезеңін анықтайтын жастарды кешегі адал ұрпақтың жалғасы етуге күш салуымыз керек. Оған жастар да пейілді, сенімді. Абай соның бәрінің арасында алтын көпір болып отыр. Абайдың мұрасы да, мұраты да, оның алтын арқауы да осында. Абай ұлтпен бірге жасайды. Бүгінгі күн – ұлтымыздың күні, рухани жетістіктеріміздің күні, біздің рухани темірқазық күніміз. Ұлтымызды, халқымызды осы мерекемен құттықтаймыз. Абайдың талғамы, Абайдың жүрегі, Абайдың сезімі, Абайдың нақылы біздің ұлтты өсіріп отырады, – деді Дихан Қамзабекұлы.
Бүкілхалықтық, ұлттық мерекеге айналған Абай күні – ұлы ақынның бай мұрасын ұлықтап, рухына тағзым ететін ерекше күн. Оның асқақ тұлғасын биіктете түсу бір күнмен шектеліп қалмасы анық. Дегенмен, бұл күннің ресми аталып өтуі – қазақ руханиятының жаңа белесі екеніне шек келтіре алмаймыз. Қазақ халқының рухани дүниесін терең ойлары мен тұщымды сөзімен байытқан дара тұлғаның былтырғы мерейтойы қазақ халқы үшін осы айтулы мерекенің бастауына жол салды.