Спорт • 11 Тамыз, 2021

Аттар марафонына қатысады

224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Армиялық халықаралық ойындар шеңберінде «Аттар марафоны» конкурсына қатысатын Қазақстан әскери қызметшілерінің командасы Ресейге аттанды. Жарыс Қызыл қаласында (Тыва Республикасы) өтеді.

Аттар марафонына қатысады

Осы конкурсқа әскери қыз­метшілер бес ай дайындалды. Команданың негізгі құ­рамы тау-егерьлік полк әскери қызметшілері қатарынан құ­рылған. Олар ақпан мен маусымда өткен бірнеше іріктеу кезеңінің нәтижелері бойынша анағұрлым даярланған мамандар қатарынан іріктеліп алынды. Әскери қызметшілерді жібергенге дейін оларды жат­тықтыру осы бөлімшенің базасында өтті. «Қарқынды жат­тығулар кезінде команда өз нәтижелерін жақсарта түсті. Бұл өз кезегінде бізге жүл­делі орын­дарға ие болуға мүм­кіндік береді», деп атап өтті «Оңтүстік» өңірлік қолбас­шы­лығы әскерлері қолбас­шысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, полковник Дәурен Хамитов.

Қазақстан командасының Ресейге кетер алдындағы соң­ғы даярлық кезеңі саптық байқау болды. Оны Қорғаныс министрінің кеңесшісі, генерал-майор Әділбек Алдабергенов өткізді. «Сіздер жарыста өз кә­сіби шеберлігіңізді көрсете отырып, ең үздік нәтижеге қол жеткізуге, қарсыластарымызға лайықты бәсекелес болуға тиіс­­сіздер. Сіздердің әрбір же­тіс­тігіңізге қарап, біздің армия­мызды, біздің елімізді ба­ға­лай­тын болады», деді ол.

Халықаралық конкурс­та Қазақстан әскери қызметші­лерінің қарсыластары Зимбабве, Иран, Моңғолия, Ресей және Өзбекстан командалары болады. «Аттар марафоны» конкурсына командалар жергілікті жермен танысу және бейімделу үшін, ең бастысы, жаттығулар өткізу үшін ертерек барады. Өйткені жарыс шарттары бойынша қатысушыларға аттарды қабылдаушы тарап береді. Қатысушыларға тек өзінің ат-әбзелін пайдалануға рұқсат етілген. «Аттар марафоны» командасымен бір уақытта «Десанттық вз­вод» және «Эльбрус шең­бері» кон­курстарының қатысу­шылары да ойын өтетін жерлерге кетті.

 

«Егемен-ақпарат»