17 Қаңтар, 2014

Елдер тек әскермен ғана күшті емес

390 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұрындары әскері көп, қаруы күшті, экономикасы мықты елдер қуатты да ықпалды державалар саналар еді. Енді қуатты державалар рейтингін анықтауда жаңа өлшемдер ұсыныла бастады. Бұл ретте «Еуропалық геостратегия» сайтының авторларының ұсыныстары назар аударарлық.

Дүбірге толы дүние

Бұрындары әскері көп, қаруы күшті, экономикасы мықты елдер қуатты да ықпалды державалар саналар еді. Енді қуатты державалар рейтингін анықтауда жаңа өлшемдер ұсыныла бастады. Бұл ретте «Еуропалық геостратегия» сайтының авторларының ұсыныстары назар аударарлық.

Тарихқа үңілсек, тек әскер ғана негізгі көрсеткіш болған заман да өткен. Шағын ғана Македония мен Моңғолия тек әскердің ғана күшімен әлемді тітіренткен. Одан кейін әскери кемелері көптер тарих сахнасына шығып, талайларды отарлады. Мынау жоғары техника заманында ядролық қарулары барлар, қанатты зымырандары, әскери кемелері, сүңгуір қайықтары, әс­кери ұшақтары көптер, соған орай қуатты экономикасы барлар мық­тылар санатына қосылды.

Енді мұның өзі аздық етеді екен. Кей елде әскер де, қару да көп. Айталық, Қытайда, Ресей­де, Солтүстік Кореяда бұл екі көр­сеткіш те жоғары. Бірақ оларды сарапшылар ең мықтылар қатарына қоспайды. Өйткені, олардың саны көп болғанымен, сапасы күмән тудырады. Тіпті, әскери қақтығысқа қатысқандай тәжірибелер де кемшін көрінеді.

«Еуропалық геостратегия» сайтының сарапшылары әлем­­нің ең қуатты державаларын анықтау рейтингіне төрт көрсеткішті ұсынады: мәдени деңгей, дипломатиялық ықпал, экономикалық әлеует және әскери жетістіктер. Сол көрсеткіштер ішінде бес өлшем алынса, оның бірі шешуші өлшем болмақ.

Мәдени көрсеткіш дегенде, онда негізгі өлшем ретінде ірі университеттер алыныпты. Қазір ғылым да, инновациялық күштер сол университеттерде. Қуатты елдердің жан-жақты да­муына олар шешуші ықпал етпек. Дипломатиялық салада ақпараттық жүйенің күштілігі, тал­дау орталықтары әлемде болып жатқан оқиғалардың сипатын терең түсініп, оған ықпал етуге мүмкіндік бермек. Экономикадағы ықпалды ірі мегаполистер ат­қармақ. Бұл жерде Лондон және Нью-Йорктің орны бөлек аталады. Әскери жетістік дегенде, сарапшылар ұлы державалар 40 мыңдық әскерді әлемнің кез келген нүктесіне жедел жеткізіп, оны ұзақ уақыт ұстап тұра алатын болуға тиіс дейді.

Осындай өлшеммен қарағанда, аса қуатты державалар бірнеше сатыға бөлінеді. Астам державаның әлеуеті әлемдегі ең мықты елдің 100-70 пайыз күшін құрап, барлық континенттерге ықпалы жүретін, экономикасы мен технологиясы ең жоғары дамыған, жан-жақты ықпалды дипломатиясы, сондай-ақ, басқаларды тартып тұратын жоғары мәдениеті болуға тиіс. Мұндай ел жалғыз – АҚШ қана.

Екінші саты – жаһандық күш­тер, оның әлеуеті ең дамыған елдің 69-40 пайызын құрайды, астам державаның толық сипатын иемденбегенмен, халықаралық үлкен ықпалы бар, өз күштерін геосаяси орталықтарға жеткізе алатын құралдары да, ықпалы да бар елдер. Ол да жалғыз екен, оған сарапшылар Ұлыбританияны жатқызады.

Аймақты күштерге кіретін елдер ең дамыған державаның 39-15 пайыз әлеуетін құрап, ай­мақтарға күшті ықпал етумен қа­тар, көрші континенттердің белгілі бір аймағына ықпал етуі мүмкін. Бұларға Франция (39 пайыз), Қытай (37,6 пайыз), сонан соң Ресей кіреді. Рейтингтің екінші бестігін Жапония, Германия, Австралия, Канада және Үндістан құраса, ең мықты 15 елдің соңғы бестігіне Италия, Испания, Оң­түстік Корея, Бразилия және Түр­кия орналасыпты.

Әрине, мықтыларды бұлайша айқындаудың артық-кемшілігі болар. Сарапшылардың өз айтуларынша, олар тек ашық көр­сеткіштерге жүгінген, әсіресе, әскери күштерге қатысты біраз құпиялар барлығы белгілі. Сөйтсе де, мұны да сараптаудың бір түрі деп қабылдап, жадымызға түйсек, артық емес-ау.

Молдавия: не арба сынады, не өгіз өледі

Сарапшылар бұл елдегі жағ­дайды осылай бағалап отыр. Егер Молдавия Еуроодаққа кірер болса, біраз айма­ғынан айырылады, ал Мәскеуге бет бұрса, Батыстың игілігінен сырт қалады.

Мұндай жағдайды еш ел­дің басына бермесін дерсің. Өт­кен жылдың соңына таман Вилньюстегі «Шығыстық серік­тестік» саммитінде Молдавияның Еуроодақпен кірігуіне жол ашыл­ғандай еді. Онымен ассоциация жөніндегі келісімге қол қойса бол­ды, бұл елге 300 миллион еуро көлемінде қайтарымсыз көмек көрсетіліп, визалық тәртіп алынып тасталмақ еді.

Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармады. Мұны Ресей үкіметінің вице-премьері, Ресей президентінің Приднестровье жөніндегі арнау­лы өкілі Дмитрий Рогозиннің сөзімен айтсақ, Еуропаға бет алған «Молдова» дейтін пойыз жолда біраз вагондарынан айырылуы мүмкін. Әңгіме Приднестровье және Гагаузия жайында болып отыр. Приднестровьенің жа­йы жұртқа белгілі. Қазір оны Мол­­­давияның бөлігі деу қиын. Ти­распольдің Кишиневке бағын­байтыны айдан анық. Бұл «республика» Ресейдің заңнамаларын өздеріне енгізетіні жөнінде мәлім­деп те отыр.

Бұған енді Гагаузия қосылды. Бұл автономияның басшылығы, егер Молдавия Еуроодаққа кіретін болса, өздерінің Кеден одағына кіретінін мәлімдеді. Келесі айда бұл жөнінде референдум өткізбек. Өзінің конс­титуциялық сотын құру жөнінде заң да қабылдапты. Мұның өзі Молдавияның өз аумағындағы құрылымдарға билігі жүрмей қалғанын аңғартады.

Онсыз да шағын жерінің жартысынан айырылып, Еуропаға кіріп Молдавия опа таппайды. Ал Ресейдің ықпалында қалып та оңатыны екіталай. Халықтың басым көпшілігінің аңсары Еуро­паға ауып отырғанда, Мәскеудің ықпалында қалуынан береке болмасы анық. Бүгінге дейін де Ресейдің оларға жасаған қиянаты бастан асады. Өнеркәсіпті айма­ғы – Приднестровьені бөліп тас­тағаны өз алдына, молдаван шараптарына эмбарго жариялап, тағы да күйзелткен. Кишинев екі оттың ортасында қалғандай күй кешуде.

Құртақандай Гагаузияның орталық үкіметке бағынбай, бас көтеруі Мәскеудің лаңы еке­ні дау­сыз. Сол Мәскеудің уәде­сі болмаса, олар Кеден одағы­на кіремін демес те еді. Ке­ден одағының Ресейден де бас­қа мүшелері бар емес пе? Ал Қазақстан оның саяси ұйымға айналғанын қаламайды.

Бұл енді басқа мәселе. Ал Молдавияға қиын. Алдында екі ғана таңдау бар. Екеуі де ауыр. Үшінші таңдау жоқ оларда.

Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».

 

Соңғы жаңалықтар