17 Қаңтар, 2014

Ақтаудан шыққан алаугер

377 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұсыныс білдіргендерден таңдалған 14 мың алаугердің, соның ішінде Калининград облысы бойынша 25 мың үміткер ішінен іріктелген 100 таңдаулының бірі болған қазақ жігіттің аты-жөні адамды өзіне еріксіз тарта түседі. Аманғали Ерғалиұлы Елеуов! Қазан айының соңғы аптасында Калининград облысының Светлогорск қаласында өткен шеруде Олимпиада алауын алып жүргендердің бірі. 

Ұсыныс білдіргендерден таңдалған 14 мың алаугердің, соның ішінде Калининград облысы бойынша 25 мың үміткер ішінен іріктелген 100 таңдаулының бірі болған қазақ жігіттің аты-жөні адамды өзіне еріксіз тарта түседі. Аманғали Ерғалиұлы Елеуов! Қазан айының соңғы аптасында Калининград облысының Светлогорск қаласында өткен шеруде Олимпиада алауын алып жүргендердің бірі. Сөйтсек, ол Ақтаудың жігіті екен. Осыдан бірнеше жыл бұрын отбасымен – әйелі және екі ұлымен Ақтаудан Калининград қаласына қоныс аударыпты. Спортшы – ауыр атлетикадан КСРО спорт шебері, Қазақ КСР чемпионы, Бүкілодақтық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы. Осы хабар құлағына тиісімен қоңыраулатқан Маңғыстау облыстық «Огни Мангистау» газетіне Аманғалидың әйелі хабарласыпты.

Өміріне спортты, саламатты өмір  салтын серік еткен Аманғали Мәскеудегі ұйымдастыру комитетіне өз анкетасын толтырып жіберген екен. Қатаң сыннан өткендігі оның көңілін ерекше қуанышқа толтырыпты. Аманғали Ерғалиұлының сәлемін жеткізген әйелінің айтуынша, Олимпиада алауын ұстап жүгіріп өтетін жерінің қашықтығы үлкен емес, бірақ сол қысқа ғана қашықтықтың өзі оған үлкен жауапкершілік жүктеп, қанат­тандырады екен. «Біздің, яғни сан мың­даған алаугерлердің жүрегінің күші, алақа­нының жылуы ресейлік, сондай-ақ,  қазақ­стандық спортшылардың жеңіске жетуіне көмектеседі» дейтін көрінеді қазақ жігіті.

Балтық теңізі жағалауындағы курортты қала Светлогорскідегі алаугерлер сапында Аманғалимен бірге әншілер Олег Газманов пен Лада Дэнс, әртіс Татьяна Арнтгольц,  ауыр атлетикадан Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Дмитрий Лапиков, күрестен әлем чемпионы Алексей Шемаров, сондай-ақ, облыс губернаторы, қала мэрі, өзге де танымал тұлғалар болды. Айтуларынша, Аманғали Елеуов  Сочи Олимпиадасы алаугерлері арасындағы жалғыз қазақ болыпты.

Алып елде таңдаулы болған қазақ жігітінің спорт додасында  жерлестерімен бірге қандастарының тілегін тілейтіндігі қуантты.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.

Соңғы жаңалықтар