Қаршадай Юлияны әкесі Евгений мен анасы Светлана алты жасында облыс орталығының іргесінде жаңадан ашылған фристайл секциясына апара бастады. Анна Корнышева деген жаттықтырушы Ю.Галышеваның бойындағы өжеттікті бірден байқап, оны ерекше қамқорлығына алды.
Дүние додасының дүбірі
ХХІІ Қысқы Олимпиаданың басталуына 21 күн қалды
Қаршадай Юлияны әкесі Евгений мен анасы Светлана алты жасында облыс орталығының іргесінде жаңадан ашылған фристайл секциясына апара бастады. Анна Корнышева деген жаттықтырушы Ю.Галышеваның бойындағы өжеттікті бірден байқап, оны ерекше қамқорлығына алды.
Могулдың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, қысқы спорттың қызығы мен шыжығының да кездесетінін сан мәрте ескертті. Фристайлдың могул түрінің ерекшеліктері мен қиындықтары аз емес. Арнайы жасалған кедір-бұдырлы трамплиннен секірген кезде өкпең өшкендей жағымсыз күйге түсетінің өз алдына бір бөлек. Амал бар ма, екі жылдан кейін бапкері Германияға қоныс аударды. Алайда, ол талабы таудай қыздан үміт күтетінін атап айтып, дарынды балаларға арналған спорт мектебінің жаттықтырушысы Виктор Лемешкоға тапсырып кетті.

В.Лемешко өз тобындағы қыздардан табандылық пен ізденісті, қайсарлық пен өжеттікті талап етті. Жоғарыда атап көрсетілгеніндей, Фристайлдың басқа қысқы спорт түрлеріне қарағанда қиындықтары көп. Сондықтан болар, бұл спорт түріне екінің бірі тәуекел етіп бара бермейді. Ал қазақ қыздары үшін бұл тіпті таңсық, құпиясы мол спорт түрі деуге тура келеді. Бір сүйсінерлігі, қазақтың қарақат көз қызы Аяулым Әміренова фристайлдың могул түрі секциясына жазылып, айналасы үш жылда толайым табыстарға жетіп үлгерді. Төрт жасында шаңғыны аяғына ілген Аяулым І Қысқы жастар ойындарында, бірнеше халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанды. «Күні ертең Әміренова әлем чемпионатында алтыннан алқа тағып жатса, таңданбаңыздар», – дейді бапкер В.Лемешко.
– Сочи Олимпиадасына баратын фристайлшылар қазір Америкада жаттығып, әлем кубогы кезеңінде біліктілігін арттырып жатыр. Жақында ғана Ақ Олимпиадаға баратын Дмитрий Рейхерд, Дарья Рыбалова мен Юлия Галышева Канаданың Калгари қаласында өткен әлем кубогының кезеңінде күш сынасып, алғашқысы 6-шы орын, кейінгілері 13, 19-шы орындарды қанағат тұтты. Фристайлшылар үшін дүбірлі доданың енді ғана басталғанын ескерсек, қалған үш апта уақытта олар тәжірибелерін шыңдап, Олимпиадада жақсы нәтиже көрсетеді деген ойдамыз. Тіпті үшеуінің бірі медальға ие болар деген үмітіміз бар, – деп қысқы спорт түрлері бойынша жоғары спорт мектебінің директоры, кезінде дзюдо мен самбо күресінен халықаралық және республикалық жарыстарда сан мәрте топ жарған Серік Халелов ағынан жарылды.
Ю.Галышеваның фристайлдағы алғашқы табысы он жыл бұрын басталды. Ол небәрі 11 жаста болатын. Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы көрші мемлекеттің кубогы жарысында айды аспанға шығарып, кубокты иеленді. Арада үш жылдан кейін ел біріншілігінде күміспен күптелді. 2008 жылы Еуропаның екі дүркін чемпионы атанып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормасын орындады. 2009 жылы Жапонияда өткен әлем чемпионатында алғашқы үштіктен көріне алмаса да, бапкерлердің назарына ілікті. Жұптасып өнер көрсетуде әлем чемпионы атанды. Бұл алғашқы ірі жеңісі болатын. Ванкуверде өткен Ақ Олимпиадада могулде жап-жақсы өнер көрсетіп еді, амал бар ма, төрешілер көпе-көрінеу қиянат жасап, 11-ші орынға бір-ақ сырғытты. Сол әділетсіздікке де төзімділік танытты. Есесіне, 2010 жылдың желтоқсанында Францияның Мэрибель қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде алтыннан алқа тақты.
Алматы мен Астанада өткен Қысқы Азия ойындарына өскемендік өрен тас-түйін әзірлікпен келді. Бапкерлері мен анасы, жерлестері, өзі білім алып жүрген Алматыдағы Туризм және спорт академиясының ректоры Қайрат Закариянов жанкүйер ретінде Табағандағы спорт кешеніне келіп, Юлияның жеңіске жетуін тіледі. Ол екі рет жарыс жолына шығып, қос алтынды омырауына таққан кезде анасы жылап жіберіп, бұдан бірнеше жыл бұрын о дүниелік болған әке аманатының орындалғанына шүкіршілік етті. 2011 жылдың 7 қаңтарында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған мыңға тарта жанкүйер Азиядан жеңіспен оралған шаңғышылар, фристайлшылар мен биатлоншыларға ерекше құрмет көрсетті. Мәселен, өңір басшысы темір тұлпар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті.
Қаңтардың 20-сынан кейін Сочи Олимпиадасына қатысатын спортшылар Өскеменде бас қоспақ. Дәстүр бойынша Бердібек Мәшбекұлы оларға ақ жол мен жеңіс тілейтін болады. Бұл жолы бүкіл қазақстандықтар шаңғышы Алексей Полторанин, фристайлшылар Дмитрий Рейхерд, Дарья Рыбалова, Юлия Галышева және басқалардан үміт күтеді.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Өскемен.