Мұндай бұрыштарда компьютері немесе интернетке кіру мүмкіндігі жоқ азаматтар мемлекеттік қызметтермен өз бетінше онлайн пайдалана алады. Қызмет алушылардың сұрақтары туындаған жағдайда, бұрыштардың жанында Мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері кеңес беріп отырады.
Бұрыштар аудандық әкімдіктердің, мемлекеттік кірістер басқармаларының ғимараттарында, «Жанұя» отбасын қолдау орталығында және «Сарыарқа» СОО аумағында орналасқан. Бұл тұрғындардың көпшілігін электрондық мемлекеттік қызметтермен қамтуға мүмкіндік береді және ХҚКО жанындағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймағына жүгінушілердің жүктемесін азайтуға үлес қосады.
«Біздің цифрлық бұрыштарымыз ХҚКО-ларда адамдардың көптеп жиналуын болдырмау үшін жасалынған. Пандемия жағдайында, клиенттерді қабылдау тек брон арқылы жүзеге асырылатын болса, Egov цифрлық бұрыштары қандай да бір себептермен компьютерге кіре алмайтын адамдарға мемлекеттік қызметтерді алуға көмектеседі. Бұл өте ыңғайлы. Сонымен қатар қазір жоғары оқу орындарына түсу кезеңі. Сондықтан біз жоғары оқу орындарының аумағында цифрлық бұрыштарды іске қосуды да жоспарлап отырмыз», деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының елордалық филиалының директоры Мәди Саданов.