Мәселен, Жамбыл ауданына қарасты Қостөбе ауылы Тараз қаласынан он шақты шақырым қашықтықта ғана орналасқан. Яғни «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық күрежолдың батыс жақ бетіндегі шағын ауыл. Көлқайнар ауылдық округінің құрамына Тастөбе, Көлқайнар, Жамбыл, Еңбек ауылдарымен қатар, осы Қостөбе ауылы да кіреді. Ал Қостөбе ауылында бүгінде 79 аула бар болса, сонда 425 халық тұрады. Жергілікті жұртшылық негізінен мал бағу, сауда жасау сияқты қарапайым кәсіп көзімен күнелтеді.
Жалпы, Қостөбе – Жамбыл облысындағы мәселесі күрделі ауылдардың бірі. Олай дейтініміз, облыс орталығы Тараз қаласынан шығатын шайынды су Қостөбе ауылының маңына қарай ағып барады. Ауыл маңында шайынды су жиналатын арнайы орын бар. Ал күн ыстықта да, жел тұрған кезде де бұл ауылдың маңайымен жүрудің өзі қиын. Қолқаны қапқан күлімсі иіс, жағымсыз әсер бірден білінеді. Әрине, шағын ауылдағы күрделі мәселе – бір бұл ғана емес. Мәселен, ауылдағы интернет мәселесі талай жылдан бері тұрғындар тарапынан көтеріліп келе жатса да, әлі күнге дейін оң шешімі табылмапты. Қазіргідей бүкіл тірлігіңнің бәрі интернетке байланып тұрған уақытта, бұл тіпті қиын.
Ең қиыны – әсіресе балалар онлайн сабақ кезінде көпір жағалап кеткен. Себебі интернет «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойынан ғана жақсы ұстайды екен. Содан сабақ кезінде ауылдың бар баласы бір-бір телефонды құшақтап, сол көпірді жағалап жүргені. Ал балалардың ата-аналары, жалпы, ауыл тұрғындары автокөлік әрі де, бері де жүйткіп жатқан үлкен жолдың бойында балалар бірдеңеге ұрынып қалмаса деп жанын шүберекке түйіп отырады.
«Ауылдағы күрделі мәселенің бірі – жайылым жердің жоқтығы. Есік алдындағы азын-аулақ малына қарап отырған қарапайым халық үшін бұл – күрделі мәселе. Одан кейін интернеттің жоқтығы да – үлкен мәселе. Қалаға жақын орналасқан ауыл болсақ та, бұл мәселе әлі шешілмей келеді», дейді ауыл тұрғыны Жапар Бозымбеков.
Сондай-ақ ауыл тұрғыны Әзімхан Жұмабаев та интернет мәселесінің өзектілігін, оның жоқтығы мұғалімдердің жұмысына да, балалардың сабағына да кедергі келтіріп отырғанын жеткізді. Жалпы алғанда, қостөбелік жұртшылықтың бүгінгі жанайқайы осы интернет мәселесі болып отыр. Ал мұндай күрделі мәселені шешуге келгенде әкімдер де әлсіздік танытып отыр екен.
Түрлі деңгейдегі әулиеаталық әкімдер есеп бергенде, ауыл түгіл, сол ауылдың әрбір көшесіндегі мәселеге дейін шешімін тауып жатқанын айтады. Мұндай көрсеткішке көпшілік, әрине, алғыс білдіреді. Бірақ шындығында олай емес екенін осындай мәселелер көрсетіп береді. Қоғамда әлі де көп мәселенің күрделі күйінде қалып келе жатқанын осындай жағдайлардан көруге болады. Мәселен, тиісті басшылар жыл сайын өңір ауылдарын интернетпен қамту мақсатында жұмыстар жүргізіліп келе жатқанын айтады. Дегенмен облыс орталығына ең жақын деген ауылдың ахуалы осындай болып тұрғанда, шалғайдағы шағын ауылдардың жайын айтпаса да болады.
Қостөбе ауылында тек интернет қана емес, байланыстың да нашар екенін ауылға барғанда көрдік. Ұялы телефон арқылы тілдесу мүмкін емес. Бұл ретте Көлқайнар ауылдық округінің әкімі Асылбек Қонаров тұрғындардың ұйымдастыруымен қазіргі кезде интернет мәселесін шешудің жолын қарастырып жатқанын жеткізді. Шынында да, интернет мәселесі биыл шешілмесе, жаңа оқу жылында көпшіліктің тағы да көпір жағалап кету қаупі бар. Интернеттің зары өткен тұрғындар: «Артта қалған ауыл болдық, бізге ешкім көңіл бөлмейді», деп күйінеді.