Қоғам • 11 Тамыз, 2021

Антиваксерлер пандемиямен қоштаспайды

640 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Пандемия басталғалы мамандар індеттің қаншалықты қауіпті екенін айтып дабыл қағып жатқанына қарамастан, оны жоққа шығарып, бүкіл әлемді бірлескен қастандыққа кінәлап жүргендер де бар. Бұрынырақ вирус жоқ деп шырылдағандар, енді келіп вакцинаның қатерлі екенін айтып, жұртты сендіруге тырысып бағуда. Бұл тек Қазақстандағы жағдай десеңіз, қателесесіз. Вакцина салу процесін баяулатып, ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға кедергі келтіріп отырған антиваксерлер басқа елдерде де жағдайды қиындатып жатыр.  

Антиваксерлер пандемиямен қоштаспайды

СУРЕТТЕ: 1885 жылы тара­тыл­ған кітапшадан үзінді

Батыстан шыққан бос сөз

Әлемдегі түрлі себеппен вак­циналауға қарсы азамат­тардың үні бұрын бұлай қатты шықпаған еді. Коронавирустың жаңа штам­дары пайда болып, ахуал ушық­қан соң көп елдің билігі вакци­на салдыруды міндеттей бас­та­ды. Бұл өз кезегінде нара­зы тұр­ғын­дардың барынша бел­сен­ді­лік танытып, өзгелерді екпе сал­дыр­мауға үгіттей бастауына алып келді. Қазіргі кезде халық­аралық қоғамдастықтың бас ауыр­та­тын мәселелерінің бірі – вак­цинаның жетіспеушілігі емес, бар вакцинаны салдырғысы келмей­тіндердің көбеюінде болып отыр.

Батыста халық вакцина сал­дыруға ағылып барып жат­қанда біздің еліміз артта қалды деген пікірді көп естиміз. Дегенмен ви­рустың жоқтығын айтып, вак­цина салдыруға немесе маска тағуға қарсы шығушылар қоз­ғалысы дәл осы АҚШ, Еуропа ел­дерінен басталғанын біреу білсе, бі­реу білмей жатады. Мұны бел­гілі бір халықтың санасының тө­мен­дігі емес, дүниежүзілік құбы­лыс деп қарастырған жөн сияқты.

Вакцина табылғанға дейін індеттің бірнеше толқынын өткердік, алайда індеттің емі та­был­ғанымен, вирустың таралуы азаймай тұр. АҚШ-та ін­дет­тің қайта өршуін мамандар ан­ти­ваксерлердің «белсенді қыз­метімен» байланыстырады. Қарап тұрсақ, АҚШ, Еуропа, Азия, Латын Америкасы, Африка – барлық құрлықтағы елдердің басшылары тұрғындарға вакцина салдыруды жалынып сұрап отыр. Бірақ оған құлақ аспайтындар көп. Енді міндеттеуден басқа амал қалмаған тәрізді. Өйткені пандемия осылай жалғаса берсе, адам өлімі көбейгенін ғана емес, бизнестің, экономиканың, медицина саласының, туризмнің, білім берудің де тас-талқаны шығатынын көретін күн де алыс емес секілді. Бұл адамзатты қазір­гі жеткен жетістігінен бір­неше онжылдыққа артқа лақ­тыратыны анық.

Вакцина салдырмаудың амалын тапқандар да бар. Мәселен, Ұлыбританияда өзін веганмын, яғни жануарлардың етін жемей­мін деп таныстыратындар көбей­ген. Заң бойынша мұндай ұста­ным­дағы адамдар жануарларда сынала­тын өнімдерді қолданудан босатылады. Ақша беріп, жалған құжат жасататындар туралы талай рет айтылды. Мұндай жағдайлар Еуропада, Ресейде, Қазақстанда да тіркеліп жатыр.

АҚШ-тың Індеттерді бақылау және алдын алу орталығының директоры Рошель Валенски өткен аптада COVID-19 «вакцина салдырмағандардың  панде­миясына айналады» деген пікір білдірген. АҚШ президенті Джо Байден де көп ұзамай осы ойды растады. Мұны өзге мамандар да айтты. Техникалық тұрғыдан олардікі дұрыс секілді. Вакциналар тіпті тез таралатын «Дельта» штамына қарсы тиімді болып қала береді және екпені мүлдем алмағандар басқаларға қарағанда жиірек ауырып жатыр.  

Енді антиваксерлерге келер болсақ, олардың барлығын бір санатқа жатқызып қарастыруға болмас. Интернетте тараған түр­лі қауесетке сеніп, адам сенгі­сіз себептермен вакцинаға толы­ғымен қарсы жандар бір бө­лек те, дұрыс сұрақ қойып, то­лық се­німді болмай, вакцина сал­ды­руға асықпай отырғандар бір бөлек. Жалпы, вакцина сал­дыр­мауға үгіттейтіндердің бір бөлігі – медицина саласының ма­ман­дары. Мәселен, Еуропалық аурулардың алдын алу және бақы­лау орталығының 2015 жыл­ғы есебінде денсаулық сақ­тау саласы қызметкерлерінің сенім­­­сіз­дігі қарапайым халықтың ойын өз­­гер­тіп, бұл процесті баяу­­­­ла­таты­­нын мәлімдеген. Қазақ­­­стан­да да дәрігерлердің әлеу­мет­­­­тік же­лі арқылы таратқан вак­­­ци­на­ға қарсы үгіт-насихаты «же­­мі­сін» беріп отыр. Маман ай­­тып тұр­ған нәрсеге қалай сен­бей­­сің? Бұл – біздің елде ғана емес, Африкада да белең алған жағ­дай. Онсыз да вакцина саны шек­теулі аймақта екпе алғы­сы кел­мей­тіндер көбейсе, панде­мия әзір­ге аяқталмайды дей беріңіз. Халық­аралық ЖИТС қоға­мындағы бағ­дар­ламалар дирек­торы­ның орын­басары Род­жер Татуд  меди­цина қызмет­кер­лерінің 40 па­йы­­зы­ның вакцина­лау­ға күмән кел­ті­ре­ті­ні­не алаң­дауымыз керек дейді.

Бір ғасырда өзгермеген көзқарас

Вакцинаға қарсылық – COVID-19 індеті кезінде ғана пай­да болған құбылыс емес. Қа­зір­гі антиваксерлер осыдан 136 жыл бұрын пайда болған тұжы­рым­дарды әлі мысалға келті­ріп жүргендерін біле ме екен?

Мысал ретінде адамзат ең көп зардап шеккен аурулардың бірі – шешек эпидемиясын алайық. Вакцинаның арқасында біз қазір бұл індеттен ада әлемде өмір сүреміз. Алайда 1885 жылы эпидемия кезінде Монреальда шешек ауруына қарсы вакцинаның тиімділігіне қарамастан, оған қарсы шыққандар көп болған. Эпидемия кезінде Канадада доктор Александр Росс вакцинаны тиімсіз деп, халықты құлақ­тан­дыру үшін арнайы парақ­ша басып шығарып, таратқан екен. Сол кезде Россты жалған бедел, атақ пен даңққа ие болу үшін осындай әрекетке барды деген-ді. Ал ол өзін «вакцинаға қарсы шыққан жалғыз дәрігермін» деп асқақтатқан. Дегенмен кейін елдегі ірі БАҚ өкілдері оның вакцина салдырғанын жазып, айыптаған. Росс таратқан сол замандағы ақпарат пен қазіргі әңгімелердің ұқсастығын бірден байқауға болады. Ендеше, сол кезде айтылған басты тұжы­рымдарға тоқталсақ.

Шешектің ажал деңгейінің 30-40 пайыз, ал таралуының аса жылдам екеніне қарамастан, Росс пен өзге антиваксерлер оның қаупін азайтуға тырысқан. Ол мұны биліктегілер асыра сілтеп «эпидемия» деп отыр, шындығында елде науқастар саны әлдеқайда аз деген секілді мәлімдемелер арқылы жеткізген. Көріп отырғанымыздай, біздің қоғамда да індет қаупін азайтып, қарапайым тұмауға теңеп жүргендер бар.

Сондай-ақ вакцинаның теріс әсерін алға тарту да – осыдан бір ғасыр бұрынғы сценарийден аумайды. Қазір қайта екпе алғандар аутизмге ұшырайды деп «кішірейтіп» айтып жүрген секілді. Бұрындары антиваксерлер шешекке қарсы вакцина­дан мерез, іш сүзегі, туберкулез, ты­рыс­қақ және улану секілді ауру­ларға душар болатыныңды айтады екен.

Одан бөлек, эпидемия мен вакциналауды біз білмейтін «әлдеқайда үлкен жоспардың» бір бөлігі деп қарастыру тағы бар. Тура сол 1885 жылғы па­рақ­шадағыдай пандемияны – ақша табудың амалы, адамзатқа чип енгізу мен әдейі жасалған қа­с­тандық деп жүргендер қаншама. Бұған қоса, адам құқығын шектеу деген желеу сөздің барын ұмытпайық. Бұл да – сол ғасырдан келген антиваксерлердің алға тартқан себептері.

Ең соңғы амалдардың бірі – беделді тұлғалардың сөзін мы­салға келтіре отырып, өз пікі­рін растауға тырысу. Міне, жо­ға­рыда айтып өткен мысалдар  – бүгінгі вакцинаға қарсы аза­маттардың келтіретін бас­ты дәлелдері. Қарап тұрсақ, бір ға­сыр­дан астам уақытта, тіпті жаңа теория да қалыптаспаған.

Дәрігер Росс секілді денсау­лық сақтау саласындағы дағда­рыс­тарды өз мақсатында пайда­ланып, жалған атақ, даңқ жинап, жұрттың қолдауына ие болғысы келетін «батырлар» әрқашан болған, бола да береді. Ондай кейіпкерлерді танып-біліп отырмыз. Тек оларды қызыл кеңірдек болып қорғап жүрген мыңдаған адамға не істеуге болатыны бей­мәлім. Әйтпесе, жүз жыл бұрын­ғы «қылмыстың» шешімі ендігі табылар еді. Бұл бір оқиғаны жазып, талдауымыздың себебі – кімге сенерін білмей, шындықты іздеп жүрген халыққа ой салсақ деген ниет. Өйткені осыған дейін пандемиямен күресіп, науқастың өмірін арашалауға тырысқан мамандар енді антиваксерлермен «күресіп» әлек болып жүр.