Үкімет • 11 Тамыз, 2021

Науқастардың 99,9%-ы – вакцина алмағандар

230 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық ахуал, 2021 жылғы қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары және жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы мәселелер қаралды.

Науқастардың 99,9%-ы – вакцина алмағандар

Халықты вакцинамен қамту 59%-ды құрады

Бірінші мәселе – қазіргі жағдай мен халықты вакциналау барысы туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, кәсіпкерлік субъектілерін Ashyq жүйесімен қамту туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов баяндады.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, әлемде COVID-19-бен ауыру мен өлім-жітім бойынша жағдай әлі де тұрақсыз болып тұр. Соңғы аптада аурудың ең көп өсуі Жапонияда байқалды, онда бір апта ішінде ауру 98%-ға, Израильде 75%-ға, Әзербайжанда 69%-ға өсті. Қазақстанда бір апта ішінде өсім 10%-ды құрады. «Қазақстанда «Дельта» штамының анықталуына байланысты шілде айында сырқаттанушылықтың өсуі тіркелді, бірақ тамыз айының басынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық өсімінің баяулауы және COVID-19 бойынша эпидемиялық жағдайдың тұрақтануы байқалады», деді А.Цой.

Оның айтуынша, 1 тамыздан бастап елімізде індеттің таралу индексі 1,11-ден 1,01-ге дейін 9%-ға төмендеді, Нұр-Сұлтан қаласында көрсеткіш бірліктен төмен, Алматы қаласында R саны 19%-ға төмендеді (1,19-дан 1,0-ге дейін). Өңірлер бөлінісінде күнделікті төсектік орындардың жүктелуі мониторингіне сәйкес осы жылдың 11 тамызындағы жағдай бойынша 328 медициналық объектіде барлығы 55 658 инфекциялық төсектік орны бар, респуб­лика бойынша 54%-ы толы. Инфекциялық стационарлардағы реанимациялық төсектік орын саны 4 969-ды құрайды, олар
45%-ы толы. Эпидемиялық ахуал қиындаған жағ­дайда 7 419 инфекциялық төсектік орын резерві бар.

Инфекциялық төсектік орындардың жоғары жүктемесі Атырау облысында, Нұр-Сұлтан қаласында – 69%-дан, Ақтөбе облысында – 65%-дан, Алматы қаласында және Жамбыл облысында 63%-дан байқалады. Вакциналауға келер болсақ, бүгінгі таңда 1-компонентті 5,9 млн-ға жуық адам алып, тиісті халықты қамтудың 59%-ын құрады, ал 2-компонентті вакцина алуға тиісті халықтың 45,2%-ы алып, шамамен 4,5 млн адам вакцина салдырды. Бірінші дозамен вакциналаудың ең аз пайызы Маңғыстау облысында (33,1%) байқалады. Өңірлер вакцинамен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген. Вакциналарды жеткізу кестеге сәйкес жүзеге асырылады. «Вакциналау тиімділігін бағалау кезінде сырқаттанушылардың 99,9%-ы вакцина алмағандар екені анықталды, бұл ретте вакцина алғаннан кейін сырқаттанғандардың үлесі небәрі 0,1%-ды құрады», деп атап өтті А.Цой.

Оның айтуынша, вакцина алмағандар арасында CОVID-19-дан өлім-жітімнің үлес салмағы 97,7%-ды құрады, ал вакцина алғандар бойынша көрсеткіш 2,3%-ды құрайды, оған қоса вакцина алғандардың ауыр созылмалы аурулары болған. Бұл фактілер, министр атап өткендей, COVID-19 ауыр салдарының алдын алуда вакцинаның тиімділігі барын тағы да дәлелдейді. «Эпидемиялық ахуалды, «Дельта» штамының таралуын және вакцинамен қамтуды ескере отырып, бағалау болжамдарына сәйкес біз оптимистік сценарий бойынша әрекет етіп келеміз», деді А.Цой.

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин биыл тамыз
айында вакциналау жоспарының орында­луын қамтамасыз ете отырып, әсіресе Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыс­тарында вакциналау қарқынын күшейту қажеттігін атап өтті. Премьер-Министр Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына, сондай-ақ Қарағанды облысына ерекше назар аудара отырып, барлық өңірдегі санитарлық-эпидемиялық жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.

Сонымен қатар халықтың шектеу шараларын, ең алдымен, маска тағу режімін сақтауын қамтамасыз ету қажет екені атап өтілді. Ол үшін карантин талаптарын бұзушыларды жауапкершілікке тарта отырып, мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру тапсырылды. Ashyq жүйесіне қатысатын кәсіпкерлік субъектілерінің саны үнемі артып келеді. Олардың саны 5 есеге – 21 мыңнан 101 мыңға дейін өсті. Бұл бизнеске өз қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан Ashyq қосымшасының қолданылу аясын одан әрі кеңейту қажет.

 

Экономикада сенімді
өсім байқалады

Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндағандай, осы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан экономикасы жедел қарқынмен қалпына келе бастады және қазіргі таңда 2,7% өсуді көрсетті. «Осы есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша нақты сектордағы динамикалық және тұрақты өсу, қызмет көрсету секторындағы динамиканың жеделдеуі, өндіруші емес секторлардағы инвестицияның жоғары өсуі, сауда балансының оң сальдосының сақталуы байқалуда. Нақты сектор экономиканың орнықты даму факторы болып отыр. Осы жылдың қаңтар-шілдесінде нақты сектордағы өсім 3,6%-ға дейін жеделдеді. Іскерлік белсенділік қызмет көрсету саласында 2%-ға дейін өсті», деді Ә.Ерғалиев.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 5 трлн 832 млрд теңге сомасында кіріс түсті (жос­пар 105,8%-ға атқарылды), оның 3,6 трлн теңгесі республикалық бюджет еншісінде (жоспар 100,1%-ға атқарылды). Жалпы, кірістер бойынша жоспар 4 млрд теңгеге асыра орындалды.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, үлкен шу болған картоп бағасының маусымдық өсуі сәуір-маусым аралығында белгіленді. Бұдан әрі оңтүстік аймақтардағы ерте пісетін картоптың түсімі ұлғайған сайын, өнімнің бағасы төмендеді. Ең жоғары өсу сәтінен бастап, бағалар 26%-ға немесе 54 теңгеге түсті. Тамыз және қыркүйек айларында солтүстік аймақтарда өнімнің жаппай жиналуы күтілуде, бұл ішкі нарықты картоппен толықтырып, бағаның одан әрі төмендеуін ынталандырады. Сәбіз үшін бағаның маусымдық өсуі бір айға кешірек созылады. Нарықты жаңа дақылмен қанықтыру орта есеппен шілде айының соңынан бас­талып, қыркүйекке дейін жалғасады. Егін жинау кезеңінде 577 мың тонна сәбіз түсімі күтілуде. Бұл сәбіздің бағасын едәуір түсіруге ықпалын тигізеді. Пияз бен қырыққабат бағаларының өсуі әлі де байқалады. Жыл басынан бері бір келі пияздың бағасы 29%-ға немесе 23 теңгеге қымбаттады. Ал қырыққабаттың бағасы 22%-ға немесе 20 теңгеге қымбаттады. Әдеттегі мәліметтерге сәйкес, пияз бен қырыққабат бойынша жаппай егін жинау тамыз айының соңы мен қыркүйектің басынан басталады. «Тиісінше, бағаның төмендеуі тек осы айдың соңында күтіледі. Біз баға тұрақтандырудың негізгі құралдарына талдау жүргіздік. Нәтижелері өңірлерде тұрақтандыру қорларына тауарларды сатып алуға қаражаттың дұрыс бөлінбегенін және механизмді тиімсіз пайдаланудың әлі де фактілері бар екенін көрсетті. Кейбір өңірлерде тәуекелі жоғары өнімдерге мән берудің орнына, бағалары тұрақтары та­уарлар сатып алынған. Мысалы, қаражаттың 37%-ы ұнды сатып алуға жұмсалды. Оның бағасы бізде тұрақты. Сондай-ақ әдетте инфляция шегінде ғана қымбаттайтын тұз және сүт өнімдері сияқты тауарлар сатып алынды», деді сауда министрі.

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин Қазақстан экономикасында төрт ай қатарынан сенімді өсім байқалатынын атап өтті. Жеті айдың қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі 2,7%-ды құрады. Экономиканың нақты секторы өсімнің негізгі драйвері болып қалуда. Серпін өнеркәсіптегі 2,5%, құрылыстағы 11,1% өндірістің өсуімен, сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы тұрақты өсу қарқынымен (+2,4%) қамтамасыз етілді.

Осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстары және Шымкент қаласы барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы 6 көрсеткіш бойынша, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы 5 көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. Батыс Қазақстан облысы ең төменгі көрсеткіштерге ие.

Үкімет басшысы әкімдіктерге әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру шараларын күшейтуді және ерекше бақылауға алуды, Ұлттық экономика министрлігіне және мүдделі мемлекеттік органдарға биылғы тамыз айының соңына дейін инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру жөніндегі шаралардың жаңа топтамасын қабылдап, іске асыра бас­тауды тапсырды. «Барлық өңір әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді және Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған міндеттерді тиімді іске асы­ру­ды қамтамасыз етуі қажет», деді  А.Ма­мин.

Оқу процесін постковидтік кезеңге бейімдеген жөн

Үкімет отырысында оқу жылының бас­талуына дайындық барысы қаралды. Бұл жөнінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасады.

2021-2022 оқу жылында Қазақстанның
7 475 мектебінде 3,4 млн-нан аса адам, оның ішінде 1 сыныпта 380 мыңнан аса бала оқиды. Оқу дәстүрлі форматта жүргізіледі. Вакцина алған педагогтер жұмысқа жіберіледі. Қазіргі уақытта вакциналауға жататын педагогтердің 93,1%-ы және білім беру мекемелерінің басқа қызметкерлерінің 88,4%-ы вакцина алды.

Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғамбетов баяндамасында атап өткендей, жаңа оқу жылына дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде. Оқу жылы дәстүрлі түрде 1 қыркүйектен басталады деп жоспарлануда. Бір оқу жылы 34 аптаны қамтиды. Сонымен қатар тағы 4 аптаға жазғы мектепті ұйымдастыру көзделген. Жаңа мектептер желісінің өсуі байқалады, олардың арасында мемлекеттік мектептермен қатар жеке мектептер де бар. Мемлекеттік мектептер желісі – 7 475, жекеменшік мектептер – 298. Жалпы оқушылар саны – 3,6 млн. Колледждер контингенті – 470 мың, ЖОО-лар контингенті – 650 мың студент.

Министрдің айтуынша, барлық білім беру ұйымында білім беру процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулығын сақтау мақсатында санитарлық-эпидемиялық шаралар қабылданады. Атап айтсақ: күнделікті термометрия, желдету, кварцтау, дезинфекция; Ashyq жүйесін қолдану, 18 жас­тан асқан студенттерді, мұғалімдерді және басқа қызметкерлерді 100% вакциналау. Мектепке бөгде адамдардың кіруіне, бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. «Бір сынып – бір кабинет» жүйесі қолданылады. «Колледждер мен жоғары оқу орындарында үзілістер әртүрлі уақытта болып, маска тағу режімі сақталады», деді А.Аймағамбетов.

Жаңа оқу жылында балабақшалар 20-25 бала топтарымен штаттық режімде жұмыс істейді. Мектептерде 1-11-сыныптарды оқыту санитарлық шектеулерді сақтай отырып, штаттық режімде жүргізіледі. Колледждер мен жоғары оқу орындарының барлық курс студенттері штаттық режімде оқиды.

Мектептерде қосымша ауысымдар ұйымдастырылады, үзілістерге уақыт белгіленеді және оқушы немесе оның ата-анасы ауырған жағдайда қашықтан оқыту форматына ауыстыру бойынша шаралар қабылданады. «Білім күні» Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналады және алғашқы қоңырау дәстүрлі форматта тек 1-сынып оқушылары үшін өтеді. 1-сынып оқушыларына «Әліппе» («Букварь») табысталады. 2-11-сынып оқушыларына бекітілген кабинеттерде сынып сағаттары өткізіледі. Жаңа оқу жылында мектеп формасы бойынша талаптар сақталады, сонымен қатар мектепке классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен келуге рұқсат етіледі.

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету бойынша ұйымдас­тырушылық мәселелерді барынша тездетіп шешу қажеттігін атап өтті. Білім және ғылым, денсаулық сақтау министрліктеріне, өңірлердің әкімдіктеріне жаңа оқу жылында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында, сонымен қатар колледж­дер мен жоғары оқу орындарында оқуды штаттық режімде қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл ретте әрбір мектепке дәстүрлі форматта оқу бойынша нақты ұсынымдар жеткізілуі тиіс.

Премьер-Министр осы жылғы 25 тамызға дейін медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардан басқа, педагогтер мен техперсоналды вакциналаумен 100% қамтамасыз етуді, осы жылғы 20 тамызға дейін мектептерді санитарлық талаптарға сәйкес (кварцтеу, дезинфекция, маска тағу режімі, күнделікті термометрия және т.б.) қабылдауды аяқтауды тапсырды. Барлық білім беру ұйымында педагогтер, қызметкерлер мен ата-аналар үшін Ashyq жүйесі енгізіледі. Үкімет басшысы осы жылдың 25 тамызға дейін, ең алдымен, кестеден кешігіп отырған Павлодар және Түркістан облыстарында оқулықтарды мектептерге кестеге сәйкес толығымен жеткізуді тапсырды.

А.Мамин кестеден артта қалған мектептерде жөндеу жұмыстарын аяқтау қажеттігін айтты. Жөндеу жұмыстары аяқтал­маған мектептердің ең көп саны Алматы (9), Қостанай (6) және Батыс Қазақстан (5) облыстарында екені атап өтілді. Премьер-Министр 25 тамызға қа­рай білім беру ұйымдарының оқу жылын бастауға 100% дайын болуын қамтама­сыз етуді, балалардың қауіпсіздігі, тамақтан­дыру және мектепке жеткізу бойынша бар­лық мәселелердің шешімін табуды тап­сырды.