Шаймардан ағамыз бейнелеу өнеріне өткен ғасырдың алпысыншы жылдары келген талантты толқынның өкілі. Осы буынды өнертанушылар «қатаң стиль өкілдері» деп айтады. Өйткені олардың шығармалары эпикалық сарынмен, тарихи тақырыптарға барған батылдығымен және композициялық құрылымымен жұртшылықты жалт қаратты. Осы буынның арасынан Сариев өзінің ешкімге ұқсамайтын дарынымен дараланды.
Айталық, суретшінің форма мен түстің үйлесімін үндестіре білген «Арал балықшылары», «Мұнайшылар», «Асан қайғы» атты картиналарынан ұлттық бояуға толы ерекшелікті көресіз. Бір ғана «Шопан» туындысындағы шопанның алақанымен жас төлді мейірлене ұстаған сәтін қандай бейнелі жеткізген. Автор осы еңбегі арқылы қазақтың мейірімділігі мен тыныс-тіршілігін таза бедерлеген.
Өнертанушы Сандуғаш Мырзабекова Сариев шығармашылығында түстердің қайталанбас қуаты мен әсері ерекше екендігін айтады. «Суретшінің пейзаждары мен натюрморттарына қарасаңыз тылсым табиғат әлемімен астасқан сырлы саз бен дала үнін бірден байқаймыз. Ол кеңістік пен түстің заңдылықтарын жетік меңгерген шебер», дейді.
Қылқалам шебері портрет жанрында да өнімді еңбек етіп, тамаша туындыларды өмірге әкелді. Айталық, «Лебіз ұлының портреті» (1987), «Құлпытас портреті» (1986), «Шопанның әйелі» (1980), «Тұрардың портреті» (1967), «Әйелдің портреті» (1968), «Автопортрет» (1986) және тағы басқа еңбектерінде әр қырынан алынған жеке бейнелердің образы арқылы адамның жан-дүниесін бояу сырымен шынайы аша білген. Бұларды бейнелеу өнеріміздің қазынасына қосылған сүбелі дүниелер деп айтуға болады.
Шаймардан Сариев – Атырау өлкесінде өмірге келіп, орта мектепті тәмамдағаннан кейін жолдамамен Қарағандыға келіп, шахтада жұмыс істеген. Cодан соң Алматы көркем сурет училищесінде білім алып, Харьковтегі суретшілер институтына оқуға түседі. Одан кейін суретшінің шығармашылық жолы, талай таланттар тоғысқан Алматыда жалғасады. «Жазушы», «Жалын» баспасында қызмет атқарып, кітап көркемдеудің майталманына айналды. 1982 жылы «Өнер» баспасынан «Табиғат аясында» атты кітабы жарық көрді. Елімізден басқа, Өзбекстан, Ресей, Украина және т.б. елдерде өткен көрмелерге жұмыстары қойылды.
Жалпы, талантты тұлғаның жолы өмірде жеңіл болып көрген емес. Шаймардан аға да тіршілікте біраз теперіш көрді. Ол жайында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Мәлік Қайдаров: «Тіршіліктің ұлы кеңістігінде маңдайына жазылған талантты, жүрегін шымырлатып, жан-дүниесін өксіткен мұңды еншілеп, өзінің әнтек, өлшемге сыймайтын мінезімен, пішім қалпымен ғұмыр кешкен суретші өмірді, өмірдің шыншыл шырайын, тынысын тылсымы бөлек бояулардан тапты. Бұл – шын мәнінде суретшінің шарқ ұрып іздеп, кедергі, тосқауылдардан тайсақтамай өтіп, өмірден, өнерден өзін өзі табуы еді. Сондықтан да болар, жылдар бойы сезім зердесінде оянып, қиялын тербеп, көңіл сарайында жинақталған ой ұшқындарының топтамасына – «Сурет туралы толғаныстарына» ол ұлы Пикассоның: «Мен іздеймін, табамын!» деген әйгілі сөзін эпиграф етіп алған», деп жазады.
Дарынды суреткер 1988 жылы туған жерінде ауыр науқастан қайтыс болды. Қазір Атыраудағы облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі Шаймардан Сариевтің есімімен аталады.