Білім • 13 Тамыз, 2021

Колледжге түсетін талапкерлер 4 мамандық таңдай алады

730 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ернат Жүнісов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Колледжге түсетін талапкерлер 4 мамандық таңдай алады

Ернат Жүнісовтың айтуынша, колледжге түсушілер үшін қабылдау емтихандары алынып тасталды. Тек педагогика, медицина және өнер мамандықтарына ғана қабылдау емтихандары өткізіледі. Өйткені, медицина мамандығы бойынша талапкерлер психометриялық тест тапсыруы керек. Ал педагогикалық мамандық бойынша әңгімелесу түріндегі тест өткізіледі.

«Бұрын талапкерлеріміз бір ғана мамандыққа тапсыратын болса, енді 4 мамандық таңдауға мүмкіндік алып отыр. Бұл талапкерлеріміз үшін жасалған үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Емтихан алынып тасталғандықтан әрбір мамандық бойынша бейінді және міндетті пәндерді анықтадық. Мысалы конкурс ақпараттық жүйе мамандығына қатысты болса, онда талапкер үшін екі пән міндетті болады. Бірі – алгебра, екіншісі – информатика. Осы екі пәннің бағасы мен қазақ тобына тасыратын болса қазақ тілінің балы есептелінеді. Осы үш пәннің ортақ балы шығарылады және ол конкурс балы саналады», деді Ернат Жүнісов.

Директор орынбасарының айтуынша, осы уақытқа дейін колледжге түсушілер үшін 6 квота қарастырылған. Енді оған тағы 3 квота қосылып отыр. Атап айтқанда, көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға 5 пайыз, толық емес отбасыдан шыққан балаларға 1 пайыз және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін 1 пайыз квота беріледі.

«Қазіргі уақытта 129 мыңға тарта талапкер колледждерге құжаттарын тапсырды. 29 шілде мен 3 тамыз аралығында өнер мамандықтары бойынша конкурс өтіп, нәтижесі шығарылды. 3 700-ден астам талапкер құжат тапсырып, 2 800 оқуға түсті. Себебі, мемлекеттік тапсырыс тек 2 800 адамға бөлінген. Келесі конкурс медицина мен педагогика мамандықтары бойынша тамыздың 18-21 аралығында өткізіледі. Нәтижесін 22-23 тамыз күндері жариялаймыз. Колледжге түскендерге көптеген әлеуметтік жеңілдік қарастырылған. Жұмысшы мамандығына түскен талапкерлер бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, 21 787 теңге көлемінде шәкіртақы алады. Ал жатақханада орын ең алдымен аз қамтылған отбасыдан шыққан және 1-курсқа түскен балаларға бірінші кезекте беріледі. Бүгінде 438 жатақханада 60 мыңнан астам орын бар», деді Ернат Жүнісов.