Жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарынан 130 спортшы қатысады.
«Республикалық шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында Шығыс Қазақстан жерінде өтіп жатыр. Жарысқа оннан астам өңірден үміт күттіретін жас спортшылар келді. Мақсатыңызға жетуіңізге тілектеспіз», деді ШҚО әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов ашылу салтанатында.
Жарысқа қатысушыларды жол полициясы, жедел жәрдем және көмекші көліктер алып жүреді.
«Бұл жарыс өте маңызды. Биыл ол Шығыс Қазақстанда өткізіледі, себебі мұндағы рельеф пен жолдар веложарысқа өте қолайлы. Барлығы бұл жолдар Италияға ұқсайтынын айтады. Мен жарыс әділ өткенін қалаймын, себебі нәтижесінде велошабандоздар Әлем чемпионатына іріктеледі», дейді ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рашид Хакимов.
Айта кетейік, іс-шара барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес жүргізіледі.
Веложарыстың жабылу салтанаты 19 тамызға жоспарланған.
Ұйымдастырушылар: ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы, «Қазақстандық велоспорт федерациясы» республикалық қоғамдық ұйымы, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Білім беру басқармасы.