18 Қаңтар, 2014

Қызылордада айлықтарын алмаған жұмысшылар алаңға шықты

263 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

18-01-14-shkola-2Кеше, қаңтардың 17-сі күні үш жылдан бері айлықтарын ала алмай жүрген бір топ жұмысшы орталық алаңға шықты. Бұл туралы Ras. kz хабарлады.

«Қызылордалық бір топ жұмысшы, мектепті бюджеттен бөлінген қаражатқа емес, несиеге салдық, деп алаңға шықты», – делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, бұдан  үш жыл бұрын Арал ауданына қарасты Сазды ауылында мектеп салған 300-ге жуық жұмысшы мен 10 кәсіпкер әлі күнге дейін айлықтарын толық ала алмаған көрінеді. «Мемлекеттің өздеріне берешегін 55 миллион теңгеге балап отырған наразы топ  «қомақты қаражат ұшты-күйлі жоқ болып кетті» деп қапалы», – деді арна тілшісі.

Расында да олар Сазды ауылында 140 орындық мектеп құрылысын жүргізген. Тіпті, қазына каржысымен қабырғасы қаланған мекеме құрылысын межеленген мерзімінен бұрын өткізіпті. Алайда, әлі күнге айлықтарын толық ала алмаған. Мердігер мекеме кейбір кәсіпкермен есеп айырысу үшін банктен несие де алған көрінеді. «Тек ол  сома қарыздан құтқармады», – дейді олар.

«Сазды мектебінде  экскаватор тракторымды жалға алған. Содан 2009-дан бері 2 млн. 200 мың теңгемізді әлі ала алмай жүрміз. 4 жыл болды», – деді техниканы жалға беруші мекеме өкілі Темірхан Маханов.

Жұмысшылардың айтуынша, мемлекеттік тапсырыспен құрылысы жүрген мектепті тәмамдауға 10 кәсіпкер мен 300-ге жуық жұмысшы жұмыла кіріскен. Тіпті, алыс ауданға барар жолдың жоқтығы да жұмыстарына кедергі келтірмепті, жолай ауылға апарар жол салған, ауыз су үшін, құдық қазыпты.  Тек бұл ерен еңбек еленбеді, жеме-жемге келгенде, қазынадан бөлінген тиесілі теңгеден қағылып қалған.

«Біз 55 миллион теңгені ала алмай отырмыз. Оның толып жаткан себептері бар, бұл бойынша облыстық қаржы полициясы Қылмыстық кодекстің 325-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс те қозғаған», – деді мердігер компанияның директоры Абылай Қалилаев.

Бірақ қозғалған қос қылмыстық іс те қысқартылған. Себебін түсіндірмеді дейді наразы топ.  Қазір мердігер мекеме басшысының қолында бір-бірінен аумайтын, бір күнде шығарылған қос құжат бар. Айырмашылығы – бюджеттен бөлінген соманың алшақтығы ғана. Бірақ бір күнде шығарылған бір бұйрықтағы  сандардың сәл ғана түзетілуі құрылысшыларды қомақты қаржыдан қаққан. Ал облыстық әкімдіктегілер, мердігер мекеме сандағы бұл сәйкессіздікті сот арқылы дәлелдей алатын болса, шығынды өтеуге әзірміз деп отыр.

«Егер сот дәлелдеп, 346 миллион емес 384 миллион теңге деп дәлелдеп беріп жатса, бізге ешқандай қиыншылық туып тұрған жоқ. Онда міндетті түрде облыстық бюджеттен қарастырып беруге дайынбыз», – деді облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев.

Ал наразы топ мәселе қаңтардың аяғына дейін шешілмесе, нақты қадамдарға баратындарын айтып отыр. Мемлекеттік тапсырыспен мектеп салып, үш жылдан бері жалақыларын ала алмай жүрген жұмысшылар тобы Үкімет енді үндемесе, онда мәселемізді халықаралық деңгейде көтереміз дейді.

Хамит Мұстафа.

Дереккөз: Ras.kz

Фото: Ras.kz.

Соңғы жаңалықтар

Шұбартаулықтарды шулатқан жол

Аймақтар • Бүгін, 14:15