Ashyq орнатқандарға шектеу болмайды
Сонымен, 12 тамыздан бастап Ashyq қосымшасын қолданатын қоғамдық тамақтану орындарына күн сайын таңғы 7.00-ден түнгі 2.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді. Қостанайлықтарды қуантқан тағы бір жағымды жаңалық, демалыс күндері қоғамдық көліктер тоқтамайды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен «Қазпошта» бөлімшелері де шектеусіз жұмыс істейді.
Ashyq жобасына қатысатын ашық базарлар сенбі, жексенбі күндері сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін ашық тұрады. Ashyq-ы бар бассейн, сауна, термопарк және фитнес-орталықтары қалыпты кесте бойынша жұмыс істейді, алайда аквапарктерге тұрғындарды қабылдауға тыйым салынған.
Сондай-ақ сауда орталықтары да Ashyq қосымшасын пайдаланған жағдайда күнұзақ қалыпты кесте бойынша жұмыс істей береді. Мұндай жеңілдік ойын-сауық орындарына да беріліп отыр. Басты шарт – бәрі Ashyq қосымшасы арқылы келушілердің мәртебесін тексеріп отыруы керек. Мәселен, Ashyq орнатқан боулинг-клуб, караоке, бильярд залдары сағат 12.00-ден түн жарымға дейін жұмыс істей алады.
Алайда бизнес-нысандардың көпшілігіне беріліп жатқан мүмкіндіктен азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасымен айналысатын шағын дүкендер қағылып қалып отыр. Олар бұрынғыша 18.00-ге дейін ғана жұмыс істей алады.
Жалған құжат жарға жықты
Ashyq-тан қашып құтыла алмайсың. Мұны Қостанай әуежайында жалған ПТР-тест нәтижесін көрсеткен Лисаков қаласының тұрғыны дәлелдеп берді. 61 жастағы тұрғын Мысырға ұшпақ болған. Оның COVID-19-ға тапсырған тест нәтижесінің жалған екені әуежайға орнатылған Ashyq қосымшасы арқылы анықталып отыр.
Қазір Лисаков қаласының тұрғынына қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабында көрсетілген «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, мемлекеттік пошта төлемі белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр.
Сонымен қатар таяуда әлеуметтік желіде вакциналау паспортын сатамын деген хабарлама қалдырып, сатып алушы ақшасын аударған соң, ұялы телефонын сөндіріп тастап отырған Қостанай қаласының 36 жастағы тұрғыны ұсталды. Полицияның мәліметінше, қазір алаяққа қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары аяқталып, іс сотқа жіберілді.
Мектепте вакцина қабылдауға болады
Қостанай облысындағы сегіз мектепте індетке қарсы вакцина егетін қосымша пункттер ашылды. Олар тамыздың 23-іне дейін жұмыс істейді. Қостанайдағы №16, 17, 21, 25, 27, 29 мектептер мен қаланың іргесіндегі Дружба ауылында орналасқан білім ошағында вакцина қабылдағандар үшін термопаркке 150 абонемент тосынсый ойнатылады.
Тосынсый демекші, бұған дейін вакцина қабылдаған он шақты қостанайлық тамыз айының басында су жаңа iРhone 12 ұтып алған еді. Жеңімпаздарды облыстық денсаулық сақтау басқармасы автоматты таңдау жүйесі арқылы анықтаған. Енді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов 1 тамыздан қазан айына дейін екпе алған тұрғындардың су жаңа жеңіл көлік ұтып алуға мүмкіндіктері бар екенін айтып отыр. Ал осы су жаңа көлікті шығаратын «Сарыарқаавтопром» серіктестігі індетке қарсы вакцина қабылдаған жұмысшыларын «Сосновый бор» шипажайына демалысқа жіберіп жатыр.
Қостанай облысы