Әдебиет • 15 Тамыз, 2021

Көркем кеңістік

788 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Көркем кеңістік

Еуразия ұлттық университетінің магистратурасында оқып жүрген кезім еді. Курстасым, жас жазушы Арман Әлменбет: «Тұрсын Жұртбайдың дәрісіне қатысасыз ба? Ағадан апта аралатып дәріс тыңдап жүрміз» деді. Көз алдыма өткен ғасырдың алпысыншы жылдары мен алып жазушы Мұхтар Әуезовтің дәрісіне қатысатын жас­­тар елестей қалды. Оның алдын­да да тобымыздағы жастардың Тұрсын Жұртбайдың дәрісін сүйсіне әңгімелегенін естіп, олардың сегіз қырлы, бір сырлы қаламгерді сонша құрметтейтініне риза болып жүргем. Арманға келесі дәрісіне қатысатынымды айттым. Дара қаламгерге тән өзге­ше ой өрнектерін, толымды тұжы­рым­дарын ең алғаш жүзбе-жүз отырып тыңдаған кезім сол екен. Жасандылықтан, жарамсақтықтан ада, азаматтық, қаламгерлік бе­рік ұстанымы бар, кескін-кейпі шы­найы қадірлі ағамыз бүгін қазыналы керуенін жетпіс дейтін белеске шөгеріп отыр.

Қазіргі «көп әріпті» жақтырт­­­пайтын ұрпақтың өлшемімен, көзқарасымен алсаң, бұл кісінің еңбегі нағыз жанкештілік. Адамның түсіне кіріп, қиялына келмейтін және ешқашан елестете алмайтын орасан зор еңбек. Бір адамның сөз өнерінің барлық жанрында еңбектенуі ғажап құбылыс. Ақын ретінде танылып, жазушы боп қалыптасып, кемеліне келгенде ғылыми ізденістерімен қоғам назарын аударған үлкен тұлға әрбір еңбегімен қазақ әдебиетіне олжа салды десек қателеспейміз. Бірде мен ол кісінің шығармашылық лабораториясы туралы сұрап, «ғылым мен әдебиет екеуі екі түрлі сала ғой. Ғылыми еңбекті қандай тәсілмен жазасыз?» деген ыңғайдағы сұрақ қойдым. Сонда ғалым біраз ойланып болған соң: «Мен үшін, менің жеке шығармашылық ішкі кеңістігім – көркем шығарма, ғылыми шығарма, деректі шығарма, публицистика деп бөлінбейді. Өйткені олардың барлығы да бір көзқарастың, бір көркем ұстанымның, бір ішкі көркем шешімдердің нәтижесі. Ғылыми көпшілік шығарма да, көркем шығарма да менің жанымды бірдей тебірентеді. Оны оқыған адам – екі сала, екі жанр ре­тінде қабылдағанымен де, өз қа­ла­мымның ұшынан туған дүниелер бір жүрекке жалғасқан, бір жүрекке құятын екі тамыр сияқты» – деп жауап берді. Ғылымды айды айға, жылды жылдарға жалғап мұрағат қопаратын, күні-түні мехнатты бейнет кешіп, саусағы жазудан сүйел болған осындай нағыз шығармашылық адамдары жасайтынын сол кезде түсінгендей болдым. Өйткені Тұрсын Жұрт­байдың ғылыми еңбектерін қарап отырсақ, ғылым дегеніміз – қатып қалған қасаңдық, ой қайталау, әр жерден үзіп-жұлып алған пікірлерді бір-бірімен жалғап, қа­лың кітаптар шығару емес. Кері­сінше, ғылым дегеніміз – әр еңбекке қызығушылықпен, ыж­дағаттылықпен, табандылықпен тер төгіп, ғылыми ой айтуға, проблема көтеруге ұмтылу. «Дулыға», «Күйесің, жүрек, сүйесің», «Бесі­гіңді түзе», «Ұраным – Алаш» сынды еңбектердің алаш баласының жадында жатталып, жүрегіне жету себебі – нағыз қаламгердің жүрегін жарып шығуында. Әсіресе, оның «Ұраным – Алаш» атты іргелі зерттеу еңбегі алаш зиялыларының шерлі тағдырын қопара, індете зерттеп, олардың арман-аңсарларын, мақсат-мұратын болашаққа жет­кізіп, біртұтас алаш идеясының тұжы­рымдамасын жасауымен құн­ды.

 Қазақтың қолына қалам ұстаған арда ұлдарының Абайды айналып өткені жоқ. Соның ішінде Тұрсын Жұртбайдың «Сүйесің, жүрек, күйесің» еңбегінің маңызы зор. Тәуелсіз сананың қуаты тудырған зерттеудің жаңалығы – жаңашылдығында. «Танымға таптаурын із жараспайды» дейтін ғалым Абайдың шығармашылық ғұмырын өзінше зерттейді, «қазақ ұлтының дүние жүзілік Парасат майданына шығарған ұлы тұлғасы – Абай» екенін байыппен жария­лап, оның дүниетанымындағы болашаққа жол бастап тұрған жасампаз ойларды тиянақтайды.

 Тұрсын Жұртбай есімі қара сөздің қаймағы – проза саласында да елеулі, соқталы. Он бес жа­­сынан бастап сөз өнерімен әуес­тенген қаламгердің прозалық шы­ғармаларындағы нәзік лирика жан-жүрегіңді тербейді. Басқаларын айтпай-ақ, «Бір уыс жусан» кітабының ішіне кірген шы­ғармалардан жазушының ерек­ше сөз саптауын танисың. Керуендей жүйткіген уақытқа, адам­ның өтпелі ғұмырына, мың бояу­лы тіршілікке көзқарасын көресің. Жан әлдилейтін тәтті мұң­ның, өзекті өртейтін өкініштің, сап-сары сағыныштың, баянсыз махаббаттың, жоғалтулардың, көз жасының ащы салмағын сезгендей боласың. Өлшеп берілген өмірдің қас-қағымда өте шығуы мүмкін екенін ойлап, өлім дейтін ащы шындықпен кездескендей, соған көзіңді де, көңіліңді де үйреткендей сезім кешесің. Әсіресе, «Бір уыс жусан» элегиясындағы қамқор ағаның аяулы қарындастың рухымен, елес-бейнесімен сырласуы адам жүрегіне бәрі сыятынын айшықтап тұр. «Жүрек дегеніңіздің өзі екі дүниені жалғап тұрған өткел сияқты екен» деп ой қорытасың. Рас, әңгіменің формасы өзгеше, бірақ жазушы дәл осындай қалыпта жазуды мақсат етпегені байқалады. Көңілді тербеп, қалам ұшынан төгілген ой ағынымен өткен шақ пен осы шақты жалғап, ерекше қимас сезіммен қарындас бейнесін жарқырата ашқан. Асыл жанның шыр етіп жарық дүниеге келген сәтінен бастап, келместің кемесіне мінген сәтіне дейін аға­ның көз алдында, көңілінде сақ­таулы. Аурухана төсегінде жа­тып алдыртқан бір уыс жусан ке­йіпкерді рухтар әлемімен байланыстыра алады. Бір уыс жусан дәл осы әңгімеде өткеніміз бен бүгінімізді жалғап тұр, ол қазақы болмысымыздың коды сияқты. Қарындас рухымен сырласқанда ағаның қара тақтаға бормен жазыл­ған жазуды көретін жері бар: «Егер өмірдегі орныңды іздесең, онда өткеніңді жүрегіңде сақта, кейін шаршағанда тыныққан қара тасты да сағынасың».

Ғұмырын шығармашылықтың ауыр да азапты, қызығы мен шыжығы аралас жолына арнаған дара қаламгердің көркемдік әлемі кез-келген ынталы оқырманды магниттей тартып тұрады. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, жүрек­тен шыққан туынды ғана жүрекке жетпек. Шынайылық, ойлылық, таным көкжиегінің кеңдігі, өзі таңдаған тақырыпта кең көсіліп жаза алу, жазған сайын тақырыпты жаңа қырынан ашу – бұл да Тұрсын Жұртбайға тән қасиет. Ол осы қасиетімен, даралығымен қазақ көркем сөзінің, қазақ ғылымының биігінде жұлдыздай жарқырап тұр.