Мамандығы мұғалім Ақерке осы уақытқа дейін аудан орталығы Сарыкемер мектеп-гимназиясында еңбек етіпті. Алайда отбасылық жағдайына байланысты жұмыстан шыққан ол енді бос отырмай, интернеттен үй жағдайында иіс сабынды қалай жасауға болатынын үйрететін бейнебаяндарды көріп, сабын жасаудың технологиясын үйреніп шыққан. Сонымен қатар ол аталған кәсіпті теориялық жағынан да меңгеріп, практикалық тәжірибе жинақтауға кіріскен. Әуелі өнім шығаруға жұмсалатын қажетті шикізатты тапсырыспен онлайн жеткізуші арқылы сатып алыпты.
«Интернеттің белсенді пайдаланушысымын. Instagram парақшамда 32 мың оқырманым бар. Алғашқы тапсырысым осы әлеуметтік желі арқылы келіп түсті. Қай кәсіпті бастау үшін де қаражат қажет екені белгілі. Алғашында кәсібімді бастау үшін шамамен 50 мың теңге, кейін тағы 200 мың теңге жұмсадым. Интернет арқылы шикізаттарды Ресей мемлекеті мен еліміздің Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан арнайы тапсырыспен сатып алдым», дейді А.Нұрышова.
Қазіргі кезде Ресейден жеткізілетін шикізаттың бір килограмы 1 850 теңге тұрады екен. Бір кг шикізатқа мөлшерімен су, хош иістендіргіш, бояғыштар және эфир майларын қосқанда шамамен одан 80 г болатын сабынның 18-20 данасын өндіруге болады. Сабынды түрлі пішінді етіп шығару үшін сұйықтық арнайы формаларға құйылады.
«Сабынды түрлі-түсті етіп, түрлі қаптамада және түрлі пішінде жасаймын. Барлығы да тапсырыс берушінің талғамы мен қалауына байланысты. Мәселен, бесікте жатқан сәби, «қанатты періште сәби», түрлі-түсті көліктер және құс, аю мен сан түрлі гүлдер пішінді сабынға сұраныс көп. Дайын өнімді Атырау, Өскемен және тағы да басқа қалаларға тұрақты түрде жіберіп тұрамын», дейді көпбалалы кәсіпкер.
Сондай-ақ ол жуырда ғана Оңтүстік Корея мемлекетінен арнайы тапсырыс қабылдап, 30 дана сабын жіберіпті. Оның айтуынша, барлық тұтынушы бұл сабын өніміне қызығушылық танытып, өнімнің сапасына ризашылықтарын білдіруде. Ендігі кезекте кәсіпкер Тараз қаласындағы бірнеше монша иелерінің тапсырысын орындап жатқанын жеткізді.
Ақерке алдағы уақыттарда жеке кәсіпкерлігін заңдастырып, кір сабын шығаруды мақсат етіп отыр. Бұл үшін өнім өндіруге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз грантты және төмен пайызды несие алуды да жоспарлап қойыпты. Оның айтуынша, арнайы құрал-жабдықтың көмегімен бір сағатта 100 дана сабын шығаруға болады екен.
Жамбыл облысы