Мәселен, науқастың туысы Наталья Соборнова Өзбекстан мемлекетінен шығарылатын «Ремдесса» препараты Тараз қаласындағы дәріханаларда болмағандықтан, оны бөлім меңгерушісіне қоңырау шалып сұраған. «Бұл препарат еш жерде жоқ. Бізде бұл препараттың 1 бөтелкесі 19 мың теңге тұрады. Ал бір курс алу үшін осының алтауы керек. Жаңа хаттамаға сәйкес, егер мемлекет коронавирус індетін жұқтырған науқастарды емдесе, бұл дәрілер де ауруханаларда болуы керек», дейді ол.
Сондай-ақ шағымданушы дәрі-дәрмектің тегін берілуі керек екенін білгенше аталған дәріні ұзақ уақыт іздеген. Енді Тараз қаласындағы ауруханаға ауыр жағдайда түскен басқа науқастардың туыстарынан да шағымдар түсіп жатыр екен.
Дегенмен аталған мәселеге байланысты Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы да пікір білдіріп, барлық дәрі-дәрмектің қоймаларда жеткілікті екенін мәлімдеді.
«Бізде «Ремдесивир», «Метилпреднизолон» препараттары жеткілікті мөлшерде бар. Қазіргі уақытта «Метипреднизолон» 2 800 данадан асады, ал «Ремдесивир» дәрісінен 1 924 бөтелке бар. Сондықтан бұл препараттардан тапшылық көріп отырған жоқпыз», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Гүлжазира Ибрагимова.
Алдағы уақыттарда аталған басқарма тарапынан бұл жағдайға байланысты тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар басқарма емделушілерден шағымдарында дәрі-дәрмек сатып алуға мәжбүрлейтін дәрігерлердің нақты аты-жөнін көрсетуді де сұрап отыр.
Жамбыл облысы