Қырық төрт жылмен түйінделген қысқа ғұмырында қырықтан астам кітап жазып, әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеген ақиық ақын шығармашылығының тұтас бір бөлігі туған жерін жырлауға арналғанын оқырман жақсы біледі.
Қылқалам шеберінің алуан түрлі бояумен салған суретіндей, туған жерін, елінің тау-тасын, өзен-көлін, тіршіліктің оянуын, жыл мезгілдерінің сұлулығын қаламы да, қанаты да талмай жырлаған ақын өзін табиғаттың, туған жерінің ажырамас бір бөлшегі ретінде сезінгендігінде дау жоқ. Қалықтаған қиял жетегінде жүріп үлкен арманға құлаш ұрған бала Ілиястың ақындық талабының ұшталуына қасиетті құт мекенінің игі әсері болғаны сөзсіз. Табиғат тынысын тамырымен сезінген талантты ақынды қадір тұтар ауылдастары оның тасқа қашалған көркем бейнесін табиғат аясына, тау бөктеріне таяу орналастыруы да осы пайымнан туса керек. Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кентінің сыртындағы тоғыз жолдың торабына қойылған «Бала Ілияс» атты қоладан құйылған ескерткіш ұлы ақын есімін ұлықтап, рухына тағзым жасауға қосылған сүбелі еңбек.
Қолында жартылай ашылған кітабы бар жасөспірім Ілияс Ақсудың жағасындағы құшақ жетпес қойтастың үстінде қиялға батып, дамылдап отыр. Ат жақ, қыран қабақ бозбаланың алысқа қадаған көзқарасы табиғатпен оңаша тілдесіп, оған сыр ақтарып отырғандай, қияға самғағысы келетін ішкі ойынан хабар беріп, білімге құштар өршіл рухын байқатады. Қарсы алдына келген адамның қамыққан көңілінің мұңымен бөлісуге даяр пейілдің қамқорлығы да сезіледі. Жап-жас Ілияс осы уақыттың құрдасындай, ұрпағының замандасындай еркін келіп, еркелеуге шақырып тұр.
Ескерткішке байқау жарияланған күннен бастап даярлық жұмысы мұқият жүзеге асырылды. Көп жұмыстың ішінен Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Қазбек Дулатовтың жобасы іріктеліп алынды. Ол Жансүгіровтегі Ілияс ақынның гранит мүсінінің, Бөрібай батыр ескерткіштерінің де авторы. Ескерткішке Жансүгіровтер отбасымен бірге, Сабыр Қадырұлы, Диас Қасымов, Ермек Тайыншабайұлы сияқты Ақсу ауданының белді кәсіпкерлері демеушілік жасады.
«Зер салып қарасақ, қазақтың ұлы адамдарының бала кезіндегі ескерткіштері жоққа тән екен. Шетел, орыс тұлғаларында бар. Осы мүсінді орнатарда, ел ұлы адамдардың да балалық шағының болғанын білсін, жас балалар еліктеп өссін деген ойды мақсат тұттық. Қазір «Елбасы медалі» атты бағдарламаға қатысып жүрген ерікті оқушылар ескерткіш айналасына гүл егіп, әрі-бері өткен туристерге Ілияс атамыз туралы, Бөрібай батыр туралы ақпараттар беріп, ақын өлеңдерін оқып беріп жүр» дейді идея авторы Берікбол Қасымов.
Ел ішінде індеттің белең алып тұрғанына байланысты ескерткіштің ресми түрдегі ашылу салтанаты болмаса да, бүгінде «Бала Ілиястың» айналасы қара жолдың бойында ерсілі-қарсылы сапарлаған жолаушылардан, алыстан ат арытып арнайы көруге келген адамдардан арылмайтын болды. Бірте-бірте аудан ішіндегі өлеңге әуес, жырға құмар жеткіншек жас ақындардың жиі бас қосатын әдеби алаңқайына айналып келеді. Ал өткен сенбіде «Бала Ілияс» ескерткішінің жанында Ілияс Жансүгіровке арналған жыр кеші өтті. «Ақын рухына тағзым» деп аталатын кешке Талдықорған қаласынан жас прозаик Есболат Айдабосын, Сағыныш Намазшамова, Жангелді Немеребаев, Гүлбақыт Қасен, Жомарт Игіман бастаған Жетісудың бір топ шайырлары баба рухына бас иіп, құрмет көрсетті.
Ақсулық ел ағалары арнайы келген ақындарды құшақ жайып қарсы алып, алғыстарын білдірді. Поэзия кешіне келгендердің ішінде әртүрлі деңгейдегі лауазым иелері болса да, мұнда бәрі тек Ілияс ақынның ізбасарлары, поэзия жанашырлары есебінде қатысты. Шектеу шараларын сақтай отырып келген ақындар өздерімен бірге гүл көшеттерін әкеліп, оны әуелі ескерткіш айналасына отырғызып, соңыра ақын аталарын құшақтап суретке түсті. Ауыл ағалары тарапынан әдеби кештің алғысөзі айтылған соң жаздың қоңыр желімен бірге ескен қоңырау жырдың тиегі ағытылды. Жергілікті ақындар Раушан Нұршабаева, Нұрдан Айнақұлова, Ербол Сымханов сияқты ақындар жыр шашуын шашып, ұлы бабалары туралы естеліктерімен бөлісті. Мәдениет басқармасы тарапынан Бөрібай батыр қорына Ілияс Жансүгіровтың 20 томдық жинағы тарту етілді. Өз кезегінде қатысушыларға арнайы жасалған Ілияс ақынның төсбелгісі таратылып, өлке тынысымен танысқан жас қаламгерлер басқосудан рухани нәр алып, серпіліп қайтты