Әлем • 17 Тамыз, 2021

«Дельта» штамы дес бермей тұр

202 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әлемдегі коронавирус пандемиясы қайта қарқын алып барады. Маусымның ортасында індет жұқтырғандар саны азайғандай көрінген. Бірақ шілдеден бастап науқастар саны күннен-күнге көбейе түсті.

«Дельта» штамы дес бермей тұр

Осылайша, жер-жаһанда «жаман тұмауды» жұқтырғандар саны 208 миллион адамға жетті. Өкінішке қарай, соның 4,3 мил­лионы бақиға аттанды. Қазіргі таңда індет жұқтырғандар бо­йынша АҚШ тізімнің басында тұр. Бүгінге дейін аталған елде 37,5 миллион адам қауіпті дерттің тырнағына іліккен. 637 мың адам қайтыс болған.

Мұхиттың арғы бетінде жаппай вакцина салдыру нәтижесінде елдегі эпидемиялық ахуал тұрақ­тан­ғандай көрінген. Бірақ екпеге сен­бейтіндердің кесірінен ауыр­ғандар саны қайта көбейіп барады.

АҚШ денсаулық сақтау жө­нін­дегі ұлттық институтының дирек­торы Фрэнсис Коллинз панде­мияның одан әрі өршуі мүмкін екенін айтып отыр. Оның болжа­мына сүйенсек, алдағы уақыт­та АҚШ-та күніне 200 мың адам вирус жұқтыруы мүмкін. Қазір­гі таңда елдегі індет жұқтыру көр­сеткіші 120 мың шамасында тұр. Бұл шілденің басындағы көрсеткіштен 7 есе көп.

«Алдағы екі аптада күніне 200 000 адам науқастануы мүм­кін. Мұндай жағдайға қайта келе­тінімізді ойламағанымызды ескерсек, жүрегіміз ауырады. Осы орайда, вакцина салдырмаған аме­ри­калықтарды екпе алуға шақы­ра­мын. Біз тамызда емес, қаңтар, ақпанда вакцина салдыруды аяқ­тап қоюымыз керек еді. Өкінішке қарай, «Дельта» штамы кең тарап, екпе алмаған 90 миллион адамға қауіп төндіріп тұр», дейді Ф.Кол­линз.

«Коронавирустың отаны» атан­ған Қытай бұған дейін індетті ауыз­дықтағандай көрінген. Бірақ мұнда да «Дельта» штамы дес бермей ба­­рады. Былтыр Бейжің билігі ішкі жал­­­пы өнім көлемі өскенін мәлім­де­ген. Бірақ вирустың жаңа түрі ел эко­но­микасын бәсеңдететін тү­рі бар.

Қазірдің өзінде Қытай эконо­микасының өсуі баяулап қалды. Мысалы, шілдеде сауда-саттық 8,5 пайызға өскен. Бұл былтырғы осы уақытқа қарағанда көп. Ал маусымда сауда-саттық 12,1 пайызға өскенін ескерсек, жаңа штамның зияны анық аңғарылады.

«Дельта» штамының таралуы­на бай­ланысты Қытайда шектеу шара­лары күшейтіле бастады. Сон­дай-ақ елде 18 жасқа дейінгі ба­лаларға да вакцина салу белсен­ді жүргізіліп жатыр. Коронавирус вакцинасының 60 миллионнан астам дозасы 12 жастан 17 жас­қа дейінгі жасөспірімдерге үлес­тірілді. Бұл туралы ҚХР Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы хабарлады. Балаларға Sinovac және Sinopharm компанияларының препараттары салынады. Sinopharm фармацевтикалық концерні өзінің вакцинасын үш жастан асқан балаларға сынаудың бірінші кезеңін өткізіп үлгерді. Компания сәбилерге арналған препарат қауіпсіз деп мәлімдеді.

Аустралияда бірнеше күн қата­рынан коронавирустық инфекция жұқтыру санының рекорд­тық өсуі тіркелді. Ел билігі сани­тарлық шектеулерді күшейтті. Аустралияның ең үлкен қаласы Сиднейде науқастар саны ұлғайды. Мельбурнде түнгі коменданттық сағат енгізіліп, індеттің өршуіне байланысты шаһардағы локдаун тағы екі аптаға ұзартылды.

Қатарынан үшінші апта қатаң шектеу шаралары жарияланған Сид­нейде коронавирустың үшін­ші толқыны жүріп жатыр. Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының пре­мьер-министрі Глэдис Бере­жик­лиан Сиднейде соңғы тәулікте ін­дет­тен жеті адам қайтыс болға­нын мәлімдеді. Бұл – осы айдағы антирекорд.

Бережиклианның айтуынша, Жаңа Оңтүстік Уэльсте 478 адам­ның дертке шалдыққаны анық­талды. Бұл да пандемия бастал­ғаннан бергі бір күндегі ең жоғары көрсеткіш. «Дельта» штамының қаупі жас талғамайды. Мәселен, Сидней билігі коронавирусқа шалдыққан 15 жастағы баланың қаза тапқанын растады.

Сиднейде локдаунды сақта­ма­ғаны үшін айыппұл көлемі көбей­тілді. Үйден 5 км-ден астам қа­шық­тыққа себепсіз кетіп қалған тұрғындар 5 мың аустралия дол­лары көлемінде айыппұл тө­лейді. Полицейлермен қатар, мега­по­листе 800 әскери қызметші ере­желердің сақталуын бақылайды.

Моңғолияда Денсаулық сақ­тау министрлігі коронавирус жұқтырудың 180 мыңнан астам рас­талған жағдайы тіркелгенін хабарлады. Соңғы тәулікте 6530 ПТР-тестілеу өткізілген. Соның
1 402-і оң нәтиже берді. 9080 пациент медициналық мекемелерде емде­ліп жатыр. 191 науқастың жағ­дайы өте ауыр. Бұдан бөлек тағы 2 953 адам –  ауыр жағдайда. Жалпы­ұлттық вакциналау науқанында ересек тұрғындардың кем дегенде
60 пайызына екпе салынады.

Иран Ислам Республикасының билігі коронавирустың таралуына қарсы күрес аясында бүкіл ел бойынша алты күндік локдаун енгізді. Үкімет індеттің бесінші толқынын жариялады. Иранда келесі аптада кезектен тыс демалыс белгіленді. Сонымен қатар коронавирустық жағдайдың ушығуына байланысты провинциялар арасында жүріп-тұруға екі апталық тыйым жарияланды.

Францияда коронавирусқа қарсы вакциналауды немесе теріс ПТР-тестін растайтын «санитарлық рұқсат беру» жүйесі қалпына келтірілді. Жүйедегі ақау 13 тамызда жұма күні анықталды. Бұған SI-DEP порталы серверлерінің шамадан тыс жүктелуі себеп болған.

Вьетнамның ең ірі қаласы – Хо­шимин әкімшілігі қатаң шектеу ша­раларын бір айға ұзартты. Қо­ғамдық орындарда адамдар­дың жиналуына тыйым салу, дәрі-дәрмек, азық-түлік және бірін­ші кезекте қажетті тауарлар­дан басқаны саудалайтын сау­да кәсіпорындарының жұмы­сын тоқтату тәрізді шаралар қабыл­данды. Қала тұрғындарына аса қажет болмаса өз үйлерінен шық­пауға нұсқау берілді.

Филиппинде коронавирустың жаңа жағдайларының саны бо­йын­ша антирекорд тіркелді. Осы­лайша, бір күнде 14 749 адамның науқастанғаны анықталды.

Израиль премьер-министрі Нафтали Беннет 50 жастан асқан тұрғындарды тезірек үдете вакцина ектіріп, Pfizer-дің үшінші дозасын алуға шақырды. Вакциналау қарқынын тоқтатпау үшін екпе салатын орталықтар шабат діни рәсіміне қарамастан, тәулік бойы, аптасына жеті күн жұмыс істейді. Сенбіде діни дәстүрлер бойынша еврейлерге жұмыстан бас тартуға нұсқау беріледі.

Токиода Паралимпиада ойын­дарының ашылуы қарсаңында эпиде­миялық жағдай ушықты. Жаз­ғы Паралимпиада 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді. Со­нымен қатар ел астанасында бір тәулік ішінде 4 989 жаңа жағ­дай анықталды. Сарапшылар коро­навирусқа қатысты жағдай бақылаудан шықққанын айтады. Жапония билігі денсаулық сақтау саласына құлдырау қаупі төніп тұр деп алаңдайды. Токиода
1 қыркүйекке дейін төтенше жағдай режімі жарияланды.

Ресейде коронавирустан көз жұмудың антирекордтық көрсет­кіші тіркелді. Өткен тәулікте вирус жұқтырған 815 науқас қайтыс болды. Бұл – 2020 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. SARS-CoV-2 – ден қайтыс болу деректерінің басым бөлігі Мәскеуде тіркелді. Шаһарда күніне 59 адам о дүниеге аттанады. Өткен тәулікте инфек­ция жұқ­тырудың 22277 жағ­дайы анық­талды. Эпидемия бас­талғаннан бері Ресейде SARS-CoV-2 вирусы 6 557 068 адамнан табылды. Өлім-жітімнің жалпы саны 168 864-ке жетті.

Германияда індетке шалды­ғу­дың апталық көрсеткіші соңғы тәулікте 100 мың тұрғынға шаққан­да 27,6-дан 30,1-ге дейін ұлғай­ды. Жалпы, вирус 3 810 641 адам­ның бойынан анықталды. Коро­навирустық пандемия басталғалы 91 853 адам қайтыс болған.

Ұлыбритания Денсаулық сақ­тау басқармасы 23 тамыздан бастап 16-17 жастағы жасөспірімдердің бәріне вакцина салуды бастайтынын мәлімдеді. Денсаулық сақтау хатшысы Саджид Джавидтің айтуын­ша, жасөспірімдерге қыркүйек айын­да мектеп қайта ашылғанға дейін иммунитет қалыптастыруға екі апта мүмкіндік берілмек.

Джавид екпе алған он мыңдаған жастарға алғысын білдірді.

«Еліміз бойынша коро­на­ви­русқа қарсы ұжымдық иммунитетті құруға көмектескендеріңіз үшін рахмет!», деді ол. Сондай-ақ екпе алмағандарды вакцина салдыруға шақырды.

«Өтінемін, кешіктірмеңіз. Те­зірек вакцина алыңыз, сонда вирус­тан қорықпай, қалыпты өмірімізді жалғастыра аламыз», дейді ол. Үкімет NHS-пен «вакцинаны алу­ды мүмкіндігінше жеңілдету үшін» тығыз жұмыс жасайтынын мәлімдеді. Гонконг үкіметі 20 тамыздан бас­тап АҚШ, Испания және Фран­ция секілді 15 мемлекетті «орташа қауіптен» «жоғары тәуекел» деңгейіне көтеретінін айтты. Яғни бұл елдерден келген меймандар карантинде ұзағырақ отырады.

Үкімет Бангладеш, Камбоджа, Франция, Грекия, Иран, Малайзия, Нидерланд, Испания, Шри-Ланка, Швейцария, Танзания, Таиланд, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері мен АҚШ-тан келгендердің бар­лығы жаңа шектеулерге ұшырай­тынын жеткізді.

Гонконгта бүкіл әлем бойынша ең қатаң талаптар қойылған. «Қаупі жоғары» елдерден келгендер міндетті түрде 21 күн карантинде болуға тиіс. Тіпті вакцина алса да бәрібір.