Экономика • 17 Тамыз, 2021

Қалдықты кәдеге жаратып отыр

286 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазхромның» құрамындағы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының төртінші балқыту цехында заманауи аспирациялық жабдықтарды орнату жұмыстары аяқталды. Жаңа жүйе шаң-тозаңды жинап алады. Кейін одан арнайы брикеттер жасалады. Осылайша, қалдықтың өзі кәдеге жаратылып, өндіріске кері қайтарылады.

Қалдықты кәдеге жаратып отыр

ERG-дің экологиялық стратегиясы аясында Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жаңа 63 аспирациялық-техникалық қондырғы орнату және 4 шаң ұстау жүйесін қайта жасақтау жобасын жүзеге асырып жатыр. Немістің сапалы жаңа жабдығы шаңды барынша тиянақты тазалайтын көрінеді. Яғни жаңа қондырғылар бұрынғыдан әлдеқайда күшті әрі тиімді. Бұған дейінгі шаңды қармау көрсеткіштері жылына 28 мың тоннаны құраса, жаңа сүзгілердің қуаты жылына 40 мың тоннаға дейін же­теді. Жалпы аталған экологиялық жобаға компания 740 млн теңгеден аса қаражат жұмсаған.

– Бұл жоба – зауыттың сүзгі жүйесін жаңғырту, қоршаған ортаны қорғау және өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға бағытталған кезекті қадамы. Біз өндіріске тек үздік технологияларды кезең-кезеңмен енгізіп келеміз. Қала тұрғындары да алаңдаулы. Бәрін түсінеміз. Сондықтан жұмыстың барысы туралы хабарлап отырамыз. Жабдықтар өте тиімді әрі сенімді. Оны пайдалану да қарапайым, – дейді Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Жалғас Мұсабеков.

Оның айтуынша, құрылғы халықаралық сапа сертификатына ие және қоршаған ортаны қорғау мен ауаны ластамау жөніндегі еуропалық талаптарға сай келеді. Жаңа сүзгілер қалдық тозаңы шекті рұқсат етілген концентрацияның 30 пайызынан кем болатын қатты бөлшектерді ұстап қалуға қауқарлы. Бұдан бөлек, қажетсіз материалды сақтау мәселесі де шешіледі. Әзірленген бағдарламаға сәйкес, жаңа жабдық қармап қалған барлық шаң-тозаң брэкс өндіретін арнайы учаскеге жіберіледі. Нәтижесінде, өндіріске жарамды жаңа материал алынбақ. Маңыз­дысы, енді аспирациялық жабдық цехтағы жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсар­тып, сусымалы материалды тасымалдау кезінде ауаны бүлдірмейтін болды.

Күрделі экономикалық кезеңге қара­мастан, «Қазхром» экологиялық іс-шара­ларға жұмсалатын шығындарды қысқарт­пағанын білеміз. Керісінше, соманы ба­рынша арттырды. Мәселен, 2020 жылы «Қаз­хромның» барлық филиалы қорша­ған ортаға кері әсерді төмендететін іс-шара­ларға 20 млрд теңгеден аса қаражат жұм­саған. Компания Еуропа мен Ресейдің тәжі­ри­бесіне сүйене отырып, 2030 жылға де­йін ең озық қолжетімді технологияларды ен­гізу бағдар­ламасын әзірлеген. Оны жү­­­зеге асыру үшін шамамен 48 млрд тең­­ге жұм­салмақ. Қатты қалдықтардың шы­­ға­­рын­дылары 40 пайызға азаяды деп күтілуде.

– Компания қоршаған ортаға жауап­кершілікпен қарайды. Бұған компания­ның эко­логиялық акциялары мен бағдарла­ма­лары дәлел. Қазір Ақтөбе зауытының бірін­ші және екінші балқыту цехтарын жаң­ғырту және қайта құру жобасы қолға алын­ды. Мұның нәтижесінде атмосфераға де­ген кері ықпал күрт азаяды. Сонымен қатар қал­дықтарды өңдеуге баса назар ауда­рамыз. Еуразиялық топтың ішінен ERG Recyc­ling компаниясы құрылды. Ол кә­сіп­орын өндірісінің қалдықтарын өң­деу­ге бағдарланған. Былтыр Ақтөбе ферро­қорытпа зауытында газ тазалау құ­рыл­ғысы қармаған шаңнан брикет жасау цехы іске қосылды. Бұдан бөлек, жылына тұрақ­талған және қабыршық қождың 200 мың тоннасы қайта өңделеді. Зауыт үшін­ші жыл қатарынан тазартылған ферро­хромнан бөлінген қожды өңдеп жа­тыр, – дейді «Қазхром» трансұлттық ком­па­ниясының бас экологы Светлана Мащенко.