TOKYO2020 • 17 Тамыз, 2021

Токио Олимпиадасының жүлдегерлеріне пәтер берілді

373 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың ауыр атлетикадан жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Зульфия Чиншанло мен Игорь Сонды қабылдады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Токио Олимпиадасының жүлдегерлеріне пәтер берілді

Облыс әкімі спортшыларды Олимпиададағы жетістігімен құттықтап,  барлық қажетті мемлекеттік қолдау тұрақты түрде көрсетілетінін айтты.

«Біз өз тарапымыздан көмектесуді және қолдауды жалғастырамыз. Бүгін мен сіздерді жетісулықтар атынан елеулі жеңіспен құттықтаймын және жаңа спорт шыңдарын бағындыруларыңызға тілектеспін», деген Амандық Баталов спортшыларға облыс әкімінің құрмет грамотасы мен пәтер кілтін табыс етті.

1

Зульфия Чиншанло үш бөлмелі пәтердің, ал Игорь Сон екі бөлмелі пәтердің кілтін алды. Спортшылардың жаттықтырушылары да марапатталды. Оларға әрқайсысына 2 миллион теңгелік ақша сертификаттары табыс етілді.

Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, ауыр атлетикадан 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Игорь Сон спортшыларға көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін алғысын білдірді.

«Спортшыларға барлық жағынан көрсеткен көмегі үшін ел Президентіне шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз өз тарапымыздан сеніміңізді ақтауға бар күшімізді саламыз. Алда Азия ойындары. Жоғары марапаттарға ие болу үшін белсенді түрде дайындалатын боламыз», деді ол.

2

ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Игорь Сонның жаттықтырушысы Владимир Седов та ризашылығын білдірді.

«Мен 13 жыл бойы спорт интернатында жаттықтырушы болып жұмыс істеп келемін. Енді Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған тағы екі тәрбиеленушім бар. Біріншісі - Карина Горичева, қазір Игорь. Мен бұған өте қуаныштымын. Жаттықтырушылар атынан спортшыларымызға жасалған жағдай үшін алғыс айтқым келеді. Біз елге және аймаққа медаль әкелу үшін, нәтиже үшін жұмысты жалғастырамыз», деді ол.  

3

«Біз жақында Орталық Азияда баламасы жоқ олимпиадалық бассейнді пайдалануға бердік. Қазірдің өзінде оған 850-ге жуық бала жүзуге жазылды. Болашақта олардың көбі бізді жетістігімен, жеңісімен қуантады деп ойлаймын. Елбасының республикада 100 спорттық-сауықтыру орталығын салу туралы тапсырмасына сәйкес, облыста 13 спорттық-сауықтыру орталығы пайдалануға берілді. Тағы 5-еуі жақында беріледі. олардың біреуі шалғайдағы Балқаш өңірінде. Қазірдің өзінде пайдалануға дайын. Бұл ретте біз спорт ғимараттарын, материалдық-техникалық базаны реттеуге ерекше назар аударамыз. Бұның бәрі бұқаралық спортты дамытуға және жаңа таланттарды анықтауға ықпал етіп, нәтиже береді», деп қорытындылады кездесуді облыс әкімі Амандық Баталов.