Экономика • 17 Тамыз, 2021

Банк секторында жарты жылда не өзгерді?

529 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Отандық банктер ел азаматтарына несие беруді аса қарқынды жалғастырып жатыр. Алғашқы жартыжылдықтың өзінде 9,3 трлн теңге несие беріліпті. Оның 54 пайызын корпоративтік сектордың займдары құрайды екен.

Банк секторында жарты жылда не өзгерді?

Қанша банк нарықтан кетті?

Қаржыгерлер қауым­дас­тығы сарапшыларының айтуын­ша, елдегі қиын эпиде­мия­лық жағдай және карантин шек­теу­лерінің қайта орнауы іскерлік бел­сенділікті тө­мен­детіп, қаржы ресурстарына, несие төлеміне деген сұранысқа теріс әсер етуі мүмкін. «Мұндай не­гативті ахуалдан екінші деңгейлі банктердің несие саясаты да тыс қалмайды», дейді қауымдастық сарапшылары.

Олардың пайымдауынша, инфляцияның айтарлықтай өсім көрсетуі ақша-несие саясатын одан әрі қатаңдата түсуді талап етеді. Ал бұл өз кезегінде несие ресурстарының нарықтық құнына теріс әсерін тигізбек. Яғни несие пайызы қымбаттайды. Ал бұл жеке және заңды тұлғалардың қал­та­ларына салмақ салады. Ипо­тека сегментіндегі сұраныс (+10 пайыз) пен тұтынушылық несие­нің (+14 пайыз) артуына бай­ла­нысты бөлшек займдар кө­лемі өскен.

Көптен бері әңгіме болып келе жатқан АТФБанк ақыры нарықтан кетіп тынды. Биыл
16 наурызда Jusan Bank пен АТФБанк акционерлерінің жиынында қос қаржы ұйымын біріктіру ше­шімі қабылданған еді. Енді 6 қыр­күйектен бас­тап АТФБанк-тің барлық клиент­теріне Jusan Bank қызмет көр­сет­пек. Ал жыл­дың алғашқы жартысында AsiaCredit Bank пен Capital Bank Kazakhstan лицензиясынан айы­рылды. Екеуі де пруденциялық талаптарды және өзге де міндеттемелерді орындамағаны себепті нарықтан шеттетілді. Ал Пәкістан ұлттық банкінің еншілес банкі өз еркімен нарықтан шықты. Бұрын ForteBank-ке тиесілі болған Банк Kassa Nova ақпан айында «Фридом Финанс» АҚ-ға сатылып, «Фридом Финанс Қазақстан банкі» деп қайта аталды. Нарықтан кеткен банктерді түгелдеп болсақ, өзге де жаңалықтарға кезек бере өтелік.

Цифрлық теңге қашан енгізіледі?

Жыл басында Ұлттық банк цифрлы теңгені енгізу мәселесіне тоқталған еді. Кейінірек Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев «Цифрлы теңгені енгізу қажеттілігі туралы шешім ықтимал артықшылықтар мен тәуе­кел­дерді, ақша-несие сая­саты мен қар­жылық тұрақтылыққа әсер етуді, ұлт­тық төлем жүйесіне әсер етуді ке­шенді зерттеу нәтижелері бойын­­ша қабылданады», деді. Сөй­тіп, бұл мәселе жылдың екінші жар­ты­сында шешімін таба жатар деген­ді меңзеген. ҰБ мәлімдеуінше, бұл бит­коиннің аналогы не болмаса крип­товалюта емес. Цифрлы теңге – заң­ды төлем құралы, құн өлшемі және жинақ құралы.

«Егер шешім қабылданса, цифр­лы теңге бірегей цифрлы ретті­лік (жетондар) немесе арнайы элек­т­ронды әмияндарда сақталатын элект­рон­дық жазбалар түрінде шы­ға­ры­лады. Ол заңды төлем құра­лы ретін­де кеңінен қабыл­данады және классикалық ақшаның бар­­лық функциясын орындайды. Эко­но­ми­каның барлық субъекті­лері цифр­лы теңгеге қол жеткізеді. Цифр­­лы теңгені барлық дәстүрлі тө­лем ме­ха­низм­дерінің көмегі­мен төлеу­ге және бір-бірімен қол­ма-қол ақша сияқ­ты айырбастауға бо­ла­ды. Бас­қаша айтқанда, төлем ин­тер­нетке қо­сылусыз қолжетімді бо­лады. Соны­мен қатар цифрлы тең­гені онлайн төлемдер үшін де пай­далануға болады», делінген ҰБ мәлімдемесінде.

Цифрлы ұлттық валютаның енгі­зілуімен банк шоттарына жасала­тын онлайн-аударымдар бұрынғыдан да қолжетімді бола түспек. Комис­сия­лық алымдар азайып, транзакция жедел жүзеге аса бастайды. Сарап­шы Андрей Чеботаревтің айтуын­ша, цифр­лы валютаның енгізілуі ірі ком­паниялар үшін ашықтықты қам­тамасыз етеді. Ақшаның қайдан және қашан аударылғанын анықтау қиынға түспейді. Бұл өз кезегінде қолма-қол төлем арқылы сауда жа­сап, көлеңкелі экономиканы «өр­кен­детіп» жүргендер үшін, әлбетте, аса жағымды ақпарат емес.

Банк активтері өсті ме?

Шілде айындағы жағдай бойын­­ша банк секторының жиынтық актив­­тері 34,8 трлн теңгені құраған. Қазақ­стан қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабар­лауын­ша, мұның шоттардағы қолма-қол ақша қалдықтары және бағалы қа­­ғаздар портфелінің 6 па­йызға өсуі (464 млрд теңгеге), тазар­тыл­ған қымбат металдар мен кор­рес­пон­дент­тік шоттардағы қалдық­тардың 6,8 пайызға (259 млрд теңгеге) ұлғаюымен байланысты екені айтылған.

«Екінші деңгейлі банктерде өтімділігі жоғары активтердің қоры 12,4 трлн теңгені құрайды. Бұл – жалпы активтердің 35,9 пайы­зы. Депозиттер есебінен еркін өтім­ділік­тің өсуі банктерге өз мін­детте­мелерін толық көлемде орын­дауға мүмкіндік береді», делінген агенттік хабарламасында.

Агенттік дерегінше, маусым айында банк секторының жиынтық міндеттемесі 2,2 пайызға (665 млрд теңгеге) өскен. Қазіргі кезде банктер­дің капитал қоры жеткілікті деңгейде. Алты ай қорытындысы бойынша 659,7 млрд теңге көлемінде таза табыс түскен. Бұл 2020 жылдың алты айымен салыстырғанда 76,6 па­йыз­­ға жоғары екен. Айтпақшы, төр­­тінші тоқсаннан бастап Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агент­тігі жекелеген банктер бойынша қанатқақты режімде стресс-тестілеу өткізе бастайды.

Бизнеске қанша жеңілдік жасалды?

Президенттің тікелей тапсырмасымен биыл да шағын және орта бизнеске несие төлемін кейінге шегеру көмегі ұсынылды. Бұл шара 1 сәуір мен 1 шілде аралығында жүзе­ге асты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшы­сы Мә­ди­на Әбілқасымова бұл мақсатта бюд­жеттен қосымша 18,4 млрд тең­ге бөлінгенін де айтқан еді. Сәуір-шіл­де аралығында 547 ШОБ нысаны екінші деңгейлі банктерде рәсім­деген несиесі бойынша жалпы сомасы 9,3 млрд теңгеге кейінге шегеру көмегін алыпты.

«2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағ­дай бойынша екінші дең­гей­лі банк­терге 592 ШОБ заемшы-субъек­тісінің займдары бойынша кейінге шегеру туралы өтініш келіп түскен. Солар­дың 547-сі 9,3 млрд теңгеге төлемді кейінге шегере алды. Тағы 129 ШОБ субъектісі микроқаржы ұйымдарына өтініш беріп, соның 95-сіне 102,1 млн теңгеге мақұлдау берілді», дейді агенттік төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков.

Оның айтуынша, кейінге шегеру мерзімі кезеңінде талап қою жұмыстары, мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттілігі туралы хабарлама, сондай-ақ кредитордың комиссиялық және басқа да төлемдерді алуы тоқ­татылған.

Осыған дейін Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев те бизнеске жеңілдетілген несие ұсыну туралы айтып, бірінші жартыжылдықтың өзінде осы мақсатқа 1 трлн теңге жұм­­сал­ғанын жария етіп еді. Бұл со­ма­ны 31 мыңнан аса кәсіпкер пай­далан­ған. Еске салсақ, мұндай несие тө­лемін кейінге шегеру көмегі был­тыр 16 нау­рыз – 1 қазан аралы­ғын­да ұсынылды. Оны 12,5 мың ШОБ субъектісі пайдаланып, нәтижесінде 209 млрд теңгені төлеу кейінге шегерілді.

Банктер жағдайы

Қазіргі ахуалдың қай деңгейде екенін дөп басып айту қиын, дегенмен нарықтағы өзгерістерге бейім­делу­ге тырысып жатырмыз», дейді банк басшылары.

«Ковид кезеңінде туындаған қиын­дықтарға қарамастан бірінші жарты­жылдықта 4,3 млрд теңге таза табыс түсті. 2020-ның алты айымен салыс­­тыр­ғанда 47 пайызға көп. Бұл биз­нес-про­цестерді трансформация­лау шара­ларының дер кезінде әрі сәтті жүр­гізілгенін айғақтайды. Біз сол кезде сату моделін өзгертіп, көп­те­­ген ішкі-сырт­қы сервистерді авто­мат­­тан­дырдық», дейді ВТБ Банк (Қазақ­стан) төрағасы Дмитрий Забелло.

Eurasian Bank басқарма төрағасы Валентин Морозов «Пандемия банк­тер­дегі цифрландыру қарқынын тым жеделдетіп жіберді», деген пікірде.

«Егер бір жыл бұрын цифрланды­ру кез келген банктің күн тәртібінде бірінші орында тұрады десе, ойыншы­лардың ешбірі сенбеген болар еді. Пандемия өмірдің барлық саласында, оның ішінде қаржы секторында да цифрландыру қарқынын жылдамдатты. Цифрлы банк дегеніміздің дәл бүгінгі күн үшін маңызды екенін бәрі де түсінді. Біздің банкте де бірқатар технологиялық өзгеріс орын алды. IT-платформаны жетілдіріп, клиенттер мен нарық талаптарына жылдам бейімделе алатындай етіп күшейттік. Шағын бизнесте де, бөлшек сауда да жаңа цифрлы өнімдер ұсындық, мобильді қосымшамызды шығардық және «Аллюр Автомен» біріге отырып автомобильдерді онлайн-несие­лей­тін жобаны іске қостық. Азаматтар көлікті 10 минут ішінде онлайн рәсім­дей алады», дейді Валентин Морозов.

Жақында Fitch Ratings халық­ара­лық рейтинг агенттігі біздің елдің тәуелсіз кредит рейтингін «ВВВ» дең­гейінде растады. Fitch Ratings сарап­шыларының пікіріне сүйенсек, коронавирус пандемиясы мен мұ­най бағасының құлдырау сәтін­де Ұлт­т­ық қордағы активтер мен Ұлт­­тық банктегі резервтердің айтар­лық­тай көлемі Қазақстан экономика­сына тұ­рақ­тылығын сақтауға мүм­кін­дік бер­ген. Сарапшылар сан алуан эко­но­микалық қиындықтарға қарамас­тан мем­лекеттің сыртқы резервтерінің тұ­рақты деңгейде сақталуын сырт­қы резервтерді тиімді инвестиция­лаумен және алтын бағасының жоғарылауымен байланыстырған.