Гватемаланың солтүстігінде орналасқан Эль-Петен департаментіне қарасты Сан-Бенито қаласының тумасы алғашында әуесқойлар арасында елеулі табыстарға қол жеткізді. Елішілік жарыстарда қарсылас шақ келтірмеген Лестер 2012 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Ақтық сында ол кубалық Кевин Брауннан ұтылды. Осылайша, Мартинестің есімі әлем біріншіліктерінде жүлде алған тұңғыш гватемалалық боксшы ретінде тарихта қалды.
Жастар буыны арасындағы жарыста жасындай жарқылдағаннан кейін Лестер ұлттық құрама сапына ілігіп, Орталық Америка ойындарында оза шапты. Екі рет әлемдік додада бақ сынады. Алайда бұл жарыстарда жолы болмады. Екі рет Панамерика біріншіліктерінде өнер көрсетті. 2015 жылы ширек финалда Олимпиада және әлем чемпионы кубалық Рониель Иглесиасқа жол берсе, 2017 жылы қола медальді мойнына ілді. 75 кило салмақта күш сынасқан ол бастапқы бәсекелерде барлық қарсыласын сыпыра ұтып, ширек финалда бразилиялық Эберт Консейсан Соузаны сан соқтырды. Ал дәл осы боксшы биыл Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында айды аспанға бір-ақ шығарып, алтын тұғырға көтерілгені баршамыздың есімізде. Айтулы жарыста Консейсан біздің Әбілхан Аманқұл мен ресейлік Глеб Бакшиден басым түссе, шешуші бәсекеде украиналық Александр Хижнякты нокаутқа жіберді. Дәл сол Соузадан ұтылған боксшылардың барлығы да әр жылдары әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілгенін жанкүйерлер жақсы біледі.
Десек те Лестерге Панамерика біріншілігінде бас жүлдені олжалау бақыты бұйырмады. Тегусигальпада өткен жарыстың финалдында ол әлем және құрлық біріншіліктерінің жеңімпазы, Олимпиада чемпионы Арлен Лопестен ұтылды. Куба қабыланына жіберген есесін ол 2018 жылы Орталық Америка және Кариб бассейні ойындарында қайтарды. Финалдық сайыста екі мықтының жолы қайта қиысып, бұл бәсекеде Мартинестің мысы басым болды.
Гватемала боксшысының басты арманы Токио Олимпиадасына қатысу еді. Бірақ Жапониядағы жарыс бір жылға кейін шегерілгеннен кейін Лестер кәсіпқойлар арасында күш сынасуды құп көрді. Осы орайда ол өзін нағыз панчер ретінде мойындатты. 2019 жылдың көктем айларынан бері тоғыз рет шаршы алаңға көтерілген Мартинес барлық бәсекеде айқын басымдық танытты. Бір кереметі, ол қарсыластарының денін белгіленген раундтардың бел ортасына жеткізбей сұлатып салды. Онымен ең ұзақ айқасқан Габриэль Лопес екен. Биыл 3 сәуірде Мексиканың Лос-Мочис қаласында өткен жекпе-жекте Лестер жергілікті боксшыны төртінші раундта есінен тандырды.
Ал 26 жастағы Әли Ахмедовтің жүріп өткен жолы көз алдымызда. Алматы облысындағы Іле ауданының тумасы әуесқой рингте де өзін жақсы қырынан көрсетті. Білікті бапкер Сағатбек Мұсахановтың қол астында жаттыққан ол Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, студенттер арасында әлем чемпионы және бірқатар халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Әлидің кәсіпқой рингте өнер көрсетіп жүргеніне алты жылға жуықтады. Сол аралықта 17 кездесу өткізіп, 16 рет жеңіске жетті. 12 қарсыласын нокаутпен ұтты.
Былтыр желтоқсан айында Ахмедовтің IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атануға тамаша мүмкіндігі болды. АҚШ-тың Флорида штатында өткен жекпе-жекте ол аса тәжірибелі эквадорлық Карлос Гонгорамен жұдырықтасты. Бұл жекпе-жекте Ахмедов әлдеқайда алымды көрінді. Бәсеке тізгіні біздің боксшының қолында болды. Ол ұпай санымен алда келе жатты. Алайда 12 раундта жерлесіміз Гонгораның ауыр соққысын жіберіп алды. Сақа спортшы қарсыласының сәл босаңсыған сәтін қалт жібермеді. Осы соққыдан кейін Әли есін жия алмады. Нокаут!
Соңғы жекпе-жегіндегі сәтсіздігіне қарамастан, осы салада жүрген майталман мамандардың дені Әли Ахмедовтің әлеуеті зор деп есептейді. Боксшының өзі де жоғарыдағы жағдайды кездейсоқтық дейді. Сол себепті де ол алдағы кездесулерге тыңғылықты даярланып, қайтсем де көздеген мақсатыма қол жеткіземін деп құлшынып отыр. Ал Әлидің көздегені – әлемдік тәж!