Қазақстан • 18 Тамыз, 2021

Өмірі көпке өнеге

348 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Президент Архивінің қорқұрушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Сұлтан Жиенбаевтың туғанына биыл 100 жыл толады. Сұлтан Сүлейменұлы жайында жазуыма себепші болған ол кісіні осыдан бес жыл бұрын 95 жасқа келуіне орай Архив тарапынан құттықтап барған кездегі ізгі ниетпен айтқан сөздері, өнегелі, тәрбиелік мәні бар әңгімелерін естіп, жадымда сақтап қалғаным.

Өмірі көпке өнеге

Жеке қорлар және ондағы құ­жаттар кеңестік дәуір және қазіргі кезеңдегі саяси элита өкіл­­­дерінің өмірі мен қыз­ме­тін, олар­дың рес­публи­ка­ның дамуы­на қосқан үлесін көрсететін то­лықтыру көз­де­рі­нің бірегей жиын­тығы бо­лып саналатыны баршаға мәлім. Демек біз осы қор құ­жат­тары арқылы бел­гілі бір оқиғалар мен фак­тілерді немесе сол бір кезеңдегі оқи­ғаларға қа­тысушылар мен куәгер­лер­дің естеліктерін көр­се­те аламыз.

Сұлтан Сүлейменұлы Ал­ма­ты қаласында құрылған атақ­­ты 100-жеке қазақ атқыштар бригадасының құра­мын­да со­­ғысқа қатысқан және ауыр сынақтардан өткен аз адам­ның бірі. С.Жиенбаев  – Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтардың батырлық ер­лік­тері, өзінің жолдастары, еңбек жолы, өткен дәуірдегі белгілі тұлғалармен атқарған қыз­меттік тарихы баяндалған бір­қатар өмірбаяндық кітап­тар­дың авторы. Сұлтан Сү­лей­­менұлы ұзақ жылдар бойы Д.Қонаев, Б.Әшімов, Ш.Жә­ні­беков, Н.Назарбаев және бас­қа да мемлекеттің танымал тұл­ға­ларының жанында қызмет атқарды.

1953 жылы С.Жиенбаев Мәскеу қаласындағы КСРО Сауда министрлігінің Жоғары сау­да мектебін сәтті бітіріп, нә­ти­жесінде кейінгі қызметі сауда, қаржы, тамақ, жеңіл өнер­кә­сібі салаларымен байла­нысты болды. «Міндеттерді бөлу бойынша сауда органдарынан басқа, мен жеңіл, тамақ және ет-сүт өнеркәсібінің, әкімшілік органдардың, азаматтық қор­ға­ныс жүйесінің жұмысына жетекшілік еттім. Ортаазиялық әскери округ құрылған кезде мен округ құруда күнделікті көмек көрсетумен тығыз айна­лыстым: облыстарда жер учас­келерін бөлу, әскери бө­лім­дерді орналастыру, оларды үй-жаймен қамтамасыз ету және тағы басқа міндеттер ма­ған жүктелді», деп еске алады С.Жиенбаев Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары лауазымындағы жұмысы туралы баяндаған кітабында. Құр­мет­ті демалысқа шыққаннан кейін С.Жиенбаев Д.Қонаевтың ұсынысы бойынша 1985 жыл­дың 15 ақпанынан бастап Ес­керт­кіштерді қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төралқасын 1988 жылдың 22 шілдесіне дейін басқарды. 1992 жылдың соңында С.Жиенбаевтың бас­та­масы бойынша Д.Қонаевтың халықаралық қоғамдық қоры құры­лып, оның бірінші прези­денті болған еді. С.Жиенбаев қандай лауазымды атқарса да, өз жұмысына толықтай бері­ліп, атқарған салалардың қыз­­меттерін жақсарту үшін бі­лі­мі мен қабілетін аямады. Ол кеңестік Қазақстанның жо­ғар­ғы сайланбалы билік орган­да­ры­ның құрамына ене отырып, халық пен Отанның игілікті бола­шағы жолында ерен еңбек үлгісін көрсете білді.

С.Жиенбаевтың жеке архив құ­жаттары 2003 жылдың 20 нау­рызында өз өтініші бо­­­­йынша Қазақс­тан Республикасы Пре­зи­дент Архивіне тап­сы­рыл­­ған болатын.

Жеке қор құжаттарының ара­сында партиялық орган­дар­­дағы, мем­­лекеттік мекеме­лер­дегі, ве­домс­тволардағы және қоғам­дық ұйым­дардағы қызметін растайтын қызметтік куәліктері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан КП ОК, Қазақстан КП Алматы қалалық комитетінің мүшесі болып сайлануы туралы, Қазақ КСР, РСФСР ордендерімен, ме­­даль­да­рымен, құрметті атақ­­­та­ры­мен және тағы басқа мем­лекет алдындағы сіңір­ген еңбегі және қоғамдық қыз­меттегі жетістіктері үшін ерек­шелік белгі­ле­рі­мен наградтау туралы, әртүрлі шараларда сөйлеген сөздері, жаз­ған мақалалары, баяндамалары, басқа да құжаттары бар. Аталған құ­жаттармен қатар Сұл­тан Сүлейменұлының жеке қор құжаттар құрамы жеке су­рет­тері және туыстарымен, әріп­тестерімен республиканың айтулы оқиғаларына арналған түрлі іс-шараларда, сал­танатты жиындарда түскен фотосуреттермен толыққан.

Сұлтан Сүлейменұлының жеке архивтік құжаттары оның өмір ағысы барысында жасақ­тал­ған ғұмыр тарихы, мемлекет және қо­ғам­дық қызметтерінің белгілі бір саласы мен аясының да­муы­н­а қос­қан үлесін көрсе­те­тін дереккөздер ретінде ұлттық құн­ды­лық­та­рымыздың қа­та­рында.

 

Жәнібек ЗЕЙНЕЛОВ,

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Басқарма басшысы