Қазақстан • 18 Тамыз, 2021

Жергілікті өзін өзі басқару әкімдердің жауапкершілігін күшейтеді

1969 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика министрлігі Жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Онда қамтылған мәселелердің бәрі де демократиялық даму жолына түскен қоғамымыз үшін маңызды.

Жергілікті өзін өзі басқару әкімдердің жауапкершілігін күшейтеді

Бәрі төртінші бюджетке байланысты

Бұл бағытта қолға алынған кейбір шаралар бары мәлім. Мәселен, 2019 жылы шағын және орта бизнестен (ШОБ) түсетін корпоративтік табыс салы­ғы (КТС) түсімдерін республикалық бюд­жет­тен жергілікті бюджетке беру туралы шешім қабылданды. COVID-19 пан­демиясына байланысты өңірлерде эко­номикалық белсенділіктің төмендеуіне қарамастан, 2020 жылы ШОБ КТС-ы жоспардағы 386 млрд теңгенің орнына, 482 млрд теңге көлемінде жиналып, өсім 25 пайызды құраған.

Бұдан басқа, аудандар мен ауылдық округ­терді ынталандыру үшін тұжы­рым­дама жобасында ШОБ КТС-ын облыс, аудан мен ауыл арасында бөлу шегін регламенттеу көзделіп отыр. Жер­гі­лікті өзін өзі басқарудың кіріс базасын одан әрі кеңейту үшін 2022 жылы са­лықтар мен төлемдердің мынадай түр­лерін төртінші деңгейдегі бюджетке беру ұсы­нылады: бірыңғай жер салығы, жер учаскесін пайдалану төлемі, жер учас­келерін сатудан түсетін қаржы, жер учаскесін жалға беру құқығын сату төлемі. Ал 2024 жылы мынадай салықтар мен төлемдерді беру ұсынылады: су ресурстарын пайдаланғаны үшін, жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым, жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензияны пайдаланғаны үшін төлем.

Жергілікті өзін өзі басқару органдары­ның елді мекендердің тіршілігін сапалы қызметтермен қамтамасыз ету үшін қар­жы ресурстары бекітілген өкілет­тік­тері мен құралдары болады. Өз кіріс­тері­­нен түскен қаражат тек ауылдық округ­ті дамытуға және жергілікті қоғам­дас­тық жиынымен келісу бойынша жер­гі­лікті маңызы бар мәселелерді шешуге бағыт­тала­ды. Жер­гілікті өзін өзі басқару­дың бюд­жетімен жұмыс істеудің ерекше тәр­тібі енгізіледі. Ол бизнес-үде­рістерді едәуір оңтайландыруға, бюд­жеттік бағ­дарла­малар­ды ірілендіруге мүмкіндік береді, бұл – уақыт пен қара­жатты үнемдеудің бір жолы.

Жергілікті өзін өзі басқарудың мү­ліктік кешенін кеңейту мақсатында комму­налдық меншікке құқық белгілей­тін құжаттарды ресімдеуді оңайлату мәселесін шешу қажет. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар өздеріне бекітілген нысандарды, оның ішінде иесіз активтерді түгендейтін болады. Түгендеу жүргізілгеннен кейін коммуналдық нысандардың тізбесі қалыптастырылып, оларды тіркеу мен есепке қоюдың кезең-кезеңімен оңай­латылған тәртібі қолданылады.

Ауылдық округтердің салық базасы­ның ұлғаюын ескере отырып, ауылдық округтердің өзін өзі қамтамасыз етуі 2025 жылы шамамен 35%-ға (2020 жылы – 13,4%) жетеді деп жоспарлануда.

Азаматтар белсенді болса, басқару тиімділігі артады

Жергілікті өзін өзі басқару реформасы ең ал­дымен жергілікті билік қыз­метінің халық алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ететін жүйе­ні құруға бағытталған. Тікелей сай­лау арқылы әкімдерді халықтың өзі сай­лауға көшіп жатыр. Өз кезегінде сай­лан­ған әкім де халыққа жүргізілген жұмыс­тардың есебін берді.

Тұжырымдама жобасында көздел­гендей, ауылдық округтерде жергілікті қоғамдастықтың қазіргі жиналысын қайта құру жолымен өкілді органның функциялары бар жергілікті өзін өзі бас­қару органы – Кеңес құрылады. Ол бюджет және жергілікті өзін өзі басқа­ру қаражаты есебінен жүргізілетін жұмыстардың ақшалай қаражатын пайда­ланудың тиімділігіне мониторинг жүргізіп, әкімнің ауылдық округ әкімдігінің қызметі туралы есебін тыңдайды.

Бұдан басқа, тексеру комиссиялары қаражатты пайдалану тиімділігіне жоспарлы және жоспардан тыс (өтініш жасалса) тексерулер жүргізеді.

Сондай-ақ жергілікті өзін өзі басқару­ды дамытудың келесі қадамының бірі – 2024 жылы облыстарда аудан әкім­дерінің тікелей сайлауын өткізу. Кандидаттарды өз мүшелері арасынан саяси партиялар ұсынады. Сондай-ақ өзін өзі ұсынуға да болады.

Азаматтардың белсенділігі – жер­гі­лік­ті өзін өзі басқару органдарының тиімді қызметінің басты шарты. Мемле­кеттік органдар, оның ішінде жергілікті өзін өзі басқару органдары халықпен кері байланыстың қазіргі заманғы құрал­дарын тиімді пайдалануды үйре­нуге тиіс. Ауыл әкімінің азаматтар алдындағы ашықтығы мен есептілігі деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылданады. Халықтың шешімдер қабылдауға араласуы басқару сапасын өзгертуге, аза­мат­тық белсенділікті арттыруға, мем­лекеттік органдар мен жергілікті өзін өзі басқару органдарының қызметін ашық етуге тиіс.

Инфрақұрылымдық және әлеумет­тік бастамаларға арналған қоғамдық маңызы бар шығыстарға онлайн-са­уалнамалар, қоғамдық сараптамадан өту тетігі арқылы жергілікті бюджеттерді бекіту процесіне бақылауды күшейту шаралары қабылданады.

Бірнеше жыл бойы интернеттің елдің әлеуметтік-саяси дамуына ықпал етуінің күшеюі байқалады. Бұл қоғамдық пікір­та­лас өткізуге, азаматтардың қоғам­дық мәселелерге қатысу үшін хабар­дар болып отыруы мен оған қатысуы­на қосымша мүмкіндіктер береді. Цифр­лы технологиялардың дамуы көп­теген әлеуметтік және экономикалық міндеттерді шешуде қозғаушы күшке айналды. Қазіргі заманғы трендтерді ескере отырып, функциялық қызметті мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы базасында іске асыру қажет. Он­да ауылдық округтердің даму жоспар­лары, бюджетке түсетін түсімдер тура­лы мәлі­меттер, жергілікті өзін өзі бас­қару­дың өкілді органының шешімдері, азаматтық бюджет және басқалар міндетті түрде жарияланады. Бұл портал жергілікті өзін өзі басқару органдарының жергілікті қоғамдастықпен өзара іс-қимылы, аза­маттық бастамаларды қарау және басқа да мәселелерді шешудің алаңына ай­на­ла­ды. Ақпарат әрдайым өзекті және барлық азаматтар үшін қолжетімді болуы керек.

Жергілікті қоғамдастық жиындарын қалыптастыру тәртібі және олардың өкілеттіктері, сондай-ақ азаматтарды тарту құралдары, оның ішінде қазіргі заманғы тәсілдер мен цифрлы технологияларды пайдалана отырып, заңна­ма­лық түрде белгіленетін болады.

 Билікті бөлісу жалғасын табады

Жергілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін өзі басқарудың өкілет­тіктері мен жауапкершілік салаларының аражігін ажырату қажеттілігін уақыт­тың өзі айқындап отыр. Сондықтан ел дамуының қазіргі кезеңінде мем­лекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында өкілеттіктерді одан әрі орталықсыздандыру және жергілікті өзін өзі басқарудың пәрменді жүйесін құру қажет. Осыған байланысты мүлік­тік құқықтарды кеңейту және ауылдық округ бюджеттерінің кірісін ұлғайту жолымен жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін өзі басқару органдары өкілеттіктерінің аражігін ке­зең-кезеңімен ажырату шаралары қа­былданады. Бұл үшін тән емес, қайта­ланатын, жетіспейтін функцияларды анықтай отырып, мемлекеттік басқару деңгейлері бөлінісінде функциялар мен өкілеттіктерге талдау жүргізілетін болады. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша функцияларды беру, сондай-ақ оларды алып тастау, мемлекеттік басқару деңгейлері арасында, оның ішінде облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейлердегі жергілікті атқарушы органдар арасында қайта бөлу жөнінде ұсыныстар әзірленеді.

Бастапқы кезеңде «Қазақстан Респуб­ли­касындағы жергілікті өзін өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылдануы қажет. Бұл ретте өкілеттерді қайта бөлу мемлекеттік ор­гандардың кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуде жаңа функцияларды орындауға дайындығын ескере отырып пысықталады. Жергілікті өзін өзі басқару институтының әлеуетін ескере отырып, аудан деңгейінен ауыл деңгейіне мынадай функцияларды беру көзделеді: қоғамдық орындарды абаттандыру және сыртқы безен­діру мәселелерін шешу, көрме-жәр­мең­келік қызметті ұйымдастыру, комму­нал­дық қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдас­тыру, өз құзыреті шегінде ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, электрондық қызметтер көрсету және т.б.

Функцияларды жергілікті өзін өзі басқару деңгейіне беру іс барысындағы мәселелерді уақтылы анықтау және шешу, сондай-ақ ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағыт­тал­ған нақты міндеттерді ай­қын­дау үшін жағдай жасауға тиіс. Мем­лекеттік басқару және жергілікті өзін өзі басқару деңгейлері арасындағы өкі­леттіктердің аражігін ажырату жер­гілікті маңызы бар міндеттерді шешу үшін ресурстар­ды тиімді пайдалануда әкімдердің жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жергілікті өзін өзі басқарудың негізгі органы – жергілікті қоғамдастық жиыны. Ол ауылдық округтерде жекелеген елді мекенде немесе елді мекеннің құрамдас бөлігінде бөлек жиын өткізу арқылы жергілікті қоғамдастық өкілдерінен қалыптастырылады. Басым міндеттерді айқындау, оларды іске асыру мерзімі, жергілікті қоғамдастықты дамыту жос­парын келісу, әкімшілік-аумақ­тық құ­рылысты өзгерту, ауылдық округ әкімінің есебін тыңдау мәселелерінде жер­гілік­ті қоғамдастық жиынының өкі­леттігі кеңейтіледі.

 Бұл Кеңес бұрынғыдан өзгеше

Тұжырымдама жобасы бойынша 2024 жылдан бастап ауылдық округтерде жергілікті қоғамдастық жиналыс­тары өкілді орган – Кеңес болып қайта құрылады. Кеңес қызметін әкім аппа­раты (жергілікті өзін өзі басқару әкімшілігі) қамтамасыз етеді.

Кеңес мүшелер мен оның төраға­сынан тұрады. Кеңес төрағасы Кеңес мүшелерінің арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы, Кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен айқындалады. Кеңес төр­ағасы Кеңес өкілеттігі мерзіміне сай­ланады. Кеңес мүшелерінің саны заң талаптарымен айқындалады. Кеңес құрамы тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының санына байланысты болады. Кеңес мүшелерін азаматтар тікелей, бес жыл мерзімге сайлайды. Жергілікті қоғамдастық жиынына Кеңесті тарату бойынша өкілеттік беріледі. Кеңес қабылдаған құқықтық актілер міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.

Кеңестің өкілеттіктеріне жергілікті қоғамдастықтың жиынымен келісілген жер­гілікті қоғамдастықты дамыту жос­парын, бюджетті бекіту, оның орын­далуына бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ жергілікті бюджеттен қар­жы­ландырылатын және тиісті аумақ­та орналасқан мемлекеттік мекеме­лер мен ұйымдар басшыларының таға­йын­дауларын келісу кіреді. Бұдан басқа, Кеңес елді мекендерді абаттан­дыру, санитария, көше саудасы, мере­келік іс-шаралар мен конкурстар өт­кізу мәсе­лелерін реттейді. Сондай-ақ Кеңес жергілікті өзін өзі басқару әкім­ші­лігі­нің тұрғындарға көрсететін қыз­меті тарифтерін бекіту, заңнамада белгі­ленген салықтар мен төлемдердің мөл­шер­лемесін реттеу бойынша құзыреттерге ие болады, мысалы: жер салығының базалық мөлшерлемелерін ұлғайту немесе азайту, мүлік салығы бойынша салық базасын анықтау үшін аймақтарға бөлу коэффициентін белгілеу және басқалар.

Отырыстарды дайындау, хаттама жүргізу, Кеңес мүшелерінің қол­дарын жинау бөлігінде және басқа да мәсе­ле­лер бойынша кеңестің қызметін ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз ету аппараттың (әкімшіліктің) функциясы болады. Осылайша, Кеңестің құрылуы азаматтарға барынша жақын өзін өзі басқарудың төменгі деңгейін құру үшін негіз болады. Кеңес мүшелерін тікелей сайлау арқылы азаматтар жергілікті қоғамдық-саяси өмірге қатыса алады.

Міне, осылайша еліміздегі демо­кратия­лық өзгерістер қисынды жалғасын тауып, жергілікті өзін өзі басқару ұдайы жетілдіріле бермек.