Коронавирус • 19 Тамыз, 2021

«Қызылдың» құрсауынан вакцина ғана құтқарады

165 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бірнеше айдан бері «қызыл аймақтың» құрсауында тұрған Нұр-Сұлтан қаласында эпидемиялық ахуал әлі оңалар емес. Індеттің кесірінен тынысы тарылған қаланы бұл тығырықтан шығарар бірден-бір жол – тұрғындардың жаппай вакцина салдыруы және қауіпсіздік шараларын мейлінше қатаң ұстану екені түсінікті.

«Қызылдың» құрсауынан вакцина ғана құтқарады

Бүгінде елордада коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 381 мыңнан аса адам алды, ал 300 мың­нан аса азамат толық иммундаудан өтті. Алдыңғы көрсеткіштерге қарағанда вакцина салдыру процесінде айтарлық ілгерілеу бар. Дегенмен Нұр-Сұлтан қаласы вакциналау қарқыны бойынша басқа өңірлерден көш кейін қалып отыр.

Қазіргі кезде астанада тұрғындар үшін вакцинаның үш түрі қолжетімді. Бұл – қазақстандық QazVac, қытайлық Sinopharm фармкомплексінің Vero Cell және ресейлік Спутник V вакциналары. Азаматтар қолда бар үш вакцинаның бірін таңдай алады. Егу пункттеріндегі барлық вакцина жеткілікті мөлшерде бар.

Бұл ретте қалалық Денсаулық сақтау басқармасы азаматтарға екінші компо­нентті алуда проблемалық жағдайларды бол­дырмас үшін екпенің екі кезеңін де бір пункте өтуге кеңес берді. «Біз азаматтардан вакцинаның бірінші және екінші компонентін бір пункте алуды сұраймыз. Мысалы, бірінші дозаны алу үшін сіз белгілі бір емханаға немесе сауда орталығына барсаңыз, екінші до­заны да вакциналау арасындағы ара­лықты сақтай отырып, сол жерден алуды ұсынамыз», делінген аталған басқарманың хабарламасында.

Жалпы, елордада 100-ге жуық ко­ро­на­вирус инфекциясына қарсы егу пункті таңғы 8.00-ден кешкі 10.00-ға дейін жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтанда Ashyq жобасы көшбасшыларының тізімі жа­ңар­­тылды. Қазіргі уақытта 159 ме­кеме қосымша жеңілдіктер бере­тін екі ап­талық статусқа ие болды. Жоба көш­бас­шыларының тізімін қала әкімдігі Ashyq жобасына қатысатын нысандарда (екі апталық кезеңде) QR-код арқылы тіркелген келушілердің мәліметі негізінде қалыптастырады. Осы орайда «Ashyq көшбасшысы» статусын алған жоба қатысушысы «қызыл ай­мақта» орна­ласса, «сары аймақтың» шарттары бойынша, ал «сары аймақта» «жа­сыл аймақтың» шарттары бо­йын­ша жұмыс істей алатынын айта кеткен жөн. «Жасыл» және «қою қызыл» аймақ­тар­да­ғы жоба қа­ты­сушыларына жұмыс тәртібі қо­сымша 2 сағатқа ұзар­ты­лады, сон­дай-ақ нысанның толтырылуы 10%-ға артады.

Вакцинаның бірінші ком­по­нен­тін қыз­меткерлердің кемінде 90%-ы алған жағ­дайда, соңғы 3 ай ішінде меди­ци­налық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды, ауырып жазылған адамдарды есепке алмағанда нысанның толтырылуы 20%-ға көбейеді. Аталған жобаға қатысушылар санитарлық нормаларды толықтай сақтауы тиіс. Егер карантин талаптары бұзылса тізімнен шығарылады.