
Жобаны жүзеге асыру үшін барлық облыстар және министрлікке қарасты мекемелерде орман өсірудің 5 жылдық кешенді жоспары бекітілген. Оны әзірлеу кезінде қолданыстағы питомниктердің және көшет өсіруді жүзеге асыратын ұйымдардың мүмкіндіктеріне талдау жасалыпты.
«Жинақталған деректер негізінде ағаштар мен бұталарды отырғызу көлемі бойынша жоспарлы көрсеткіштер әзірленді. Облыстарда отырғызылатын көшеттер жеткіліксіз болса, жұмыс істеп тұрған тәлімбақтарды кеңейту және уақытша тәлімбақтар құру көзделген. Сондай-ақ орман дақылдарының тұқымын жинау көрсеткіштері ескерілді», деп хабарлады министрлік.
Бүгінгі таңда Қазақстанда орман дақылдарының көшеттерін көбейту мен өсіруді жүзеге асыратын 44 тұрақты және 158 уақытша тұқымбақ пен ұйым жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қарағай, шырша, балқарағай, қайың, шегіршін, сексеуіл, үйеңкі, шаған, емен және басқа да ағаш түрлерінің 1-3 жастағы көшеттері бар. Жалпы мөлшері – 165,5 млн түп. Бұл ретте өзге елдерден көшеттер сатып алу қарастырылмаған.
Жоба бойынша шамамен 610 мың түп сексеуіл, 555 мыңнан аса қарағай, 193 мыңнан аса үйеңкі, 132 мың шегіршін, 100 мыңнан аса қайың және басқа да тұқымдар отырғызу жоспарланған.
«Егемен-ақпарат»