21 Қаңтар, 2014

Үкілі үміттің үркері

270 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Дәл Қысқы Ойындар басталар қар­саң­да қазақстандық конькиші Денис Кузин Жапонның Нагано қаласында сприн­терлік көпсайыстан өтіп жатқан әлем чем­пио­натының 1000 метрлік қашықтыққа жүгі­руінде кіші алтын медаль алып, жерлес­терін қуанышқа бөледі.

 

Дәл Қысқы Ойындар басталар қар­саң­да қазақстандық конькиші Денис Кузин Жапонның Нагано қаласында сприн­терлік көпсайыстан өтіп жатқан әлем чем­пио­натының 1000 метрлік қашықтыққа жүгі­руінде кіші алтын медаль алып, жерлес­терін қуанышқа бөледі.

Светлана Григорьевна телефон шылдырынан оянды. Таңертең ерте немересі Денисі телефон шалып тұр. Қазір телефонды алғанда Денистің дауысы, не айтатыны әжесінің құлағында жатталып қалған. «Әжетайым менің! Ұйқыдан тұрдың ба? Денсаулығың қалай? Ауырып қалған жоқсың ба? Әже, сағындым! Тек ауырмашы!» Светлана Григорьевна телефон тұтқасын асыға алды. Айтқанындай, Денис телефон шалып тұр. Еуропаның бір елін айтты, егде адамның есте сақтау қабілеті де онша емес, ұмытып қалды.

– Әже! – деген кезде Денисті айналып-толғана бастады. Әжесі де сағынады. Өйткені, немересі Қостанайға сирек келеді. Жұмыс солай, жарыс, жарыс болмаған кезде ірі мұз алаңы, мұз жолақтары бар қалаларда дайындықта жүреді. «Дүниенің дамығаны-ай, шіркін! Қайда барса да, Денистің дауы­сы телефоннан үйдің іргесінде тұрғандай естіледі. Осы күнге жеткізгеніңе шүкір» дегендей, баласымен сөйлесіп алған соң, көңілі орнығып, сергіп қалды. Денис шамалы уақыт хабарласа алмаса, әжесінен маза кетеді. Өзі хабарласа алмайды. Бірақ оның жарыстарының барлығын теледидардан көз алмай отырып, көреді. Әжесі немересінің Қостанайға келе бере алмайтынына әлде­қа­шан көндіккен. Немересін қазір, оның бала кездегідей спортты тастап кете ме деп уайымдамайды, Қазақстанның намысын қорғап жүрген бір азамат, халықтың ұлы деп түсінеді. Жұрттың өзіне айтып жатқан құттықтауларын да мақтанышпен қабылдайды.

Расында, конькиші, конькимен сырғанаудан 2012 жылғы әлем чемпионы Денис Кузин аспаннан түскен жоқ, бірден осылай талантты спортшы болып қалыптаса қойған жоқ. Әжесі болмағанда әке-шешесіз баланың күні қараң еді.

– Денис бесінші сыныпта оқып жүргенде әжесі қолынан жетектеп бізге алып келді. Баланы бірден байқадым, ап-арық, бойы қатарластарынан онша ұзын болмаса да, тырнадай аяғы ұзын екен. Басынан сипап алып қалдым. Бірақ оған спортпен айналысу керек, – дегенді түсіндіргенше менің де көп жұмыс істеуіме тура келді, – дейді Денистің алғашқы жаттықтырушысы Петр Петро­вич Пастущенко. Жаттықтырушысы айтқандай, баланың аты – бала ғой, Денис өзінің талантты спортшы екенін өте кеш түсініпті.

– Мұзда сырғанау баланың барлығына да ұнайтын әдеті. Денис те алғашқыда солай қызықты. Бірақ спорттың еңбек екенін бала қайдан түсінсін? Мұздың қызығы басылған кезде ол жаттығуға келмей қалды. Бір күн, екі күн күттім. Күтумен жүргенде, жиырма күн өте шығыпты. Әжесі Светлана Григорьевнаға бардым. «Қалай, оны күн де тамағын беріп, жаттығуға өзім шығарып саламын. Қалайша бармады?!» – деп әжесі байғұс күйіп-пісіп қалды. Ол ертеңіне баланың аяқ-қолын байлағандай етіп, жетектеп қолыма әкеліп тапсырып кетті. Сонымен, тағы да жаттығуға кірістік. Бір күндері Денис тағы да жоғалып кетті. Тағы да іздеп бардым. Әжесі немересінің футболға кетіп қалған жерінен ұстап, тағы да жетектеп, қайтадан қолыма әкеліп берді. Мұндай сәттер қаншама қайталанды, мен де, әжесі де соңынан қалмадық, – дейді Петр Петрович. Ол алдындағы жиырма­шақты баланың барлығының да жаттығуға уақтылы келуін қадағалайтын. Бірақ Денисті ерекше бақылады.

– Ондай баланы қалай қолдан шығарасың? Денесінде қырым май жоқ, сіңірлі болатын. Бұл деген алты ай шапса арымайтын арғымақтың мүсіні емес пе?! Денис жасөспірім жасқа келгенде, мұзсыз жүре алмайтын болды, өзінің спортшы екенін түсінді. Бірақ бала кезінде, жасөспірім кезде де жарыстарда көп топ жарған жоқ. Ол есі кіре еңбектенді, біржола дайындыққа ден қойды, міне, топты жарды, – дейді Петр Петрович.

Жаттықтырушысы Денистің әкесіндей болды. Өзі де аңқылдаған ақкөңіл адам. Кузин Сочидегі әлем чемпионатына қатыс­­­­­қан­да, теледидардың алдынан кеткен жоқ. Жа­рыстарды бастан-аяқ қадағалап отыр­ды. Денис 1000 метрден бірінші келгенде, көз жасын тия алмады. Өзінің көп жылғы ең­бе­гінің, ұстаздық қарымының қайта­ры­­мындай еді бұл қуаныш жасы. Әке-ше­ше­сіз, қарт әженің қолында өскен бала­ның бағына әкелік мейіріммен қуанды, әжесі­нің табанды тәрбиесіне риза болды. Денис Кузин КСРО кезеңінен бері қарай, жалпы, Қазақстан тарихында конькимен сыр­­ғанаудан тұңғыш әлем чемпионы болып табылады. Денис тек Қостанайдың ғана емес, еліміздің мақтанышына айналды. Әлем­ге Қазақстанның атын тағы бір паш етті.

Денис Кузин 2007 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында еліміздің құрамасына алынған болатын. Содан бері Қазақстан құрамасының қатарында. 2009 жылы Дүниежүзілік универсиадада қашықтықтар бойынша 4 және 6 орындарды иеленді. 2008/2009 жылғы Әлем кубогында да бағын сынап көрді. 2010 жылғы Ванкуверде өткен Қысқы Олимпиадада 1500 және 1000 метрлік қашықтықта 23-ші болып келген еді. Ал 2011 жылы Астанада өткен Қысқы Азиада ойындарында 1500 метрге сырғанаудан чемпион болды. Әлем чемпионатына қатысар алдында иығы сынып, 3 ай жаттығуға қатыса алмады. Бірақ жарақаты жеңілдей келе мұзға қайтып оралды. Чемпионатқа қатысуға мақсат қойды. Ол еңбек пен табандылықтың қандай екенін өзі де түсінді, өзгелерге де дәлелдеп берді. Денис спорт мамандарының көз алдында тек өсіп отырды.

Петр Петрович баласы атқа шапса, үйде отырып тақымын қысқан әкедей, Сочидегі Қысқы Олимпиададан Денистің тағы да олжалы ораларын тілеп қояды. Конькиші үш лицензия ұтып алған, сондықтан шәкіртінен жаттықтырушының үміті де мол. Расында да, ол қазір Қазақстан үкілеген үміттің үркері іспеттес.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

ҚОСТАНАЙ.