Теннис • 19 Тамыз, 2021

Рыбакина жұптық сында Цинциннати турнирінің екінші айналымына шықты

326 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина жұптық сында Цинциннати WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Рыбакина жұптық сында Цинциннати турнирінің екінші айналымына шықты

Е.Рыбакина ресейлік Вероника Кудерметовамен бірге алғашқы айналымда тунистік Онс Жабер – үндістандық Саня Мирзамен кездесті.

Қазақстандық-ресейлік жұп 7:5, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Рыбакина мен Кудерметова 1 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыластары 2 эйс, 1 брейкпен шектелді.

Е.Рыбакина мен В.Кудерметова ширек финалға шығу үшін осы жарыстың 4-ракеткалары, америкалық Николь Меличар – нидерландылық Деми Схюрспен күш сынасады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 36-ракеткасы Юлия Путинцева жекелей сында үшінші айналымға шыға алмады. Ол әлемнің 6-ракеткасы, чехиялық Каролина Плишковаға 3:6, 2:6 есебімен жол берді.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бұл кездесуде чехиялық теннисші 5 эйс, 3 брейкке қол жеткізді. Ю.Путинцева 4 эйс жасағанымен, бірде-бір брейк жасай алған жоқ.

Е.Рыбакина жекелей сында әлемнің 31-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен шеберлік байқасады. Ол 2 сағат 20 минутқа созылған тартысты бәсекеде әлемнің 3-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы 5:7, 6:2, 7:6 (7:4) есебімен ұтып кетті.