Бүгін Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Бүкіләлемдік таэквондо федерациясының президенті Чунгвон Чомен кездесті.Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде Қазақстан Президенті Бүкіләлемдік таэквондо федерациясы басшысының сапары елімізде спорттың осы түрінің дамуына одан әрі серпін беретінін айтып, ризашылығын білдірді. «Бүгінде біздің елімізде спорттық жекпе-жектің осы түрімен 11 мың адам белсене айналысуда, 250-ге жуық жаттықтырушы жұмыс істейді. Қазақстандық спортшылар әлемдік жарыстарда 9 қола медаль иеленді, ал азиялық деңгейде алтын медаль да бар. Біздің елде бұл тамаша спорт түрі одан әрі дами береді деген үмітіміз зор. Себебі, ол жастарды тәрбиелеуге және саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Мен сіздің сапарыңыз жастардың назарын осы спорт түріне одан әрі аудара түседі деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыдан кейін Чунгвон Чотаэквондоның Қазақстанда жедел дамып келе жатқанын, ал спортшылардың өзі одан халықаралық аренада үлкен жетістіктерге жетіп отырғанын айтты. Сонымен қатар, кездесуде жалпы және спорттық медицина саласындағы Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы өзара ықпалдастық, денсаулық сақтау саласының әлемдік стандарттарын енгізу жөніндегі жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.
Кезедсу соңында Чо Нұрсұлтан Назарбаевқа таэквондо (WTF) бойынша құрметті тоғызыншы дан дәрежесі белгісін, сондай-ақ тиісті белбеу мен кимононы тапсырды.
Мемлекет басшысы бұл кимоно алдағы уақытта тхэквондо бойынша жоғары дан иеленген қазақстандық спортшыға тапсырылатынын айтты.
Дастан Кенжалин.
Дереккөз: http://www.akorda.kz/