«Басыңнан айналдым сенің, Фархад» деді «Құлагердің» режиссері Фархад Молдағалиға дауысы дірілдей, жасаураған көзбен елжірей қарап. Риза болғаны ғой. Талантты танып тұрып, ішіндегісін ірікпей, ірі мінезбен бір ауыз бағасын осылай берді. Үлкен баға.
Фархад Молдағали – қазақстандық режиссерлердің жаңа толқынының жарқын өкілі. «100 жаңа есімді» толықтырған талантты жас өңірде жүріп те биік өнер тудырып елге кең танылды. Облыстық театрда жұмыс істеп жүрген жерінен Алматыға жетелеп әкелген де оның осы таланты. Өнер орталығына келісімен «ТЮЗ» аталып кеткен Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі болып тағайындалды. «Театр аймақтық немесе академиялық деп бөлінбейді. Театр не өлі не тірі болады» деп бастады әңгімесін Фархад.
– Фархад, Сәбит Мұқанов атындағы Петропавл облыстық музыкалық драма театрында жұмыс істеп жүрген жеріңізден өнер мен мәдениеттің ордасы Алматыға аттай қалап шақырылуыңыздың өзі сіз туралы ақпаратты айқындай түсуге әбден жарап тұр. Балуанға оңы мен солы бірдей болар, дегенмен сізге қандай тақырыптағы пьесаларды қою қиындық тудырады?
–Мен үшін қарапайым тұрмыстық тақырыптағы пьесаларды қоюдан асқан қиын ешнәрсе жоқ. Сахнаға үстел, орындық, диван шықты дегенше, меннен дегбір қашты дей беріңіз. Қиналатын себебім, декорация мүмкіндігіңді, шешіміңді шектеп тастайтын сияқты тым тар шеңбер ішіне салып қояды. Сахнада үстел тұрған соң оның жанына бару керек, оны айналу керек, орындық тұрса, оған отыру керек, аударып-төңкеру керек, диван қойылса, оған жату керек, осындай ұсақ-түйек нәрсе менің көркемдік ой-қиялымды қалыпқа салып, шеңберден шығармай, адымымды аштырмай тұрғандай қарадай қиналып, қара терге түсемін. Ал үстелдің үстіне шыны-аяқ қойылса, бұл тіпті қорқынышты. Мен үшін сахнада неғұрлым минимализм салтанат құрса, бос кеңістікте қалағаныңша қиялыңа ерік бересің, ешнәрсе сені құрсауламайды, керісінше, еркін самғауға мүмкіндік бар. Кеңістік қиялыңды оятады, ары қарай әрекет етуге жетелейді.
– Сіз сахналаған Америка драматургы Вина Дельмардың «Баянсыз бақ» спектаклі – театрдың ірі табысы. Қай заман, қай ғасыр болса да, әкелер мен балалардың арасындағы қарым-қатынаста түсінбестік туатыны, бірін-бірі терістеп, күрделене түсетіні бір отбасының мысалымен әдемі тарқатылды. Расында да, әке мен бала арасын салқындататын тартыс-таластың тууы қалыпты жағдай ма, әлде мұның себебі тереңде жатыр ма?
– «Баянсыз бақты» сахналау барысында байқалмайтын сынға көп ұшырадым. Шартты түрдегі кеңістікте қойылған «Құлагер» мен «Қарагөзден» кейін бірден әлеуметтік-тұрмыстық сипаттағы «Баянсыз бақ» спектаклін қойғаныма әріптестерім сенер-сенбесін білмеді. Сахнаға үлкен декорация құрыла бастағаннан-ақ әріптестерім аңтарылып қарай бастады. Өмірімде алғаш рет сахнаға үстел, орындық, диван шығардым. Сахнаға он ғасыр бұрынғы оқиғаға құрылған классикалық шығарма қойылса да, ол бүгінгі кезеңнің мәселесін толғайды. Бөлек жанрда жазылған, табиғатыма тән емес пьесаны таңдауыма не себеп? Басты себебі, режиссер жан-жақты болуы керек. Әкелер мен балалардың арасындағы тағдырды бейнелеген Дельмардың пьесасы бүгінгі қазақ қоғамына әбден лайық. Бұл бір отбасының тағдыры. Өкініші, өкпесі, мұңы бар. Бірақ қызық болғанда, көз жасы жоқ. Жылау жоқ. Айғайлап, өкіріп, бірін-бірі қарғап жатқан адамдар жоқ. «Басқа түсті, амал не, осылай болуы керек» деген ой ғана басымдыққа ие. Туыстар арасында табиғи түрде болатын мейірім селт етпейтін салқынқандылықпен алмасқан. Бұл өткен ғасыр басындағы Американың басындағы жағдай, ал бізде, Қазақстанда қазір бұдан зорғысы болып жатыр. Отбасы шеңберінен шығып, асқынып, қоғамдық дертке айналды. Жазылмаған дала заңының ішінде отбасы құндылығын биік ұстау дәстүрі қылау түспеген күйі біздің ұрпаққа аман-сау жетіп еді, ал қазір қартайған ата-ананы бағайын, қас-қабағына қарайын деген бала жоқ. Бұрын біздің ұлтымыздың дәстүрінде «әке-шеше баламен, әсіресе, кенже баламен бірге тұруы керек» дейтін өзгермейтін қағида бар болатын. Қазір ата-анасына салқын тартқан мерез балалар көбейіп барады,
«жо-о-қ, олар неге бізбен бірге тұруы керек» деген ой қалыпты жағдайға жеткен. Өмірдің ыстық-суығын бірге көріп, қырық, елу жыл бірге отасқан әке-шешесін қартайған шағында ажыратып, қызы шешесін, ұлы әкесін бөліп әкететіні қалыпты жағдайға айналған. Ата-ананы Қарттар үйіне өткізу – қалыпты жағдай. Олардан жастайынан іргені аулақ салу – қалыпты жағдай. Ал отбасы құндылығы құлдырап бәрі де «қалыпты жағдайға» айналған кезде көрерменді театрға шақырып алып мораль оқу – абсурд.
– Сіздің әңгімеңізден театрдың тәрбиелік мәнін жоққа шығару ишарасы байқалады. Сонда сіз театрдың қай міндетін алдыға шығарған болар едіңіз?
–Театр тәрбиелемейді. Театр – ой салатын орын. Пьесадан әсер, әсерден ой туады, көрермен осы ойды іліп алып, санасында дамытып, өзінше түйін жасауы керек. Біз спектакль тамашалап отырып «сахнада актерлер жақсы ойнап жатыр, жақсы жұмыс істеп жатыр» деп ойлаймыз. Асылында, театрға, спектакльге келгеннен кейін жұмыс істейтін актер емес – көрермен. Рас, сахнада буырқанған оқиға жүріп жатыр, кейіпкерлер ғашық болады, бірін-бірі сүйеді, атады, шабады, сахнаның астынан, үстінен түтін жіберіп, музыкамен сезіміне бойлай түседі, ал көрермен болса, тып-тыныш, сілейіп қалған. Шынтуайтына келгенде, оқиға сахнада емес, көрерменнің өз ішінде, жарылыс санасында болып жатыр. Көрермен сахнадан өзін көріп отыр, досын, туысын танып отыр. Астаң-кестең жасаған сезім, жаны ашу, жек көру, осының бәрі ой салады. Қазақ драматургтерінің де «Баянсыз бақ» оқиғасына ұқсас пьесалары көп. Әке-шешесін тастап кету, Қарттар үйіне өткізіп жіберу, көшеге, күресінге лақтырып тастау, жылап-еңіреу. Бірақ Вина Дельмар осы тағдыр тауқыметін, отбасы трагедиясын өте нәзік, сауатты жеткізеді. Кейіпкерлерін жылатпай-ақ қайғының өзін тәтті етіп баяндайды. Осыдан жүз жыл бұрынғы Америкада болған оқиғаның Қазақстанның қазіргі жағдайымен үндестігін пайдаланып кейіпкерлерін қазақ жасап, қазақ отбасының басындағы жағдай сияқты көрсетуге болар еді. Бірақ көрермен ойлануы керек. «Өткен ғасырдың 30-жылдарында Америкада болған оқиға бізге де жеткен екен, енді отыз жылдан кейін қазақ отбасы қандай болуы мүмкін?» Ойланатын сауал.
– «Өнер – өнер үшін» дейміз. Өтірік. Мемлекеттік тапсырыс орындаудың ең басында осы өнеріміз тұр. «Патриотизм мен отаншылдыққа тәрбиелеу» дейтін идеология жоспарына өнер баяғыда-ақ жегіліп кеткен. Қаптаған мерейтой, бітпейтін атаулы күндер міндеттейтін тапсырыстарды елге әдемі әрі пайдалы етіп ұсынудың қандай жолы бар?
– Режиссер қоғаммен бірге жүруі керек. Алайда театрдың қоғамнан жиырма жыл кейін жүретіні өкінішті. Қазір, міне, коронавирус бүкіл әлемді шеңгелінде ұстап отыр. Ал осы оқшау өмірдің бар шындығы мен құпиясы жиырма жылдан кейін ғана сахнада көрініс таба бастайды. Бірақ театр қоғаммен бірге айналуы керек еді. Сол себепті өзгенің жасағанын күтіп отырмай, бірінші болып үлгеруге тырысып жатырмыз. Сол үшін жаңа драматургтер іздеп, жаңа бағыттағы драмалар қоюды жоспарлап отырмыз.
Қазір байқасақ, «Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл» деген тақырып қызық емес. Төрт-бес жыл бұрын хандықтың құрылуының 550 жылдығы аталып өткен кезде, бүгінгі жастардың тілімен айтқанда, бұл тақырыптың «тізесін шығарып» жібердік. Сол бір жылдың ішінде әр театр сахналауында неше түрлі Керей мен Жәнібектерді көрдік. Сахнада алуан түрлі Абылай хан атой салды. Келсін-келмесін, тарихи тақырыптарды бұрқыратып жазудан драматургтер де, режиссерлер де аянып қалған жоқ. Алайда мұның бәрін ақша табудың амалы ғана деп ойлаймын. «Айт» десе, атырылып шабатын науқаншылдыққа көзсіз кіретін мінезден арылмай-ақ қойдық. Сол жылы халықтың есі шығып, ең соңында жалығып кетті. Мемлекеттік тапсырыс екенін түсінеміз, мақұл, бірақ құрығанда, сапа болуы керек еді ғой. Мәселе сонда – сол спектакльдердің көпшілігінде сапа да болған жоқ. Қазақстанның үлкен-кіші театрлары Керей мен Жәнібек туралы спектакльдерді жарысып келіп қойды, ал қанекей, қайда солар қазір? Ерінбеген адам жай қызық үшін сол спектакльдерді театр репертуарынан іздеп көрсінші, таба алар ма екен? Қыруар ақшаға қойылған спектакльдер қайда кетті қазір? Жоқ! Себебі 550 жылдық науқаны өтіп кетті. Енді оларды 560 жылдықтың қарсаңында қайта қалпына келтіру үшін алақандарын ысқылап отырған болар. Ащылау айтқаным асылық болып жатса көпшілік айыпқа бұйырмасын, былтыр Абайдың 175 жылдығында карантин басталып кетіп, ұлы ақынның «жаны» қалды. Әйтпесе Абай да Керей мен Жәнібектің күйін кешер ме еді. Абайдың образы шыға ма, шықпай ма, сахнада Абай бар ма, жоқ па, біздің режиссерлеріміз оған қарап жатқан жоқ. Мейлі, ол тапсырма болсын дейік. Бірақ адамда, әсіресе, сахна суреткерінде талғам болуы керек емес пе?
Менің арманым – ұстазым Маман Байсеркенұлының құрметіне «Абылай ханның ақырғы күндерін» қайта сахналау. М.Әуезов атындағы Ұлттық театрдың сахнасында қойылған бұл спектакльді кезінде Елбасымыздың өзі келіп көрді, репертуардан ұзақ жылдар түспеді. Осы спектакльді қайта жаңғыртуды күні-түні ойлаймын. Бірақ қай сахнада қою керегін білмеймін. Себебі Абылай ханды ойнайтын актерді әлі таба алмай келемін. Абылай хан кім? Ол қай театрдың актері? Бұқар кім? Ол қайда жүр? Білмеймін...
– Сіз спектакльді қоймас бұрын алдымен актерді көздейсіз бе? Актер табылғаннан кейін ғана спектакль қоюға кірісетін болып тұрсыз ғой, шамасы...
– Ия, алдымен актерді тауып алуым керек және сол театрдың шығармашылық әлеуеті мен мүмкіндігін шамалауым керек. Кейде «мені Қазақстанның жарты театрының өкілдері ұнатпайды-ау осы» деген ой келеді. Себебі спектакль қоюға қолқа салып, шақыратын театрлар өте көп. Бірақ бәріне бірдей бара алмаймын. Мені дандайсып кеткен біреу деп ойлап отырғандарына еш күмәнім жоқ. Сыпайы қарсылық білдіре беруден өзім де кейде қысыламын. «Келіп спектакль қойып бер» деп театр басшылары телефон соғады. «Дайын емеспін» деймін. «Қалай дайын емессің, кел де қойып бере сал». Бірақ оның труппасын көрмесем, ол актерлердің мүмкіндігіне лайық спектакль ұсына алмасам, өзім білмейтін театрға барып, қалай қойып бере саламын? Өнердің осалдығы осыдан келіп шығады. Пьесаны таңдап алған соң іштей пісіріп, санаңда жетілдіріп, талай күндер толғанып, дайындалуың керек. Ал шақырған театрлардың бәріне барып, асығып-аптығып жүріп шала-шарпы спектакльдер әзірлеп берсем, екі жылда толықтай жағдайымды жасап алар ма едім? Бірақ деңгей деген болады. Оны ұдайы өсірмесең, халтураға салынып, өшіргенің қиянат болады. Қай театрға барсам да, ұлы мәртебелі актердің алдына барғанда мен сақадай-сай дайын болып баруым керек. Мен үшін әрдайым басты орында актер тұрады. Әр актер рахаттанып ойнайтын пьесаны әзірлеу – режиссер міндеті. Шығармашылықты қинап, қиналып тудыруға болмайды. Ғ.Мүсірепов театрына да бірден келісіп келе салғам жоқ. Алдымен «Құлагер» спектаклін қойып, актерлермен жете танысқаннан кейін ғана келуге шешім қабылдадым. Ал Қызылжар буынымды бекітіп, қанаттандырып, қияға самғатқан ыстық ұя, алтын мектебім болып қалады. Өнер академиясында жүріп алған білімім орта секілді көрініп, көңілім олқы тартып жүргенде, Қызылжар театры лабораториялық орталық секілді сол вакуумды толтырғандай болды. Үйренуге тиіс, режиссер білуі тиіс барлық құпия-қатпарды Қызылжар театрында жүріп меңгеріп шықтым. Шығармашылықпен алаңсыз айналысуыма мүмкіндік берген театр директоры Біржан Жалғасбаевқа бұл үшін әркез алғыс айтып отырамын.
– Ғ.Мүсірепов атындағы драма театры Қазақстан театрларының арасында бірінші болып Чехов фестиваліне қатысуға шақырту алып отыр. Биік дәрежелі «А» санатындағы халықаралық фестиваль қай қырымен құнды?
– Дүниежүзілік өлшеммен алғанда, театрлар арасында өтетін бәйге көп, бірақ «А» санатындағы байқау болып саналатын, бәсекесі жоғары халықаралық Чехов фестивалінің орны бәрінен бөлек, әрине. Менің «Құлагерім» олардың қызығушылығын туғыза алады деп ойлаймын. «Құлагер» – таза қазақтың дүниесі. Ұлттық төлтума туынды. Біздің фольклор, біздің дауыс, біздің даламыздың иісі. Бұл спектакль оларға сонысымен қызық. Біз Англияға барсақ, Шекспирді, Ресейге барсақ, Чеховты апаруымыз керек деп ойлаймыз. Жоқ. Біз тек төлтума туынды арқылы ғана жаттың жүрегіне жол таба аламыз. Бұл фестивальге ілгеріде Орта Азиядан тек қырғыз театры ғана қатысуға мүмкіндік алды. Себебі ол пьесадан қырғыздың иісі аңқып тұрды. Ал «Құлагер» несімен қызық болады? Шығарма өзегіндегі жылқы, бәйге деген ұғым – қазақтың өз болмысымен біте қайнасқан архетип ұғым. Жылқы мен қазақ – егіз. Ендеше ол қалай да басқаның назарын өзіне аудара алады.
– Сіз қойған «Қарагөз» спектаклі Талдықорған қаласында өткен Орта Азия театрларының халықаралық фестиваліне қатысқаннан кейін электронды ақпарат құралдарының бірінде қатал сынға ұшырады. Сол «Қарагөзді» ТЮЗ-ге әкеліп қайталап қойғалы отырған көрінесіз, бір жасаған дүниеге қайта оралудың не мәні бар?
–Біріншіден, «Қарагөз» бір-ақ адамның сынына ұшырады. «М.Әуезовтің шығармасын дәл Фархад Молдағалидай құртқан режиссер жоқ шығар, сірә» деп жазды. Бірақ солай бола тұра, жалпы қазақ театр өнеріне Фархадты таныстырған «Қарагөз» болатын. Бүкіл театр қауымы, өнер өкілдері, қарапайым көрермен тегіс тамашалады. Сын, бәлкім, стиліне байланысты айтылған болар, бірақ спектакльдің мазмұны, идеясы биікте белгіленген ұлттық құндылық пен дәстүрдің орнын төмендетіп алмайық деген ойдан туған еді. «Жеті атасына дейін қыз алыспаған қазақтың өмір салты таза күйінде сақталса» деген ниеттен туған. Бүгінде сәнге айналған «ұлттық код» деген ұғымның нағыз салтанат құрған жері сол спектакль еді. Дәстүрімізді, ділімізді, наным-сенімімізді алдыға алып шығатын осы дүниемді расында мен ұзақ толғатып, тылсым күштің көмегімен дүниеге әкелген едім. Сын жазып отырған адамға Сырым мен Қарагөздің бір қабат киімін шешкені ерсі көрінген болар. Бірақ олар жалаңаш қалған жоқ. Енді жиырма жылдан кейін біреу маған: «сен қазақ театры үшін не істедің?» деп сұрақ қойса, ойланбастан көзіне тура қарап тұрып «Қарагөзді» қойдым» дер едім. Мен үшін өте қымбат спектакль. Петропавлдағы театрдан мен кеткен соң басты рөлде ойнайтын актерлер де жұмыстан кетті. Спектакль сыртта жеті-ақ рет ойналды. ТЮЗ-ға келгеннен кейін театр директоры Азамат Сатыбалды да «Қарагөзді» қайталап қоюымды қалады. Спектакльдің аманаты деген болады. Ғұмыры екі-ақ жылға созылған ел ұнатқан спектакльге жаңа өмір сыйлағым келді. Бұл спектакльге ақша бөлінбейді, премьера жасалмайды. «Қарагөзге» жаңалық енгізбеймін, өзгертпеймін, толықтырмаймын, Қызылжар театрында қалай қойылса, солай қалпына келтіремін. Себебі Сырым мен Қарагөзді, Наршаны ТЮЗ-дің әртістері емес, Қызылжар театрынан кетіп қалған әртістер өздері ойнайды. Спектакльдің ең басты жаңалығы да, сол.
– Қазақ театрларының сахнасында тыйым салынған табу тақырыптар бар ма? Өнердің саясаттан қаншалықты алыс болғаны жөн?
– Жалпы алғанда, цензура жоқ. Бізді қуантатыны – осы. Қаласаң, саясаттың ең күйіп тұрған күрделі мәселесін ал да, сахнала. Мархабат, ешкім қолыңнан қақпайды. Керісінше, театр бүкіл шындықты айтуға мүмкіндік сыйлайтын жалғыз орын. Бірақ жеткізудің жөнін біл, тәсілін тап. Қасқа маңдайды қақыратып, қос қолдап ұрғандай қарабайыр әдіспен емес, көркем бояуын келістіріп айта білсең, кез келген шындығың жұтынып шыға келеді. Солай бола тұра, сырттан цензура болмағанымен, көркемдік жетекшінің ішінде өз цензурасы болуы керек. Ол – қазақтың діліне жат, ұлттық ұстанымына қайшы, мүддесіне кереғар, мемлекеттің тұтастығы мен татулығына қауіп төндіретін тақырып ешқашан сахнадан көрініс таппауы тиіс деп ойлаймын. Спектакльдің идеясы керемет болса да, ол ұяттан аттамауы керек.
– Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық, мол жылдар» повесін пьесаға айналдыруыңыздың себебін білгіміз келеді. Ербол мен Меңтайдың арасындағы мөлдір махаббатқа жаңа заманның жастары сене ме? Шығарманың оқиғасы тым ескі тартып кеткен жоқ па, несімен өзекті болды?
– Сахна өнеріне әдеби шығармалардың араласа бастауы драматургия тапшылығын білдірмейді. Әсіресе, театрларда жас драматургтердің пьесалары көбірек қойылуы керек деп санаймын. Өйткені онсыз да драматургтер тапшы кезде, жас драматургтер режиссерлермен, театрмен қанаттасып бірге жүрмесе, ертеңгі күні олар роман, киносценарий жазып кетеді немесе көңілі қалғандары қолын бір сілтеп, өнер ортасынан біржола безіп қалады. Сондықтан театр уақытқа ілестіріп, оларды өзімен бірге алып жүруі керек. Дәл қазіргі уақытта қарымды, талантты жас драматургтердің тегеурінді толқыны келді. Мысалы, «Махаббат, қызық, мол жылдарды» сахналау үшін алдымен спектакльдің алты нұсқасын жасадым. Бірақ алғашқы нұсқасынан артығы болмады. «Ербол мен Меңтайдың махаббатына сене ме?» дейсіз. Біздің театрымыздың басты көрермені жастар ғой – сенді. Себебі біз өзіміз, актерлер труппасы, сеніп жұмыс істедік. Әрине, біз соғысқа, 1960 жылдарға қайтып барған жоқпыз, повесть оқиғасын қысқартып, кей сәттердің орнын ауыстыра отырып, композицияны осы кезеңге лайықтап құрдық, бірақ жұлын-жүйесіндегі басты нәрсе – тазалықты сақтадық. Өмірде бәрі өзгеруі мүмкін, бірақ адамның сезімі өзгермейді, сондықтан болар, Ерболдың тазалығын, Меңтайдың адалдығын бүгінгі жасқа үлгі еткіміз келді, жастардың өте жақсы қабылдағанын көрдік. Біз қазір күрделі өмірді бастан өткеріп отырмыз. Әлеуметтік желіні ашқанда әлдекімнің суретін көрсек зәре құтымыз қалмай, соңына дейін оқып шыққанша жүрегіміз атқақтап, аузымыздан шығып кете жаздайды. Жұрттың жүйкесі тозған, шыбық тимес шыңқ етер мінезбен бірін-бірі аяйын деп тұрған жоқ. Әрең жүрген адамдарға тағы бір трагедияны ұсынсақ, одан ары тоздырып, қинап жібермейміз бе? Күнделікті тіршілік қажытқан, өңі сынық, шаршап жүрген адамдарға мөлдір дүние ұсынғымыз келгені де сондықтан. Оқиғасы ескі көрінетін әдеби шығарманы жаңаша әдіптеу тәжірибесі бізге нені көрсетті? Театрға тазалану үшін келетін бүгінгі көрермен адамгершілікке, шындыққа, адалдыққа сусап отыр екен, осыны түсіндік.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ