Экономика • 20 Тамыз, 2021

Е-commerce бізге де жат емес

704 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

COVID-19 індетінің ықпалы цифрлы экономиканы, e-commerce нарығының дамуын жылдамдатып, бос кеңістіктен ертерек орын алып, қам жасау қажеттігін аңғартты. Аталған бағытқа инвес­тиция салғысы келетіндердің қатары да өсіп келеді.

Е-commerce бізге де жат емес

Деректерге сүйенсек, электронды саудадағы белсенді сатып алушылардың саны соңғы бір жылда 2 есе артып, 2,3 млн адамға жеткен. Сауда және интеграция министрлігі осыған дейін халық­аралық сауда платфор­мала­рымен келіссөздер жүр­гізгені белгілі. Нәтижесінде, осы жылдың мамыр айынан бас­тап қазақстандықтарға Amazon, Ozon және eBay сияқты интернет-платформаларда сауда жасауға рұқсат берілді.

Қазақстанның интернет-бизнес және мобильді коммерция қауымдастығы ұсынған деректерде еліміздің әлемдік нарықтағы үлесі 1,9 пайыздың айналасында екенін айтылған. Өзбекстанның үлесі 4,5 пайызға жеткен. Ал Ресейдің көрсеткіші – 6,2 пайыз. АҚШ, Қытай, Жапония секілді алпауыттардың үлесі – 10-15 пайыздың төңірегінде.

Мамандар e-commerce нарығы қатал бәсекелістік жағдайына көшкенін, ішкі нарықтың 70 пайызы қазір Қытай мен Ресей өкілдерінің қолында екенін айтып келе жатқанына біраз уақыт болды. Бұрын Алматы мен Қытайдың арасында пошта сәлемдемесінің жеткізу уақыты – 50 күн болса, қазір екі апта. Бүгінде Қазақстанда қоймаларды цифрландыру жұмы­сын жеңілдету жөнінде біраз жұ­мыстар атқарылды.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда e-commerce нары­ғының өсу динамикасы әлемдік деңгейге сәйкес келеді. Ресми ста­тис­тикаға сәйкес, 2020 жылы нарық көлемі 1,2 трлн теңге­ден асып, 2019 жылмен салыс­тыр­ғанда екі есеге жуық өскен. Қазақ­стандағы электронды сауда ин­дустриясының өкілі Константин Горажанкин 2022 жылдың соңына дейін бұл нарықтағы қаржы айналымы 1,9 трлн теңгеге, ал 2025 жылға қарай 3,5 трлн тең­геге жетуі мүмкін екенін алға тарт­ты. Ал таза пайда 7 млрд дол­лар­­ға жетуі ықтимал. 2020 жы­лы ШОБ өкілдерінің көпшілігі ал­ғаш рет онлайн форматқа кө­шіп, нарықтағы өз орындарын ке­ңейтті.

– Қазіргі тренд тапсырыс беру­шінің барлық тілегін, ұсы­ны­сын қанағаттандыруға бағыт­талған. Бұл бағытқа ілесіп жүру үшін веб-ресурстарды жетілдіріп, оңтайландыру, интерфейс пен конверсия элементтерін пы­­сық­­тап, жаңа жетістіктерге және озық технологиялардың дамуы­­на назар аудару қажет, – дейді К.Го­ра­жанкин.

Сарапшының пікірінше, пандемия кезінде ғаламтор арқылы тапсырыс бергендердің қатары 3,2 млн-нан 3,8 млн адамға дейін көбейген. Әлі де көбейіп жатыр. Сауданың мұндай түрінің дамуына мемлекет те мүдделі болып, оны дамудың драйвері ретінде қарастыра бастады. Интернет-дүкен иелеріне салық­тық жеңілдіктер енгізілді. Ал тір­кеуден өткендері табыс салы­ғынан босатылады.

– 2020 жылдың басында онлайн сауданың беталысын, экспорт пен импортты реттеу мүмкін болмай қалды. Сауда және интеграция министрлігі электронды сауданы дамытудың үш негізгі бағытын айқындап отыр. Алғашқысы – электронды сауданы ынталандыру, шағын және орта бизнесті оқыту. Екіншісі – жет­кізілім мен логистикалық қыз­метті дамыту. Үшіншісі – шека­радағы онлайн-сауданы дамыту. Өз басым екінші бағытты – жет­кізілім мен логистикалық қыз­метті дамытуға ерекше басымдық берген дұрыс деп есептеймін. Себебі пошта-сервис қызметін сауданың осы сегменті ретінде қарастыруға болады. Қазір бұл бағытта ілгерілеушілік бар. Бәрін тұтынушының қалауы шешеді, – дейді К.Горажанкин.

Осы ретте сарапшы Үкіметтің назарына ілініп отырған басым бағыттардың қатарында шекарадағы онлайн-сауданы дамытудың да болашағы барын айтып өтті. Өзбекстанмен немесе Қырғызстанмен мемлекеттік шекарада сауда бекетін салуды жоспарлап отырған біздің ел үшін бұл бағыт өте маңызды. Дегенмен бүкіл ел аумағын сапалы интернетпен қамтамасыз етпей бұл мәселенің шешімін табуы қиын. Тым болмаса мобильді оператарлордың мүмкіндігін пайдалану қажет. Одан кейінгі мәселе өз ретімен шешіле бермек.

Ғаламдық интернет сауда нарығындағы трендердің беталысы Өзбекстанға ауа бастаған. Қазақстанмен салыстырғанда көрші елдің біраз артықшылығы бар. Мәселен, жеңіл өнеркәсіп индустриясы дамып, Өзбекстан көрші елдердің нарығына көз сала бастады. Екіншіден, мұндағы 16-35 жас аралығындағы буынның үлесі – 30 пайыз. Әлемдік сарапшылар интернет сауданың көрігін қыздыратындар осы жастағы азаматтар екенін алға тартып отыр.

– Өзбекстан әлемдік сауда платформасы үшін барлық жағынан тиімді. Интернет саудаға жүгінетіндердің басым көпшілігі – 16-40 жас аралығындағы толқын. Мұны мойындауымыз керек. Сондықтан шекаралас аймақтарда интернет сауданың мүмкіндігін барынша жұмылдыратын кез келді. Алматы, Нұр-Сұлтаннан бөлек, демографиялық өсімі дұрыс Түркістан облысында, Жам­­был облысының Қырғыз­стан­мен, Алматы облысының Қытай­­мен шекаралас аймақ­тарын­да интернет сауданы дамыту тиімді. Бұл әсіресе, жиын-терім науқаны кезінде өте қажет. Мыса­лы, оңтүстікте 5 гектар жері­нен 50 тонна қауын-қарбыз жи­наған диқан үйінде отырып Қазақ­станның солтүстігі немесе Ресей, Қытайдағы сауда үй­лері­мен келіссөздер жүргізе бе­реді. Ол үшін заңнамалық тетік­терді жетілдіру қажет. Егер мем­лекет фито-санитариялық жағы­нан қолдау көрсетсе, бұл бағыт та е-commerce нарығының драй­веріне айналады, – дейді К.Гора­жанкин.

Электронды коммерция нары­ғы аз ғана уақыттың ішінде жаңа трендтерге бейімделіп үлгіргені жасырын емес. Lamoda.kz интернет дүкені желілерінің бас директоры Никита Окулов бұл сегменттің тағдырын тұты­ну­шылардың қалауы шешетінін айтты. 2020 жылы пандемия бет қаратпай тұрған кезде Алматы мен Нұр-Сұлтан, Ақтау, Шымкент қалаларында азық-түлік сататындар интернет көздеріне қатысты қиындықпен бетпе-бет келгенін алға тартты. Өздері таңдап және бағасын түсіріп алуды дағдыға айналдырғандар тапсырыспен азық-түлік сатып алуға және жеткізіп берушінің қызметі үшін қосымша ақы төлеуге дайын болмай шықты. Қазір сауданың осы сегментін дамытуға мүдделі болған Үкімет азық-түлік сататын онлайн сауда желілері үшін қосымша жеңілдіктер қарастырса, көп өзгерістер болмақ.

Н.Окуловтың айтуынша, соң­ғы жылдары компаниялар мәлі­меттер жинауда Big Data техно­логиясын қолдана бастаған. Бұрын деректердің жиналуына ба­сымдық берілсе, енді оның маңы­зына, нарықтағы сұранысына көбірек көңіл бөлінеді екен. Сарапшы айтып өткендей, бұл фактор нарықты сапасыз тауарлардан тазартуға септігін тигізген. Маңыздысы, электронды сауда классикалық әлеуметтік желілер шеңберінде дами бастады. Заңдық тетіктер жетілдірілмегендіктен, әлеуметтік желілер қазірдің өзін­де онлайн сауданың көрігін қыз­дырып, бренд өнім­дерімен танылған алпауыт компаниялар оларда маркетплейстермен интеграция­лана бастады. Нарықтың осы сег­ментінде жас компаниялардың пай­да болуына, бұрыннан келе жат­қандарының кейбірін ығысты­рып шығуына, кейбірінің іріленіп, бір-бірін жұтып қоюына да осы фактор әсер еткен көрінеді.

– Қазір компаниялардың басым көпшілігі онлайн режімге көшті. Бұл олардың қаржыны қым­бат кеңсе жалдауға емес, қа­жетті тетіктерге жұмсауына мүм­кін­дік берді. Қазір олар бизнес­терін дамытудың оңтайлы жол­дарын іздестіріп жатыр, – дейді Н.Окулов.

Пандемия e-commerce нары­ғының дамуына даңғыл жол ашумен бірге ішінара тығырыққа да тіреді. Қазір бастан кешіп жат­қан жағдайды экономиканың, ха­лықтың тұрмысының кері жаңғырығы деп қабылдауға да болатын секілді. Халықтың төлем қабілетінің төмендігі е-commerce нарығының сапалы деңгейге көтерілуіне көп кедергі келтірді. Нақты табысы шамалы адамдар аз ақшаға сапалы тауар алғысы келеді. Бұл фактор нарыққа инвестиция салғысы келетіндердің қарасын азайтып, бизнестің несие алатын мүмкіндігін шектеп келе жатыр. Ең басты себеп тұрғындардың дайын еместігінде, нарықтың ықпыл-жықпылдарын зерттеп үлгермеуінде. Тиісінше, сервис, логистиканы дамыту жағы да кешеуілдеп жатыр. Логистика – интернет сауда үшін ең маңызды фактор.

Қазақстанның басты қалалары, облыс орталығы деңгейіндегі қалаларда тапсырыс берген та­уарды бір күнде жеткізуге болатынын айтқан сарапшы қаламен шектесіп жатқан аудандар бұл мүмкіндіктен жұрдай екенін де жасырмады. Ал орталықтан шалғай жатқан аудандарда жағдай тіпті қиын. Тіпті газет-журналдың өзін апталап жиып бір-ақ жеткізетін аймақтарда ғаламтор арқылы тапсырыс беріп, соны қысқа мерзімде жеткізіп берудің мүмкін еместігі түсінікті. Қолданыстағы заңдар­дың әлі де болса жүйеленіп үлгер­мегенін айтқан сарапшы мемлекет осы нарықтағы ойыншы­­лармен кездесуге, олардың ұста­нымдарын тыңдауға әлі құлықты емес екеніне назар аударды.

Ал нарыққа теория емес, практика қажет. Интернет сауда нарығында өзгеріс бір емес, бірнеше бағытта жүргізілуі тиіс. Бірінші кезекте қазақстандық компаниялар ірі сауда платформаларымен трансформациялану қажет. Apple, Google, Amazon, сияқты әлемдік деңгейдегі алпауыт компаниялардың өзі бір кездері тауарларды сатса, қазір e-commerce индустриясының державаларына айналды.

– Біздің елдегі трансформация ұялы байланыс операторларынан басталды. Бұрын олар клиенттеріне тек байланыс қызметін ұсынса, қазір мүмкіндігі әртараптандырылды. Қазір ғаламторға қосылуға мүмкіндігі бар кез келген смартфон әрі платформа, әрі қойма қызметін атқарады. Сарапшылардың жарнамалық компаниялардың түбіне смартфондар жетеді деген болжамы шындыққа айналып келе жатыр. Қазір мұндай компаниялардың клиенттер базасы үлкен. Олар классикалық банк­термен бәсекелес болуға жарап калды. Қазір банктер мен сауда платформаларының бір-бірінсіз жұмыс істей алмайтынын көріп жүрміз. Олар бір-біріне жұтыла алмайды, себебі екі бөлек дүние. Демек жаңа тетіктер табылғанша осы екі саланы қатар дамытудан басқа жол жоқ, – дейді Н.Окулов.

Қазақстан Интернет қауым­дастығының президенті Шавкат Сабировтің айтуынша, 2020 жылдың тәжірибесі e-commerce нарығындағы өзгерістерді кезең-кезеңімен зерттеу қажеттігін көр­сетті. Басқаша айтқанда, мобиль­ді коммерция нарығына бір қара­май, олардың мүмкіндігін жеке-жеке зерделеу керек. Себебі әлем­де қазір е-сommerce ғана емес m-сommerce нарығы да қалып­тасып келе жатыр.

– Қазір клиент үшін күрес тек қаржы секторында ғана емес, барлық салада жүріп жатыр. Ше­телдік ірі ойыншылардың қы­сымы алдағы уақытта жалғаса береді. Мұндай жағдайда біз үшін де, мемлекет үшін де шетелдік
ойыншылар үшін құқықтық базаны құру маңызды. Осы ретте ең алдымен ішкі нарықтың мүмкіндігіне көбірек басымдық беру қажет, – дейді Ш.Сабиров.