Жаңа нысандардың көлемі 160 шаршы метр аумақты алып жатыр. Алаңқайлардың айналасы темір шарбақпен қоршалған. Ойын балалары құлаған жағдайда жарақат алып қалмас үшін алаңқайдың табанына құм төселген. Ал спорт алаңында саламатты өмірді серік еткен тұрғындар 25-ке тарта жаттығу құралын пайдалана алады.
Шеңбер ауылының әкімі Сағат Сұлтанов бұл алаңқайлардың жергілікті тұрғындардың тілегі бойынша салынғанын айтады.
– Алаңқайлардың пайдалануға берілуі ауылдағы балалар және дене шынықтырумен айналысқысы келетін үлкендер үшін зор қуаныш болды. Қазір бала біткен ертеден кешке дейін осы жерден шықпайды. Саламатты өмір салтын ұстанушылар қатары да молая түсті, – дейді ауыл әкімі.
Еске салар болсақ, «Халық қатысатын бюджет» жобасы тұрғындардың бастамасы мен ұсыныстары бойынша елді мекендерді дамыту және абаттандыруға қызмет етеді. Тұрғындарды елді мекендерді басқару ісіне белсенді тартуға мүмкіндік беретін бұл игі шаруа жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қарағанды облысы