Әлем • 20 Тамыз, 2021

Грузияда Қазақстанның бастамалары талқыланды

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Грузияның Стратегиялық талдау орталығында (GSAC) Семей сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығына арналған «Қазақстанның ядролық қарусыз жаһандық әлемге қосқан үлесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп жазады Egemen.kz.

Грузияда Қазақстанның бастамалары талқыланды

Іс-шараға грузин, украин сарапшылар қатысты.

Саяси ғылымдар докторы, Кавказ халықаралық университетінің профессоры Вахтанг Маисая Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін-ақ елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен Семейдегі ядролық қаруды сынауға арналған әлемдегі ең ірі полигонды жапқанын атап өтті. Қазақстан егемендік алғаннан кейін әлемдегі қуаты бойынша төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан бас тартып, әлемдік қоғамдастық тарапынан сенімді нығайта білді және оның сенімді, белсенді серіктесі болды.

Саясаткер, дипломат, Қара теңіз экономикалық одағы ұйымының және Демократия мен экономикалық даму ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Валерий Чечелашвили өз сөзінде Қазақстанның халықаралық қоғамдастық үшін ядролық арсеналдан бас тартуының тарихи маңызы туралы айтып берді.

Оның айтуынша, Қазақстан 1990 жылдардың басында Орталық Азиядағы діни-экстремистік топтардан туындаған тәуекел мен қауіпті жойды, өйткені ол кезде олар ядролық қаруды да пайдалануға ниетті еді. В.Чечелашвилидің пікірінше, Қазақстан бұл мәселеде көшбасшы және әлемге XXI ғасырдағы халықаралық қауіпсіздікті тек ядросыз әлем жағдайында ғана қамтамасыз етуге болатыны туралы айқын белгі береді.

«Қазақстанның үлесі мен үлгісі антиядролық қозғалыс пен бүкіл әлем үшін аса маңызды. Грузия МАГАТЭ мүшесі бола отырып, өзінің барлық міндеттемелерін орындайды. Грузия Қазақстанның ядролық қарусыз әлем бастамасын Оңтүстік Кавказ бен Қара теңіз өңірінде ілгерілете алар еді деп ойлаймын», деп атап өтті экономика ғылымдарының докторы, профессор Лия Челидзе.

Сарпшылар Ядролық қауіпсіздік және ядролық қарудан азат әлем үшін Көшбасшылардың жаһандық альянсын құру, Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын тапсыру Қазақстанның қарусыздану бастамаларын іске асырудың практикалық қадамдары екенін  атап өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның жаһандық ядролық қарусыздану саласындағы күш-жігерін жоғары бағалап, азаматтарды халықаралық антиядролық қозғалысқа көбірек тартудың маңыздылығын атап өтті.