22 Қаңтар, 2014

Ел тарихының жаңа кезеңіне бағыттайды

243 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Ел­басымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнап кезекті Жол­дауын жариялады. Биылғы Жолдау дәстүрлі жыл сайынғы жол­даулардан айрықша, қоғамға мүлдем жаңа серпін берген «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың негізгі бағыт­тарына арналған.

 

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Ел­басымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнап кезекті Жол­дауын жариялады. Биылғы Жолдау дәстүрлі жыл сайынғы жол­даулардан айрықша, қоғамға мүлдем жаңа серпін берген «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың негізгі бағыт­тарына арналған.

«Қазақстан-2050» Стратегиясының бас­ты мақсаты – Қазақстан халқының сана­сын, дүниетанымын өзгерту арқылы өмірін жақсарту, өмір сапасын күшейту, адамдардың өз өміріне деген көзқарасын өзгерту болатын. Бұл туралы Жолдауда Елбасы: «Соның ішіндегі ең басты мақсат – елімізді дамыған 30 елдің арасына енгізу. Ол мәңгілік Қазақстан жобасы. Ел тарихына нық қадам басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті болып табылады», деді.

Еліміздің ғылымы мен білімінің көр­кеюіне қызмет етіп жүрген біздер үшін, бұл Жолдаудың айрықша әсер еткен тұстары Президенттің Үкіметке жастардың орта техникалық білім алуының мемлекетпен кепілдендірілген жүйесіне көшуді қарастыруды тапсыруы болды. Сондай-ақ, келешектегі 2-3 жылда дуальды техника­лық кәсіби білім берудегі ұлттық жүйенің өзегін қалыптастыру керектігін де салмақтап айтты. Мемлекетіміздің жоғары, орта оқу орындарында білім алып, еңбек етіп жатқан азаматтарға ең озық әрі заманауи жабдықтармен өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгертуді біздерге міндеттеп отыр. «Қазақстан-2050» Стратегиясында еліміздің жоғары оқу орындарында халықаралық үлгідегі сертификаттарға ие болатын инженерлік және техникалық мамандықтарды даярлау жолға қойылып, жоғары оқу орындары жалғыз білім беру саласымен шектеліп қана қоймай, сонымен қатар, қолданбалы және ғылыми-зерттеу салаларын құрып, оны одан әрі дамыту қажеттілігі айтылған.

Еліміз үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық бағытта дамып келе жатқан­дықтан бұл аса маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан жаңа өзгерістерге қазақ­стандықтардың дайын болуларын Ел­ба­сы­мыз қадап айтты. Мемлекет басшысының осындай саясатын жете түсінген ел азаматы өзінің кәсіби біліктілігін үзбей жетілдіріп, озық технологияларды меңгеру жолында тынымсыз еңбек етуі қажет.

Сондай-ақ, бүгінгі таңның аса маңызды мәселелері қатарында тұрған айрықша жағдай Елбасы Жолдауынан тыс қалған жоқ. Ол Астана мен Алматы қалаларының агломерациясын қалыптастыру стратегиясын әзірлеу қажеттігі. Бұл мәселе ірі мегаполистерде қызмет етіп отырған барша азаматтарды қызықтыратыны анық. Жалпы, қалалардың агломерациясы дегеніміз орталық қалалардың айналасынан орын тепкен, кішкене елді мекендер ғой. Ондай елді мекендер өндірістік, еңбек орнына орай, рекреациялық, мәдени-тұрмыстық байланыстарына орай туындайды. Бұл ірі қалада орналасқан оқу ордаларын да толғандыратын мәселе. Жекеменшік оқу ордалары өзінің техникалық базасын жетілдіру үшін студенттерге арнап жатақханалар салу ісін, соның айналасынан ғылыми-тәжірибелік зертханалар, кішігірім өндіріс орталықтарын тұрғызып, өскелең ұрпақты біліммен қоса тәжірибеге баулуды жолға қоюына мүмкіндіктер ашылар еді. Бұл әрі еңбек орындарын ашуға көмектессе, екінші жағынан, Жолдауда айтылған «экономиканың ғылыми қамтылуына» да қызмет етер еді.

Елбасы 2012 жылы «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында жастарға үлкен аманат жүктеп: «Мен сіздерге – жаңа буын қа­зақ­стандықтарға сенім артамын. Сіз­дер жаңа бағыттың қозғаушы күші­не айналуға тиіссіздер», деген еді. Өйтке­ні, мемлекетімізде жастардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына, қажет­ті мамандықты игеруіне, өз арман-мақсат­тарын жүзеге асыруларына бар мүмкін­діктер жасалған. Биылғы Жолдауда да жастар жайы қалыс қалмады. Президент жоғары үлгерімі бар студенттерді қолдау­дың тиімді жүйесін құру қажет деп санай­тындығын және Үкіметке 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап шәкіртақы көлемін 25 пайызға арттыруды қамтамасыз етуді тапсыратындығын айтты.

Жекеменшік оқу ордалары да өз студенттеріне шәкіртақы тағайындаудың мүмкіндіктерін қарастыруы қажет. Жоға­ры­да аталған мәселелерді шешу жолдары қарастырылса, ондай мүмкіндік те туары сөзсіз. Елбасы айтқандай, мемлекеттік оқу ордаларымен қатар, жекеменшік оқу орындарын дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Мемлекет тарапынан жекеменшік оқу орындарына қолдау көрсетілсе, жекеменшік оқу ордасының басшылығы да өз тарапынан жауапкершілікті сезінетін болады.

Бұл Жолдаудан да патриотизм мәселесі тысқары қалған жоқ. Қазақстандық қоғам­ның өзіндік құндылықтарын айқындап, біріктіретін «Мәңгілік Ел» Патриоттық акті­сі атты жаңа құжат жасалып, қабыл­да­натын болды. Бұл да білім беру саласының мамандары белсене үлес қосуға тиіс іс-шараның бірегейі.

Елбасы шетелдік инвестициялар елі­мізге ілім-білім мен жаңа технологияларды трансферттеуге толықтай қолданылатын болады деп айтты. Шетелдік компаниялармен бірлескен жобалық және инжинирингтік орталықтар құрылып, технопарктерде қазақстандық ірі компаниялардың қо­сымша өндірістері орналастырылады, деуі екі ел оқу ордалары бірлесіп қызмет атқарып отырған біздің оқу ордамыз үшін тың серпін береді, деп ойлаймын. Біз секілді ғылым-білім саласындағы ресейлік оқу ордалары еліміздегі ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтаса отырып, ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға мүмкіндік тудыратын «жасыл» экономика мен болашақ энергияны іздестіру және жасау бағытындағы екі ел арасындағы тәжірибенің ең үздік үлгілерін зерттеу мен енгізудің орталығына айналуды жөн санайды. Бұл жаңа салаларға бет бұруға жол ашары сөзсіз.

Бір сөзбен айтқанда, Елбасының бұл Жолдауы бізді жаңа бағыттарға жетелейді, жаңаша ойлап, кемел істер атқаруға жұмылдырады.

Марат МОЛДАХМЕТОВ,

Қазақстан-Ресей университетінің президенті,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым

академиясының корреспондент-мүшесі,

химия ғылымдарының докторы, профессор.

Соңғы жаңалықтар