«Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен «ҚР ҰҚК органдарының ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігі» ҚР Президенті Күзет қызметі бастығының бұрынғы орынбасары - Үкіметтік байланыс агенттігінің директоры, ҚР ҰҚК ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы генерал-майор Жақыпбеков Сәбет Малғаждарұлының қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады», делінген ведомство хабарламасында.
Генерал-майор Сәбет Жақыпбеков 20 жылдан аса Қазақстанның үкіметтік байланысын табысты басқарды және республикамыз бен ТМД елдеріндегі осы қызметтің ең танымал басшыларының бірі болды. Ол өз ісін қазіргі уақытта да жалғастырып келе жатқан жоғары кәсіби мамандар тобын тәрбиелеген.
Жетістіктері үшін Генерал Сәбет Жақыпбеков "Құрмет Белгісі" орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамоталарымен және медальдармен марапатталған. "КСРО МҚК құрметті қызметкері", "ҚР ҰҚК құрметті қызметкері", "Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Үкіметтік байланыс федералды агенттігінің құрметті қызметкері", "Құрметті байланысшы" белгілерімен марапатталған.
Отставкаға шыққаннан кейін ол «Нұрсат» телекоммуникациялық компаниясының президенті ретінде жұмысын жалғастырып, Қазақстан Республикасының тәуелсіз ұлттық спутниктік байланыс желісін құруға қатысқан.