Мемлекеттің ұстанған бағыты, даму деңгейі және барар жолы – әрбір азамат үшін маңызды. Осының бәрін саралап, салмақтап баяндап беретін, жеткеніміз бен алдағы міндеттерді айқындайтын құжат – Жолдау. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауы да ел күткен жаңалықтарды айтып, халықтың болашаққа деген сенімін нығайтып, тәуелсіз Қазақстанымыздың келешек келбетін тани түсуімізге оң әсерін тигізді.
Мемлекеттің ұстанған бағыты, даму деңгейі және барар жолы – әрбір азамат үшін маңызды. Осының бәрін саралап, салмақтап баяндап беретін, жеткеніміз бен алдағы міндеттерді айқындайтын құжат – Жолдау. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауы да ел күткен жаңалықтарды айтып, халықтың болашаққа деген сенімін нығайтып, тәуелсіз Қазақстанымыздың келешек келбетін тани түсуімізге оң әсерін тигізді.
Жолдаудың «бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» аталуы да көпұлтты Қазақстан халқының өзара бірлігін, татулығын, болашақты бірге құруға жұмыла атсалысуын меңзеп тұр. Руға, жүзге, жерге, ұлтқа бөлінбей, баршамызды «Қазақстан» деген ортақ мүдде біріктіруі қажет екендігін алға тартады. Жолдаудың тірегі – бірлік болса, одан әрі осыдан туындайтын негізгі тақырыптар, яғни ел болып даму жолындағы тапсырмалар айтылады. Ол тапсырмалар негізгі 10 бағытта топтастырылған. Мұның қай-қайсысының да ел дамуы үшін аса маңызды, қажетті екендігі белгілі.
Мысал үшін геология саласын алайық. Мен геолог емеспін, тіпті, өндіріс саласының да маманы емеспін. Әйтсе де, мұнайлы өңірдің азаматы ретінде, аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті бізге жақсы таныс, БАҚ беттерінен үнемі қадағалап отырамыз. Маңғыстауда мұнай мен газ өндіру көлемі түсіп кетті. Бұл еңбек күшінің аздығынан немесе технологиялық тұрғыдан емес, жер қыртысындағы қазба байлықтар көлемінің төмендеуінен туған жағдай. Сондықтан өзге жерлерге геологиялық барлау жасап, кен байлықтарын анықтап, игеру қажет. Бұл бағытта жалпы қозғалыс бар, әйтсе де, Жолдау осы қозғалысты жандандырып, нақты жұмыстар жүргізуге серпін береді деп күтеміз. Сондай-ақ, Жолдаудағы осы жолдар оқу орындарынан геолог мамандығын алып шығып, қазір жұмыс таппай жүрген жастарымыздың үмітін үрледі.
Ал ауыл шаруашылығы – халқымыздың етене саласы, күнкөріс өзегі. Ғылым мен техника дами түскенмен, ауыл шаруашылығы өз маңызын жоймайды. Бірақ, бұл саланың да толыққанды деңгейде төрт аяғын тең басып кете алмай келе жатқаны жасырын емес. Мұндай тұстарды біз шиге шаншып сынай, кінәлап-күстәналай жөнелмей, тәуелсіздігін алғанына небәрі 23 жылға қадам басқан еліміздің әлі де болса үлгере алмай жатқан тұстары деп түсінгеніміз абзал. Қай нәрсенің де уақыты келеді. Биылғы Жолдауда ауыл шаруашылығы саласында аграрлық ғылымды дамыту арқылы елімізді экспорттаушы елге айналдыру тапсырмасының берілуі саланың бұдан арғы дамуына қолдау болмақ.
«Мемлекетіміздің тірегі – бақытты жандар» дегендей, Жолдаудағы мемлекеттік және азаматтық, әлеуметтік қызметкерлер жалақысының, студенттер шәкіртақысының өсуі халық арасына тез тарап, көңілдерді қуанышқа бөледі.
Маңғыстау Өнер колледжі – еліміз тәуелсіздік алған соң көп ұзамай құрылған, Отанымыздың өнерлі ұл-қыздарын баулуға қанатқақты талаптанған жас білім ордаларының бірі. Колледждің түлектері қазір облысымыздың білім беру орындарында, мәдениет мекемелерінде еңбек етіп жүр, тіпті, оларды Маңғыстаудың барлық ауылдарынан кездестіруге болады. Бұдан айтарым, колледж еліміздің білім беру саласына ән мен күйден, бейнелеу өнерінен сабақ беретін мұғалімдер дайындаса, мәдениет саласын аспапшылар, т.б. мамандық иелерімен толықтыруда. «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында осы екі сала Мемлекет басшысы Н.Назарбаев назарынан тыс қалған жоқ. Өзге елдермен үзеңгі қағыстыра алатын мамандар дайындау үшін бәсекеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін қалыптастыру және мәдениетке қатысты саясаттың тұжырымдамасын жасау тапсырылды. Бұл тапсырмалар қос саланы жаңару, жаңғыру жолына түсіреді деп ойлаймыз.
Енді құзырлы орындар тарапынан іскерлік, тиянақтылық, жауапкершілік болуы қажет, ал барша отандастарымыз Жолдауға өзара татулық, бірлікті берік ұстану жағынан үлес қоса алады.
Аманбек СҮНДЕТОВ,
Маңғыстау Өнер
колледжінің директоры.
АҚТАУ.