22 Қаңтар, 2014

Ұйытқы болған ұмтылыс

373 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

01-Киноапталык Назарбаев Орталығының жасампаз жобаларын жүзеге асыруда

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2012 жылдың 23 қаңта­рында құрылған Назарбаев Орталығы Елбасының идеялары мен бастамаларын қарапайым халыққа жеткізуді және оған қолдау көрсетуді көздейді. Мақсатқа жету үшін орталық көптеген жасампаз жобаларды жүзеге асырады.

 

Назарбаев Орталығының жасампаз жобаларын жүзеге асыруда

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2012 жылдың 23 қаңта­рында құрылған Назарбаев Орталығы Елбасының идеялары мен бастамаларын қарапайым халыққа жеткізуді және оған қолдау көрсетуді көздейді. Мақсатқа жету үшін орталық көптеген жасампаз жобаларды жүзеге асырады.

01-Киноапталык

Өткен жылы аталмыш мекеме бірнеше республикалық һәм халықаралық шараларға ұйытқы болды. Соның бірі – «Елімнің тағдыры – менің тағдырым!» республикалық форумы дер едік. Отандастарымыздың жетістіктерін өзгелерге үлгі ету арқылы Қазақстан халқының жаңа дүниетанымын қалыптастыруды мақсат тұтқан жиын 10 мың адамның атсалысуымен Семей қаласында қорытындыланды. Бұған дейін қалалық, аудандық, облыстық деңгейде 206 форум ұйымдастырылып, оған 70 мыңға жуық адам қатысты. Барлық форумда көрнекті қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар өкілдері, этномәдени бірлестіктер қызметкерлері мен ғылыми, шығармашылық қауым, соғыс және еңбек ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер, танымал спортшылар, сондай-ақ, жастар ұйымдарының көшбасшылары спикер атанып, сөз сөйледі. Олар Қазақ елінің бүгінде әлемді мойындатқан жетістіктерінің барлығында тұтас халықтың, оның ішінде әрбір қазақстандықтың ерен еңбегі мен орасан зор үлесі бар екенін тілге тиек етіп, ел мен ер тағдырының тұтастығы Отанымыздың тұрақты дамуына кепіл болып отырғанын айтты.

Жалпыұлттық сипатқа ие болған форум ел бірлігі мен Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып қана қоймай, қоғамда Қазақстан халқының дәстүрлері мен мәдениетіне және тарихына құрметпен қарау түсінігін қалыптастырды.

Назарбаев Орталығы жасөспірімдер мен жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттауда да ілкімді ізденістерге қадам жасады. Орталық Елбасының бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыру үшін жасөспірімдерге «Астана – Барселона» жазғы футбол мектебінде шеберлік шыңдау мүмкіндігін туғызды.

Айта кетейік, «Астана – Барселона» жазғы футбол мектебі Назарбаев Орталығының бастамасымен құрылған. Жоба Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыруды мақсат тұтады. Былтыр республикамыздың түкпір-түкпірінен іріктелініп алынған 9-11 жас аралығындағы 80 бала Испаниядан келген жаттықтырушылардан доп тебудің қыр-сырын үйренді. Биыл жазғы мектептегі жаттығу мерзімі ұзартылып, жаттығатын жасөспірімдердің саны көбейеді. Жас таланттарды табуға бағытталған жоба жыл сайын жалғасын тауып тұрады.

Назарбаев Орталығының жанынан Қазақстан Республикасындағы Президенттік институтқа, мемлекеттіліктің қалыптасуы мен даму тарихына, сондай-ақ, саяси-қоғамдық, әлеуметтік-мәдени мәселелерге арналған басылымдарды жүйелеп, жарыққа шығарып отыратын Баспа үйінің ашылуы аса елеулі оқиғалардың бірі болды. Баспа үйі тәуелсіз Қазақстанның тарихы мен мәдениетін зерттеушілер үшін бірыңғай ақпараттық кеңістік пен кәсіби орта қалыптастыруға, ғалымдар мен талантты жастардың және еліміздің тарихы мен мәдениетіне қызығушылық танытатын адамдардың ғылыми күшін біріктіру үшін жаңа алаң құруға күш жұмсады.

Баспа үйі өзінің алғашқы өнімі ретінде оқырманға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақалалары мен сөйлеген сөздерінен іріктелініп алынған толғамдар негізіндегі «Жылдар мен ойлар» және «Времена и думы» атты кітаптарды ұсынды.

Бұл кітап осыған дейін жарық көрген Елбасы туындыларының мейлінше толықтырылған нұсқасы болды. Туынды Президентіміздің қатардағы ел басшысы емес, терең ойлы, алдағыны адаспай болжайтын көреген, өткір тілді шешен және мәдениетті ақыл иесі екенін таныта түскен. Кітап 15 тарауға бөлініп, тақырыптарға жіктелген. Мұнда Отан, жер тағдыры, тәуелсіздік, тұрақтылық, ұлттық сана, ел бірлігі және ұлттық намыс тақырыбына басымдық берілген.

Назарбаев Орталығының араласуымен Бейжіңде Президент Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбековтің «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» деген кітабы қытай тілінде жарық көрді. Тарихи-публицистикалық баяндау жанрында жазылған және очерктер серия­сы негізінде құрылған кітапта Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметі әңгімеленеді. Автор нақты фактілерден құралған материалдардың, бірегей мұрағаттық құжаттардың, сондай-ақ, жеке бақылауының негізінде Мемлекет басшысының сан қырлы болмысын адам, азамат, ұлт көшбасшысы ретінде көрсете білген.

Назарбаев Орталығының мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жолында жан аямай еңбек етіп жүрген қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерін, қоғам қайраткерлері мен ұстаздарды, БАҚ өкілдері мен қазақ тіліне қатысты игі істерге қаржылық қолдау көрсетуді дәстүрге айналдырып жүрген кәсіпкерлерді «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапаттауы аса айтулы шара болды. Өткен жылы «Тіл жанашыры» деп танылған 27 азаматқа құрмет көрсетіліп, омырау белгілері тапсырылды.

Орталықта Тұңғыш Президент күніне орай өткізілген «Тұңғыш - Первый» атты деректі фильмдер апталығында Мемлекет басшысының өмірі мен қызметін жан-жақты ашып көрсететін 8 деректі фильм көрсетілді. Күн сайын жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің және мектеп оқушыларының назарына 2 деректі фильм ұсынылды. Нәтижесінде 5 мыңға жуық адам «Ел анасы», «Үзеңгілестер», «Қазақстан жолы: Тәуелсіздік хроникасы», «Галстуксыз үлкен саясат», «Президентпен бес кеш. 4-5 бөлімдер», «Президентпен бес кеш. 1 бөлім», «Әлемге көзқарас: G:20 – дағдарыстан шығу кілттері» және «Назарбаев Live» деген деректі киноларға куә болды. Әр көрсетілімнен кейін деректі фильмдер жеке-жеке талданып, Президенттің үзеңгілестері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, сонымен қатар, фильмдер­дің авторлары көрермендердің сұрақтарына жауап берді.

Апталық аясында «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» атты интерактивті экспозиция ұйымдастырылды. Жиналған жұрт көрмеге қойылған материалдар арқылы Мемлекет басшысының мектептегі бала дәуірі мен жасөспірім шағындағы, комсомол мен партия қатарындағы және мемлекеттік іске араласа бастағандағы кезеңдерімен танысты. Президенттің жеке мұрағатынан алынған түрлі тарихи құжаттарды көріп, 60-90-жылдар аралығында мерзімді баспасөзде Нұрсұлтан Назарбаев жайлы жазылған мақалаларды оқу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, Елбасының медальдары мен ордендерін, құрмет қағаздарын, отбасы мүшелерімен түскен фотосуреттерін тамашалап, арнайы құрылғылармен аудиокітаптарын тыңдады.

Сол апталық аясында Назарбаев Орталы­ғының жастары «Болашақ» бағдар­­­ламасының түлектері мен жоғары оқу орындарының студенттеріне және мектеп оқушыларына Елбасының бірлік, адамгершілік, қазақстандық патриотизм, мемлекет, жаһандану, саясат пен экономика, өркениет пен мәдениет туралы таңдамалы нақыл сөздері мен ой толғаныстары енген «Еркін елдің ертеңі» атты жинағының таныстырылымын жасады.

Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде 20 мың данамен жарық көрген қойын кітап Отанды сүю – суығына шыдап, ыстығына күю», «Өткенге қарап, ертеңіңді түзе», «Мемлекет мерейі мығымдығында» деген бөлімдерден тұрады.

Қойын кітаптың алғашқы бетіне Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Менің өмірімнің шағын бір белесі – бұл қазақтың мыңдаған қарапайым ұл-қыздарының өмір белесі» деген сөзі басылған. Дәл осы пікірді Елбасы 1963 жылы 23 жасында білдіріпті.

Ерекше атап көрсетерлігі, қойын кітап үлгісіндегі бір жинаққа Президенттің орамды ой­лары мен парасатты пайымдарының 3 тілде қа­тар берілуі елімізде бұрын-соңды болған емес.

Заманауи, инновациялық әдістерді қолда­на отырып, Назарбаев Орталығы қазіргі Қазақ елінің қоғамына барынша тиімді болуға ұмтылады. Орталық Қазақстандағы мемле­кеттілік тарихын, еліміздегі Президенттік институт­тың қалыптасуы мен дамуын, «Қазақ­стандық жолдың» позитивті тәжірибесін жүйе­лі зерттеумен және насихаттаумен айналы­сатын елдегі және шет мемлекеттердегі ғылыми-зерттеу және білім беру институттары­мен тығыз қарым-қатынас жасайды. Мемлекет басшысының идеяларын жүзеге асырушы мекеме ретінде Назарбаев Орталығы ел азамат­тарының патриоттығын қалыптастыру мен нығайту, дінаралық және конфессияаралық төзім­ділікті дамыту, азаматтық қоғам құру және ұлттық-адамгершілік құндылықтарды сақ­тау сынды бағыттарды темірқазық тұтады.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар