Ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғымбаев «Нұр Отан» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарға қабылдау жүргізді.
Ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғымбаев «Нұр Отан» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарға қабылдау жүргізді.
Елорда мен республика өңірлерінің тұрғындары вице-министрге ескі паспорттарын ауыстырып, жаңа жеке куәлік алу туралы өтініштер білдірді. Атап айтқанда, Қарағанды қаласында тұратын Литвинов балалар үйінің тәрбиеленушісі Сергей Токаревте Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі болмаса, Ілияс Ахмедханов 1974 жылдан бері паспортын ауыстырмапты.
Вице-министрге, сондай-ақ, ІІБ мен ІІД қызметкерлері қылмыстық істерді тексеруде жұртшылықты әуре-сарсаңға салатындығына шағымдар айтылды. Мәселен, Н.Ибраева есімді азаматша Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД қызметкерлері туысының қаза табу фактісі бойынша қылмыстық істі әділ тексермегені туралы арызданды.
С.Тәңірбергенова, Т.Байжолдинов пен Б.Тілеубеков ұрлық пен алаяқтық фактісі бойынша Алматы және Алматы облысы ІІД қызметкерлері тарапынан қылмыстық істі тексеруді жылдамдату жөнінде өтініш айтты. Сондай-ақ, Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген бірқатар азаматтар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне шағым білдірді.
«Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдау қорытындысы бойынша құқық қорғау органдары мен Ішкі істер министрлігіне мониторинг жүргіземіз, яғни қай өңірден шағымдар көп түсті, егер арыздар көп болса, сәйкесінше ол департаменттің жұмысындағы, сондай-ақ, басшылықтың қызметіндегі олқылық болып саналады. Бүгінгі күні айтылған арыздар бақылауға алынды, министрлікке жолданғаннан кейін оларға жауап қайтарылатын болады. Ал аумақтық орган бір ай мерзім ішінде тиісті шаралар қолданып, есеп беруі тиіс. Біз адамдардың мәселесін түбегейлі шешуге тырысамыз», деді Ішкі істер вице-министрі Е.Тұрғымбаев.
Қабылдау барысында Е.Тұрғымбаев Астана қаласының 13 тұрғынына кеңес беріп, бейнемәжіліс байланысы арқылы Қарағанды, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарынан хабарласқан 5 адамның мәселесін өз қадағалауына алды. Қорытындылай келе, Ішкі істер вице-министрі азаматтардың өтініштері бойынша мәселені шешу үшін аумақтық органдарға бірқатар тапсырмалар берді.
«Егемен-ақпарат».