Аймақтар • 23 Тамыз, 2021

Мектептер жаңа оқу жылына дайын ба?

982 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаңа оқу жылы жақындап келеді. Өткен жылдың біраз бөлігі қазіргі жағдайға байланысты қашықтан оқытумен өтті. Бүгінде білім күніне орай, барлық жерде дайындық қызу. Ал Жамбыл облысында санаулы күндерден соң басталатын жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Мектептер жаңа оқу жылына дайын ба?

Облыстық білім басқарма­сы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырованың айтуынша, жаңа оқу жылында өңірдегі 442 мектепке 240 мың­нан аса оқушы барады. Бірінші сыныпқа болжаммен 22 мың 327 оқушы келеді деп күтілуде. Мектеп мұғалімдерінің 98,6 па­йызы коронавирусқа қарсы екпе салдырған. Сонымен қатар білім басқармасының өкілі жаңа оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін 3,1 млрд теңге бөлін­генін де айтты.

«Жаңа оқу жылында оқу­шы­лар оқулықтармен 100 па­йыз қам­тамасыз етіледі деп жос­пар­лануда. Бүгінде оқулық­тар­ды баспадан тасымалдау жұ­мыстары жүргізілу­де. Ал об­лыс мектептері оқу үде­рісінде пайдаланатын жұмыс қал­пындағы 52 мың 797 дана компьютермен жабдықталған», дейді Ж.Бекбатырова.

Бұл ақпаратқа қарап өңірдегі білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайындығы жақсы екенін көруге болады. Алайда аймақ­та апатты және үш ауысымды мек­тептердің мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Жыл сайын жұмыс жүргізілгенімен, өңірдегі бұл мәселе толық шешіл­ген жоқ.

Жалпы, облыста қазіргі кезде 3 апатты, 6 үш ауысымды және 6 орын тапшылығы бар мектептер бар. Аталған мектептер Тараз қаласы мен Қордай, Шу аудандарында орналасқан. Дегенмен биыл өңірде 10 жаңа білім ошағы пайдалануға беріледі деп жоспарланыпты. Oның ішінде құрылыс есебінен 8, жекеменшік мектептер ашу есебінен 2 мектеп бар. Алайда өңірде мектеп салу, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу мәселесіне келгенде жа­уап­ты мекемелер сынның ас­тын­да қалып отыр. Бірқатар білім ошағында жұмыс баяу. Об­лыс әкімі Бердібек Сапарбаев та жуыр­да облыстық білім басқар­ма­сының басшылығын сынға алған болатын. Мәселен, Қордай ауданы, Күнбатыс ауылындағы апатты мектептің орнына салынып жатқан 150 орындық мектептің құрылысына қатыс­ты мәселе көтерілген. Жұмыс­ты баяу жүргізіп келе жатқан мердігер компанияның аталған нысанды жаңа оқу жылына дейін тапсыра алмауы мүмкін екені айтылған. Дегенмен олар қыркүйек айына дейін тапсыратынын айтып, сендіруде. Мұндай мәселе Тараз қаласында да бар.

«Бүгінгі таңда 2 мектептің күр­делі жөндеу жұмыстары то­лық аяқ­талды. 1 қыркүйекке дейін 9 мек­тептің күрделі жөндеу жұ­мыстары аяқталады. Ал 4 мек­тептегі күрделі жөндеу жұмыс­тары осы жылдың соңына дейін аяқ­талады деп күтілуде. Бұл жұмыс мектептерде оқу процесі оқушыларды жақын орналасқан мектептерде немесе әкімшілік ғимараттарында оқыту арқы­лы ұйымдастырылады», дейді Ж.Бекбатырова.

Ал Жамбыл облысы бойын­ша білім саласында сапаны қам­тамасыз ету департаментінің басшысы Дәмеш Өскембаева биылғы маусым-шілде айларында еліміздің Білім және ғылым министрінің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерде кешенді мониторинг жүргізілгенін, оған облыстағы барлық 442 мектеп қамтылғанын жеткізді.

«Мониторинг қорытындысы бойынша бірқатар мәселе анық­талған. Атап айтқанда, мек­теп­тердегі асханалардың, спорт зал­­дарының, пән кабинеттері мен лабораториялардың жетіс­пеуі сияқты мәселелер бар. Бұл бо­йын­ша Білім және ғылым ми­нистр­лігіне, облыс әкімдігі мен білім басқармасына талдамалық ақпараттар жолданды. Сондай-ақ анықталған мәселелер бойынша білім бөлімдеріне нақты тапсырмалар берілді», дейді ол.

Сонымен қатар бүгінде облыс бойынша 9 мектепте құ­рылыс жұмыстары жүргізілу­де. Оның ішінде Тараз қала­сын­дағы №2, №16, №22 және «Шалғай Қарасу» алабында ор­на­­лас­қан орта мектептер, Бай­зақ ауданындағы Бурыл және Үл­гілі орта мектептері, Қор­дай ауданындағы Масаншы, Күн­батыс және Қалғұты орта мек­теп­­тері бар. Ал 4 мектептің құры­лы­сы жаңа оқу жылына дейін аяқ­талып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

 

Жамбыл облысы