Коронавирус • 23 Тамыз, 2021

Вакцина салдырғандар 10 млн-ға жетеді деген үміт бар

275 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Дельта» штамы дүние жүзін дүрліктіріп, коронавирус инфекциясының қайта күшеюіне алып келіп жатыр. Өкінішке қарай, індет таралуының бұлай қарқын алуы Қазақ­станды да айналып өткен жоқ. Кейінгі айларда ауру жұқ­тырғандар күрт көбе­йіп, адам шығыны да аз бол­мады. Дегенмен елімізде 1 та­мыздан бастап корона­вирус­тың таралу индексі 1,11-ден 0,97-ге, яғни 14%-ға тө­мендепті. Қауіптің қа­те­рін түсіне түскен ха­лық­­тың вакцина салдыру бел­сенділігі де арта бас­таға­ны бай­қалады. Осы қар­қын сақ­талса, қыркүйек айын­да вак­цина салдырған азамат­тарымыздың саны 10 млн-ға жетеді деген үміт бар.

Вакцина салдырғандар 10 млн-ға жетеді деген үміт бар

Бұл ретте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық ком­муникациялар қызметі ала­ңында жан-жақты мағлұмат берді.

– Эпидемиялық жағдай матрицасына сәйкес Қазақстан және еліміздің 16 өңірі «қызыл ай­мақта» орналасқан. «Жасыл ай­мақта» – Түркістан облысы ға­на. Соңғы үш апта ішінде Қа­зақ­­­­станда эпидемиялық ахуал­­дың біртіндеп тұрақтануы бай­қа­­ла­ды, бір аптаның ішінде ор­та­­ша есеп­пен 53 мыңға жуық жағ­­­дай тір­ке­луде, осы апта­ның төрт күнін­де КВИ-дің оң нәти­же­­сімен 28 588 жағ­дай және КВИ-дің теріс нәтижесі­м­ен 1 376 жағ­­дай тіркелді. 1 тамыздан бас­­­тап елімізде коронави­рус ин­­­фек­циясының таралу ин­дексі 1,11-ден 0,97-ге, яғни 14%-ға тө­­мендеді. Ин­фек­циялық төсек­­тік орынмен қам­ту 52%-ды, реа­нимациялық төсектік орын­­­мен қамту 48%-ды құ­рай­­ды. Инфекциялық төсектік орын­­­дарының жоғары қамты­луы Ақтөбе облысында – 71%, Қызыл­­орда облысында – 66%, Алма­­ты қа­ласында – 63%, Алматы об­­лысында – 60%, – деді А.Цой.

Сонымен қатар министр КВИ-ға қарсы вакциналау про­цесі жалғасып жатқанын, бүгінгі таңда вакцинаның 11,1 млн дозасы пайдаланылғанын атап өтті. Бірінші компонентпен 6 276 224 адам вакцина салдырды, бұл тиісті халықтың 63%-ын құрайды. Екінші компонентпен 4 913 196 адам қамтылды. Бұл ретте А.Цой қыркүйекке қарай 10 млн қазақстандықты вакцина салдырады деген жоспардың жайы қалай болып жатқанына тоқталды.

– Қандай жағдай болмасын, қыркүйек айында бар­лық аза­мат вакцина салдырады деп үміт­тенеміз. Көріп отыр­ған­­да­ры­ңыздай, мемлекеттік органдардан басқа, белсенді ұстанымы бар көптеген азамат әлеуметтік желілерде вакцина салдырудың қажеттігі туралы жаза бастады. Демалыс кезеңі аяқталып, аза­мат­тар жаппай жұмысқа шы­ға­тын кезде вакцина салдыру бел­сен­ділігі артады деген үміт бар. Яғни қыркүйек-қазан айларында бұл қарқын күшейетін шы­ғар. Ал біз азаматтарды вакци­на сал­дыруға шақырудан шаршамаймыз, – деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар министрлік осы күзде ревакциналау мәселе­сін шешпек. А.Цой Қазақстан­да вакциналау ақпан айында басталғандықтан, ойлануға, дәлірек айтқанда, халықаралық тәжірибе мен зерттеулерді зерттеуге уақыт бар екенін мәлімдеді.

– Вакциналау бағдарла­ма­сы ақ­пан айында басталды, адам­­­дар­дың басым бөлігі ма­­мыр-шіл­де аралығында вакцина сал­­дырды. Қазақстанда вак­­цина алған азаматтардың им­мун­ит­еті айтарлықтай күшті. Ха­лық­а­ра­лық тәжірибені зерттеуге әлі де уақыт бар: бұл қалай өт­ті, қан­дай вакциналар, әртүрлі ва­к­ци­­наларды салдыруға бола ма, қандай мерзіммен? Себебі қазір нақ­ты ұсыныстар жоқ, тек бас­тап­қы клиникалық зерттеулер ғана бар, біз дәлелденген ақпа­рат­қа сүйенуіміз керек. Толық зерт­­теу жұмыстарын жүргізіп жатыр­­мыз, барлық құзыретті орган­­дар­ға жүгіндік, – деді министр.

Жақында елімізге ДДҰ-да ак­кредиттелген Қытайдың Sinopharm вакцинасының 1 млн дозасы әкелінді. Егу пункттеріне 659 400 доза вакцина жеткізілді, өткен аптада вакциналау басталды, 38 161 адам вакцина салдыр­ды. Қазір егу пункттерінде бар­лығы 1,3 млн бірінші компонент және 940 мың екінші компонент вакцина бар.

Министр жоғарыда қыркүйек айында вакцина салдыру қарқы­ны арта түсетінін алға тартты. Осы орайда аталған айда жаңа оқу жылы басталатынын, дәс­түрлі оқыту режіміне оралатын мек­тептерде қауіпсіздік шаралары қалай сақталатынын айта кет­кен жөн. Бұған қатысты мәлі­метт­ерді Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният берді.

– Денсаулық сақтау са­ла­­сы бойынша сани­тар­лық-эпи­демиялық қызмет­керлер әкім­діктермен бірігіп, мектептердің оқу жылына дайындығын тексеруде. Бұл шара 25 тамызға дейін жалғасады. Бүгінде 354 мектептің дайын емес екені анықталды. Тексеру ба­ры­сын­да мектептердің сани­тар­­­лық-эпидемиялық тал­ап­тар­ға сай болуына назар ауда­ры­лады. Атап айтқанда, ғи­ма­рат­тардың санитарлық-эпи­де­миялық жағдайлары, ба­лалар мектепке келгенде ара­қашық­тықты сақтау туралы ай­қын белгілердің және қолды дезин­фекциялауға арналған сани­тайзерлердің болуы, сондай-ақ мектепке кіреберісте бала­ларды өткізуді бақылау қалай жүр­гізі­летіні тексеріледі. Қазір­гі кезде бас санитарлық дәрі­гер­дің қаулысының жобасы әзір­ленуде. Онда сыныпта бір бала КВИ жұқтырса, науқаспен байланыста болғандықтан сыныпты толықтай карантинге жіберу қарастырылған, – деді А.Ғиният.

Оның айтуынша, ДДҰ да балалардың мектепке баруына кеңес беріп отыр екен. Қанша індет болса да, дамыған елдер, соның ішінде Германия, Ұлы­британия, Франция, Швейцария, Бельгия сияқты елдер балаларды оқытуды тоқтатқан жоқ. Елі­мізде оқу жылы басталған соң мо­н­иторингтік топтар, эпи­демио­ло­гиялық қадағалау коми­теті мек­теп­терді тексеріп тұрады. Ауы­рып қалған балаларды, байла­ныс топ­тарын, ошақты тексеру үшін олар әр мектепке кіреді. Егер қо­­­йыл­­ған санитарлық-эпиде­миялық талаптар сақ­тал­маса, Әкімшілік кодексі­нің 425-ба­бының 1-бөлі­гіне сәй­кес айып­пұл салына­ды. Атап айт­қан­да, жеке тұлға­ларға – 30 АЕК, лауа­зым­­ды тұлғаларға, ша­ғын кәсіп­керлік субъек­ті­лері­не немесе ком­мерциялық ұйым­­дарға – 230 АЕК, орта кәсіп­­кер­лік субъек­ті­леріне – 310 АЕК жә­не ірі кәсіп­керлік субъек­тілеріне 1 600 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

– 1 қыркүйектен бастап Ashyq қосымшасы мектептерде де енгізіледі. Бұл ретте мектепке Ashyq арқылы кіруге оқушылар емес, қызметкерлер міндетті бо­лып отыр. Мұнда науқаспен бай­ланыста болған немесе ПТР-тест­пен індет жұқтырғаны анық­тал­ған мұғалімдер мен қызмет­кер­лерді мектептерге жібермеу ма­ңызд­ы. Ал ата-аналар балаларын мек­тептің кіреберісіне апара­ды, одан әрі оқушылар өздері барады. Егер белгілі бір ата-ананы мек­тепке шақыртса, онда ол қо­сым­ша арқылы кіреді, – деп нақ­тылады ДСМ Санитарлық-эпи­де­миологиялық бақылау коми­теті­нің төрайымы Айжан Есмағамбетова.