Коронавирус • 23 Тамыз, 2021

«Үй ошағы» індет ошағына айналды

262 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында соңғы екі аптада коронавирус инфекциясы тіпті екіленіп кеткен. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстың бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгин қауіпті дертпен ауырғандар санының 1,2 есе өсіп кеткенін өкіне мәлім етті.

«Үй ошағы» індет ошағына айналды

Қазіргі уақытта Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәт­баев қала­ларында, Абай және Оса­каров аудандарында ауру­шаң­дықтың жоғары көрсет­кі­ші бай­қалған. Ал жалпы облыс бо­йын­ша панде­мия басталған­нан бері 76 347 адам­ның КВИ жұқ­тыр­ғаны зертхана­лық тұрғыда расталып, ресми тіркелген екен.

– Коронавирус инфекциясы бо­йынша эпидемиялық жағдай­дың шиеленісуіне және облыс тұрғындары арасында «Дельта» штамының қарқынды таралуына, сондай-ақ клиникалық симп­томдары бар науқастардың көбеюіне байланысты, меншік нысанына қарамастан Ashyq жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметін тоқтата тұруды жалғас­тыру туралы шешім қабыл­дан­ды. Мұның тек тіршілікті қам­тамасыз ету және байланыс­сыз қызмет көрсету нысандары мен құқық қорғау және мемлекеттік органдарға ғана қатысы жоқ. Бұған қоса Ashyq қосымшасына қаты­сушылар сенбі және жек­сенбі күндері қызметін тоқта­тады, – деді Ю.Залыгин.

Бұл дегеніңіз – Қарағанды облысы бойынша тамыз айының 21-нен бастап карантиндік шек­теу­лер­ді жұмсартпау жөніндегі жа­ңа қаулы күшіне енеді деген сөз.

Алда жаңа оқу жылы келе жатыр. Облыстың бас санитарлық дәрігері оқу жылын штаттық режімде бастау үшін барлық білім беру ұйымдарында Ashyq жобасы жүйесін енгізудің қажеттілігін атап өтті. Медициналық қарсы көр­сетілімдері бар немесе соң­ғы үш айда КВИ-мен ауырған­дар­ды қоспағанда, 18-ден және одан жоғары жастағы студент­тер вакцина алуы тиіс. Ал жатақ­хана­ларға тек вакциналаудан өткен студенттер ғана орналаса алады.

Брифингте облыстағы барлық мектепте бастауыш, орта және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек есіктер болуының талап етілетіні айтылды. Колледждер мен жоғары оқу орындарында барлық кіру-шығу жолдарын іске қосу қажет болады.

Сондай-ақ білім беру ұйым­дары үшін бірқатар талап белгі­­лен­ді. Мысалы, қызметкер­лер мен білім алушылар күнделікті сүз­­гі­­ден өткізіледі. Дәрістерді қос­па­­ғанда, кез келген бұқаралық іс-ша­ра­ларды өткізуге тыйым салы­на­ды. Кабинеттік оқыту жүйе­сі тоқ­­татылып, үй-жайларды мін­дет­ті түрде желдетіп отыру және бас­қа да қауіпсіздік шаралары талап етіледі.

Ю.Залыгин Қарағанды облы­сы­ның тұрғындары коронавирус инфекциясын қай жерде жиі жұқтыратыны туралы деректерді жария етті.

– Ауруды қолдайтын фактор­лардың ішінде «үй ошағы» бо­йынша байланыс бірінші орын алады. Мұның үлесі 30%-ды құрап отыр. Қоғамдық көлікті пайдаланудағы үлес – 18%, ал сауда үйлері мен орталықтар­ға барғандар ауырғандардың 16%-ын құраған. Анықталмаған факторлары бар жағдайлардың үлес салмағы 19%-ға дейін артқан. Бұл науқастардың көп адам­дар қатысқан тойларға және басқа да іс-шараларға қатыс­қандарын жасырғанын жанама түрде растайды, – деді ол.

Бұдан нені аңғаруға болады? Бұл аурудың негізгі ошағы той-томалақ және басқа да отбасылық жиындар екенін көрсетеді.

Облыстың бас санитарлық дәрігері 60 жастан асқан адамдар­дың ауруға жиі ұшырап жатқанын айтты. Олар барлық тіркелген КВИ жағдайларының 23%-ын құрай­ды екен. Айта кететін тағы бір жайт, коммерциялық сала қыз­меткерлері арасында ауру­шаңдық екі есе өскен. Өкініш­ке қарай, коронавирус инфекция­сын жұқтырған мектеп оқушы­лары­ның саны да арта түсіпті.

Облыста карантиндік шектеу­лер тәртібін бұзғандармен күрес те қызу жүргізіліп жатыр. Жыл ба­сынан бері 500-ден аса жос­пар­дан тыс тексеру жүргізіліпті. Құқық қорғау органдарынан сан­­эпидқызметке 1 100-ден аса материал келіп түскен. Бизнес нысан­­дарына жалпы сомасы 111 млн теңгеден асатын 1 387 айып­пұл салыныпты.

Облыс бойынша Ashyq жобасының көмегімен 4 753 құқықбұзушы анықталған екен. Оның ішінде 3 946 адамның «қызыл» мәртебесі, ал 807-сінің «сары» мәртебесі болған. Үй карантинін бұзғаны үшін 58 адамға жалпы сомасы 2,5 млн теңгеден аса айыппұл салыныпты. Ю.Залыгин «қызыл» мәртебесі бар карантинді бұзу­шы­лардың есімдері Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депар­таментінің сайтында және БАҚ-та жарияланатынын ес­кертті. Бірақ осындай шараларға қарамастан, той мен ас өткізу сияқ­ты отбасылық жиындардың ты­йылмай тұрғаны қынжылтады.

– Бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, бұзушылықтар азаймай тұр. Кейбір тұрғындар Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қаулысының барлық талаптарын елемей, той, құдалық, мерейтой салтанаттарын ұйымдастырады. Тағы да еске салғым келеді: осын­дай іс-шаралармен сіз өзі­ңіз­дің денсаулығыңызға ғана емес, жақындарыңыздың денсау­лығына да қауіп төндіресіз. Өйткені біреу жасына немесе денсаулығына байланысты коронавирус инфекциясына қарсы тұра алмайды, – деп атап өтті Ю.Залыгин.

Брифингтің соңында облыс­тың бас санитарлық дәрігері қара­ған­ды­лықтарды коронавирус ин­фек­циясына қарсы вакцина сал­дыруға, ал ауыра қалған жағ­д­айда өзін өзі емдемей, бір­ден дәрігердің көмегіне жүгінуге шақырды.

 

Қарағанды облысы