Іс-шара мақсаты - жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балаларды қолдау. Іс-шара облыстың барлық аудандары мен қалаларында өткізіледі.
Білім басқармасы атап өткендей, бүгінде Ақмола облысында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 16 мыңнан астам оқушы бар, олардың 1123-і бірінші сынып оқушылары.
«20 тамыздағы жағдай бойынша «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 12951 оқушыға мектеп формасы мен кеңсе жабдықтарын сатып алуға көмек көрсетілді, сондай-ақ бірінші сыныпқа баратын 1046 оқушыға керек жарақтар жиналды», деп хабарлады облыстық ведомстводан.
Айта кетсек, ата-аналар да «Менің Атамекенім» порталында көмек алуға өтінім қалдыра алады. Бұл платформа көмекке мұқтаж адамдар мен қайырымдылық жасаушылар арасында тікелей байланыс орнатады.