Иә, 2000 жылы Сиднейде алауы тұтанған ғаламдық додада қазақтың төрт бірдей өрені ақтық сынға дейін алқынбай жеткен еді. Атап айтсақ, қарсыластарын қоғадай жапырған Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов алтын тұғырға көтерілсе, Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбеков күміс медаль иеленді. Тіптен жүлдесіз қалған Нұржан Кәрімжанов, Данияр Мұңайтпасов және Олжас Оразалиновке де өкпе айтқан ешкім болмады. Себебі олар да Аустралия төрінде еш аянбай айқасып, ширек финалға шыққан еді.
– Тұрсынғали аға, таяуда аяқталған Токио Олимпиадасын басынан аяғына дейін тамашалаған боларсыз. Небәрі екі қола медальды еншілеген боксшылардың өнеріне дүйім жұрттың көңілі толмады. Сіз де жігіттеріміздің жігерсіздігіне қынжылған шығарсыз?
– Бұл жолы әдеттегідей төрт жыл емес, бес жыл бойы тағатсыздана күткен Олимпия ойындарында біздің боксшылар дәл осылай сүреңсіз өнер көрсетеді деп ешкім де ойлаған жоқ. Тек біз ғана емес, шетелдіктердің өздері де аң-таң. Қазіргі кезде Қазақстан боксын дамыту үшін мемлекет тарапынан қыруар қаржының жұмсалып жатқаны белгілі. Осы саланың басы-қасында жүрген ауқатты азаматтар да ақшаны аяп жатқан жоқ. Бір сөзбен айтсақ, боксшылардың еш алаңсыз даярлануына қолайлы жағдайдың барлығы жасалған. Бірақ спорттың бұл түрінде ілгерілеу байқалмайды. Керісінше, кері кетіп бара жатқандаймыз. Қазақстан секілді бокс өнерінде бай дәстүрі бар іргелі мемлекет үшін қос қола дегеніңіз тым нашар көрсеткіш. Соған қалай күйінбейсің?! Кезінде бізде мұндай жағдайдың бірі де болмады. Әйтеуір, әркімге алақан жайғандай болып, қарыз сұрап, өз жыртығымызды өзіміз жамап жүрдік. Соған қарамастан зор белестерді бағындырдық. Сөз орайы келгенде ұзақ жылдар бойы отандық боксымызды өрге сүйреген іскер басшы Бекет Махмұтовтың ерен еңбегін ерекше атап өткім келеді.
– Осы саланың білікті маманы ретінде Токио Олимпиада-
сында біздің боксшыларға не жетпеді деп ойлайсыз?
– Әрбір жарыстың нәтижесі үшін ең бірінші кезекте ұлттық құрама бапкерлері жауап беруге тиіс. Негізі бұл сұрақты соларға жолдағаныңыз жөн. Ал менің жеке пікірімді білгіңіз келсе, дайындық жұмысын жүргізу барысында көптеген кемшілік кеткенін айтар едім. Біріншіден, менің бір байқағаным, оқу-жаттығу жиындары тым жиі өткізілді. Оның қажеті бар ма, жоқ па, оған мән берген ешкім болған жоқ. Сол саны көп, сапасы аз жиындар спортшыларды қатты қажытты. Мәселен, жыл басынан бері ұлттық құрама мүшелері Куба мен АҚШ-та, одан кейін Ресейдің Кисловодск қаласында даярланды. Айналайындар-ау, осыдан бірнеше жыл бұрын Алматының дәл іргесінде керемет олимпиадалық база салынды ғой. Ол жердің табиғаты кермет, ауасы саф таза. АИБА-ның базасында еш алаңсыз жаттығу үшін барлық жағдай бар. Анда-мында сандала бергенше, сол жерде неге даярлана бермеске? Екіншіден, Олимпия ойындарының басталуына екі айдан кем уақыт қалғанда еліміздің бірінші нөмірлі боксшыларын Азия чемпионатына қатыстырдық. Оның не қажеті болғанын әлі де түсіне алмай отырмын. Дубай жақын жер емес. Оның үстіне ол кездері Парсы шығанағында күн күйіп тұрды. Осы жағдай ескерілмеді. Құрлықтық деңгейдегі додаға қосалқы құрамдағы жігіттерді апарса да, ештеңеден ұтылмайтынымыз анық. Ал негізгі күшімізді Олимпия ойындарына сақтау керек еді.
Жалпы, Дубайдағы сәтсіздік біздің жігіттерге психологиялық тұрғыдан ауыр соққы болды. Азиядан алтынсыз қайтқан жерлестеріміз Олимпиадада да түк тындыра алмады. Боксшылардың Токиоға шаршап-шалдыққан күйі келгені бірден байқалды. Шыны керек, шаршы алаңда ешқайсысы көсіліп өнер көрсете алмады. Олардың қимыл-әрекеттеріне қарап, дәл бір елішілік жарыстарда күш сынасып жүргендей әсерде болдық.
– «Олимпиадаға шаршап келді» деп нақты кімдерді меңзеп тұрсыз?
– Команда мүшелерінің дені дәл сондай күйде болды. Мәселен, 81 кило салмақтағы Бекзат Нұрдәулетовті алайық. 2019 жылғы әлем чемпионатында оның қалай жұдырықтасқанын көрдіңіздер. Әр жекпе-жекке жұлқынып шығып, барлық қарсыласын сыпыра ұтты. Тіптен Кубаның даңқты боксшысы Хулио Сезар де ла Крустың өзін есеңгіретіп тастады. Биыл Санкт-Петербургте өткен «Губернатор кубогы» жолындағы жарыста да тамаша бабында болды. Финалда ринг қожайыны Имам Хатаевты жеңді. Бәсеке барысында қарсыласын нокдаунға жіберді. Бірақ Олимпиадада біз мүлде басқа Бекзатты көрдік. Ең өкініштісі, Токиода ол дәл сол Хатаевқа есе жіберді. Бәсеке барысында қандасымыздың бойынан жеңіске деген зор құлшынысты байқамадық. Бұл жерде қорытынды біреу ғана – Олимпиаданың алтын тұғырына көтерілуге тиіс боксшыны біз ең маңызды жарысқа әбден шаршатып әкелдік.
69 кило салмақтағы Абылайхан Жүсіповтің де күш-қуаты кеміген, жанарында от жоқ. Осыдан екі жыл бұрын Екатеринбургте өткен әлем чемпионатының жартылай финалында ол ресейлік Андрей Замковоймен өте жақсы жұдырықтасты. Тіптен жеңісті біздің жігітке де беруге болатын еді. Ал Олимпиаданың тұсаукесер кездесуінде Жүсіпов есімі көпшілікке беймәлім америкалық Деланте Джонсоннан ойсырай ұтылды.
– Сонда сіз Азия чемпио-
натына бұл боксшыларды бекер қостық деп отырсыз ғой? Барлық гәп осында ғана ма?
– Дәл солай. Өздеріңізге мәлім, Дубайдағы жарыстың командалық есебінде көш бастауды көздеген Өзбекстан мен Қазақстан құрамалары бір-бірімен әбден «қырқысты». Арада екі ай өткен соң Олимпия ойындарында екі жақ та оңбай опық жеді. Рио-де-Жанейродағы жарыста үш алтын, екі күміс және екі қоланы олжалап, айды аспанға бір-ақ шығарған өзбектер Токиода жалқы алтынды қанағат тұтты. Бұған дейін ғаламдық ойындардан бас жүлдесіз оралмаған қазақтарға бұл жолы қос қоланы қанағат тұтуға тура келді. Бізге керегі осы ма еді? Негізі бұл әңгіме Қазақстан мен Өзбекстанға ғана қатысты емес. Сары құрлықтан барған командалардың барлығы да Олимпиадада өте нашар өнер көрсетті.
Сөзіміз дәлелді болу үшін мына бір деректі алға тартайық: айтулы жарыста бәсекелер сегіз салмақ дәрежесі бойынша өрбігенімен, соның тек біреуінде ғана Азияның өкілі алтын тұғырға көтерілді. Ол – аса ауыр салмақта айқасқан өзбекстандық Баходир Жалолов. Филиппиндік Карло Паалам (52 кило) күміс алса, оның отандасы Эумир Марсиаль (75 кило), жапониялық Ремэй Танака (52 кило) және біздің Сәкен Бибосынов (52 кило) пен Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кило) қола медальды мойындарына ілді. Байқап қарасаңыздар, сарапқа салынған 32 жүлденің алтауы ғана азиялықтарға бұйырған екен. Бұл – өте нашар көрсеткіш! Салыстырмалы түрде алсақ, 2016 жылғы Олимпия ойындарында олар 12 (4 алтын+4 күміс+5 қола) жүлде алды. Ал 2012 жылы Лондонда сары құрлықтың сайыпқырандары 11 мәрте (3 алтын+4 күміс+4 қола) олжа салды.
– Рио Олимпиадасында төрешілер Василий Левитке көпе-көрнеу қиянат жасап, оны алтыннан айырды. Жерлесіміз Токиоға 91 кило салмақтың басты фавориттерінің бірі ретінде аттанды. Бірақ алғашқы кездесуінде ол ойда-жоқта испаниялық Эмануель Рейестен нокаутпен ұтылды. Аса жауапты жарыста жанкүйерлер Левит дәл осылай жеңіледі деп мүлде күтпеген еді...
– Иә, Васяның Рио-де-Жанейрода нағыз бабында болғаны рас. Финалда оған қиянат жасалғанын да көзіміз көрді. Бірақ одан бері бес жыл өтті ғой. Иә, бұрындары жиған мол тәжірибесінің арқасында Левит кейіннен де біраз белесті бағындырды. Алайда 2019 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында ол Оңтүстік Кореяның ортаңқол боксшысынан оңбай ұтылды. Сол жекпе-жекте нокаут алғаннан кейін-ақ Василийдің шама-шарқы белгілі болды. Осы жайттың барлығын саралай отырып, Токиода оның медаль алмайтынын ішім сезді. Бірақ сақа спортшы дәл осылай ойсырай ұтылады деп еш ойламадым. Меніңше, ардагердің орнына басқа бір жалындап тұрған жасты апару керек еді.
– Қазақ жанкүйерлері 75 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Әбілхан Аманқұл да «алысқа баратын шығар» деп үміттенді. Талай байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғаған боксшыға Токио төрінде не жетпеді?
– Жарысты Әбілхан техникалық та, тактикалық тұрғыдан да жақсы бастаған еді. Алғашқы кездесуінде Өзбекстанның мықтысы Фанат Қаһармоновты қапы қалдырды. Бірақ одан кейін Эберт Консейсан Соузаға әлі жетпеді. Шыны керек, бұл жекпе-жекте бразилиялық жігіт барлық жағынан басым болды. Дәл сол боксшының өнеріне төрткүл дүние жұртшылығы тамсанды деп ойлаймын. Ол біздің Әбілхан Аманқұлдан бөлек, Ресейдің мақтанышы Глеб Бакшиден басым түсті. Бұл бәсекелердің екеуінде де Соуза күмәнсіз жеңіске жетті. Ал финалдағы жекпе-жегі тіптен керемет болды. Күншығыс еліне алтын аламын деп нық сеніммен келген украиналық Александр Хижнякті есінен тандырды. Ал шешуші тұста Соузаға жол берген боксшылардың екеуінің де әлем чемпионы деген дардай атақтары бар.
– Қазақ «Біткен іске сыншы көп» деп бекер айтпаған ғой. Төртжылдықтың басты додасы аяқталғаннан кейін «Аманқұлдың орнына Тұрсынбай Құлахметті немесе Жүсіповтің орнына Асланбек Шымбергеновті апару керек еді» деген сыңайда әңгімелер өрбіді. Сіздің ойыңыз қандай?
– Бүгінгі таңда 75 кило салмақта Әбілханның алдын орайтын ешкім жоқ. Ол Тұрсынбайдан әлдеқайда күшті. Менің бұл пікіріммен мамандардың дені келіседі деп ойлаймын. Ал Абылайханның орнына Асланбекті апаруға болар еді. Бұл ретте ұлттық құрама бапкерлері 2018 жылғы Қазақстан чемпионатының қорытындысына сүйенді. Ақтауда өткен жарыста Жүсіповтің Шымбергеновті нокдаунға жібергені есімізде. Осы орайда, мына бір жайт ескерілуге тиіс еді: Жамбыл облысының өкілі Дүниежүзілік бокс сериясы жарысында (WSB) «Астана арландарының» намысын абыроймен қорғап, аса маңызды жекпе-жектерде жеңіске жетті. Сөйтіп, Асланбек дұрыстап демалып, тынығып, өз-өзіне келмеген күйі ел біріншілігіне қатыстырылды. Ол жарысқа қарағандылық өрен тың келді. Нәтижесінде, Абылайхан жеңіске жетіп, еліміздің бірінші нөмірлі боксшысы атанды.
«Шау тартып» қалған Зәкір Сафиуллинді басқа боксшылармен алмастырған жөн еді. 63 кило салмақ дәрежесінде одан бөлек Санатәлі Төлтаев пен Ертуған Зейнуллинов бар. Иә, «Олар Токиоға барғанда міндетті түрде жүлде алатын еді» деп ешкім кесіп айта алмайды. Алайда жастың аты жас қой. Зәкірге қарағанда олар әлдеқайда батыл қимылдап, жеңісті қарсыласының уысынан жұлып алу үшін жанын салып айқасатын еді. Өкінішке қарай, ардагер боксшының бойынан ондай ерік-жігер байқалмады. Ширек финалда Сафиуллин сол күнге дейін есімін ешкім естімеген аустралиялық боксшыға есе жіберді.
– Жапония астанасында қазақ боксшыларының жеңіп алған қос қола медалін көңілге медет тұтуға тура келді. Алайда күллі Алаш жұрты жартылай финалға дейін сүрінбей жеткен Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қонқабаев алтын алса деп армандаған еді...
– Сөз жоқ, 52 кило салмақта сайысқа түскен Сәкен дәл осындай қарқын көрсетеді деп ешкім күтпеді. Жапон жерінде ол өзін керемет қырынан көрсетті. Тіптен жерлесіміз жартылай финалда «жеңілді» деп айтуға ауыз бармайды. Бибосынов ұлыбританиялық Галал Яфаймен жақсы жұдырықтасты. Тек бірінші раундта төреші белгілеген нокдаун бәсеке тағдырын шешті. Иә, одан кейін Сәкен бірте-бірте «ойын» тізгінін қолға алды. Бірақ жеңіске жету үшін бұл жеткіліксіз болды.
Аса ауыр салмақтағы 22 жастағы АҚШ боксшысы Ричард Торрез жылдамырақ қимылдап, үнемі қарсыласының алдын орауға тырысты. Тәуекелге де жиі барды. Алғашында Қоңқабаев оның бұл ырқына көнбеді. Бірақ бәсеке бел ортадан ауғанда 30 жастағы Қамшыбектің қарқыны біраз бәсеңдеп қалды. Аяғымен аз қимылдай бастады. Сондай сәттердің бірінде Ричардтың жұдырығы біздің жігітке оңбай тиді. Соққының ауыр болғанын дер кезінде аңғарған төреші жекпе-жекті тоқтатты. Бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Жалпы, алдыңғы жылғы әлем чемпионатымен салыстырғанда Торрездің қатты өскені байқалды. Екатеринбургтегі жарыстың ширек финалында өзбекстандық Баходир Жалоловтан ауыр нокаут алғаннан кейін дәрігерлер оны зембілге салып алып кеткені есімізде. Ал бұл жолы америкалық «өліспей беріспеймін» деген кейіп танытып, ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Тіптен финалда Жалоловтың жүйкесін біраз тоздырғанын да көзіміз көрді.
– Қазіргі кезде «Ұлттық команда сапына кәсіпқой боксшыларды да тарту керек» деген әңгімелер де ара-тұра айтылып жүр. Осы мәселеге байланысты өз көзқарасыңызды білдірсеңіз.
– Егер олар ұлттық құрама мүшелерімен тәжірибе бөлісіп, көмектесу үшін келсе, бұл – құптарлық іс. Ал ел намысы сынға түсетін байрақты бәсекелерде кәсіпқойларға үміт артудың еш қажеті жоқ. Оның өзіндік себебі бар. Біріншіден, жоғарыдағыдай қадамға бару арқылы мәселе түбегейлі шешілмейді. Кәсіпқойларға арқа сүйегеннен гөрі, өзіміз әрекет етуміз керек. Қазіргі кезде республикамыздың әр қиырында көптеген спорт мектебі мен мамандандырылған интернаттар бар. Сол жерлерде мыңдаған жас жеткіншек жаттығып, талай бапкер еңбек етіп жүр. Солардың арасынан дарынды жастарды іздеп тауып, оларды жақсылап тұрып баптап, дұрыс бағыт беруіміз керек. Олай етпесек, жоғарыда айтылған мектептер мен интернаттарды мемлекеттің есебінен қаржыландырудың не қажеті бар? Онда ол мекемелерді жаба салайық! Екіншіден, ескі жүйеден арылу қажет. Ол үшін жасөспірімдер мен жастар буынынан бастап, ұлттық құрамадағы дайындық процесін оңтайландыруға тиіспіз. Жұмыс нәтижелі болу үшін жаңашыл көзқарас, жаңа буын, жаңа леп қажет. Үшіншіден, үлкен аренада өздерін мойындатып үлгерген кәсіпқойлардың әуесқойлар арасында күш сынасуға келісе қоюы екіталай. Өйткені олардың өз жоспарлары мен алға қойған мақсаттары бар. Ал ол жақта көптің бірі болып, ілініп-салынып жүргендердің бізге еш қажеті жоқ. Төртіншіден, кәсіпқой мен әуесқой бокс арасында айырмашылық өте көп. Тіптен екеуін екі түрлі спорт десек те болады. Екі жақта да жұдырықтасып жүрген жігіттер оны жақсы біледі. Тіптен мықты деген кәсіпқой боксшының өзі әуесқой рингте өзін түбегейлі мойындата алмауы мүмкін. Менің айтар уәжім осы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ