Медицина • 23 Тамыз, 2021

QazCoVac-P: Жаңа вакцина жаһанды жалт қарата ала ма?

333 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Отандық ғалымдар COVID-19-ға қарсы QazCoVac-P деп аталатын жаңа суббірлікті вакцинаны клиникалық зерттеудің алғашқы кезеңін аяқтады. Жаһан жаман індетпен жаға жыртысып жатқанда жарғақ құлағы жастыққа тимеген ғалымдарымыз осындай жақсы жаңалық жеткізіп отыр.  

QazCoVac-P: Жаңа вакцина  жаһанды жалт қарата ала ма?

 

Бұл дегеніңіз, қауіпті вирусқа қарсы қоятын қайратымыз бар екендігінің бірден-бір дәлелі. Осылай жалғаса берсе, әлі-ақ әлем жұртшылығы әлпетімізді ғылыми әлеуетімізден танитын болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Жаңа жағдайдағы Қа­зақ­стан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақс­тан халқына Жолдауында еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелері туралы айта келе «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі шешілді, бірақ отандық фармацевтика саласын аяғынан тұрғызу керек. Барлық негізгі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар Қазақстанда өндірілуге тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мә­селесі. Келесі жылдан бастап осы ба­ғыт­­та нақты нәтиже күтемін», деген бо­латын. Кейін ел Президенті коронавирус індетінің екінші кезеңіне да­йын­дық мәселелері жөніндегі кеңес өткізді.

Онда «Халықаралық қоғамдастық ұлттық вакцина әзірлеу жөніндегі жұмыстарымызға қолдау білдіріп отыр. Қазір клиникалық зерттеулер жүргізілуде. Бұл еліміздің ғылым саласының әлеуеті зор екенін көр­се­теді», деген еді.

Жолдауда берілген тапсырмалар ж­ол­да қалған жоқ. Отандық фармацевтика саласында сең жүріп, серпіліс пайда болды. Мемлекет басшысы күткен нақты нәтиже көп кешіктірген жоқ. Елі­міз­дегі Биологиялық қауіпсіздік проб­лемаларының ғылыми-зерттеу институты жедел іске кірісіп, қауіпті вирустың алдын алу үшін аянбай тер төге бастады. «Әрине, заманауи материалдық-тех­никалық базасыз ілкімді ғылыми жетіс­тік­терге қол жеткізу мүмкін емес еді. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігі 2020 жылы ғылыммен айналысатын ұйымдарды ғылыми-техникалық жабдықтармен қам­та­масыз ету мақсатында қомақты қара­жат бөлді. Осылайша, министрліктің Ғылым комитетіне бағынысты барлық ұйымдары керек-жарақ аспаптары мен жабдықтарын жаңартты», деді биылғы Тамызиконференциясында сөз алған Биологиялық қауіпсіздік проб­ле­маларының ғылыми-зерттеу ин­сти­тутының бас директоры Күнсұлу Закарья.

Мұндай қадамдар ауыз толтырып айтуға болатын ғылыми жетістіктерге жетелеп, ғалымдардың есіл еңбегі өз же­місін бере бастайтыны белгілі. Соның нәти­жесінде, жекелеген бағыттар дамудың даңғыл жолына түсті. «Мәселен, бүгіндеCOVID-19-ға қарсы профилактикалық және диагностикалық препараттарды өндіру бойынша жүргізіліп жатқан зерттеу жұмысы жолға қойылды. Осы­лайша, Био­ло­гиялық қауіпсіздік проб­ле­ма­ла­рының ғылыми-зерттеу институты (БҚПҒЗИ) жасап шығарып, QazVac сауда атауымен өндіріліп жатқан «QazCovid-in» вакцинасыотандық ғылымның жемісті жетістігі екені анық. Аталған вакцина бү­гінде халқымыздың денсаулығын қор­ғау үшін қолданылып келеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, осы отандық өнім гуманитарлық көмек ретінде Қырғызстанға да жіберілді. Бүгінде айыр қалпақты ағайындардың бауырлас елінде QazVac мемлекеттік тіркеуден сәтті өтіп, медициналық қолданысқа рұқсат берілді», дейді К.Закарья.

Жуырда The Lancet тобына кіретін EClinical Medicine журналына мақала жария­ланып, онда COVID-19-ға қарсы QazVac вакцинасының клиникалық сынақтарының 1-ші және 2-ші кезеңдегі нәтижелері ұсынылған-ды. Бұл журнал медицина және денсаулық сақтау сала­сын­дағы түпнұсқалық зерттеулердің нәти­желерін, сондай-ақ COVID-19-ға қарсы вакциналарды әзірлеу мен зерт­теудің соңғы жетістіктерін жариялайды. Бұдан бөлек отандық вакцинаны өндіруге 5 патент берілді.

QazVac-пен қатар, институт ғалым­дары QazCoVac-P деп аталатын тағы бір вак­цинаның клиникалық зерттеу жұмыс­та­рын бастады. «Күні кеше осы суббір­лікті жаңа вакцинаның клиникалық зерттеудің 1-ші кезеңі аяқталды. Қазіргі таңда клиникалық зерттеу жұмыстарының 2-ші кезеңі қолға алынды. Сонымен қатар COVID-19-ға қарсы өзге де вакциналарына ла­бораториялық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бүгінде Қазақстан БҚПҒЗИ қабыр­ға­сында COVID-19-ға қарсы 5 түрлі вакцина өндіріп жатқанымен мақтана алады. Әлемде мұндай жемісті жетістік жоқ әзір», деді К.Закарья.

QazCoVac-P суббірлікті вакцинаны кли­никалық сынаудың1-ші кезеңі Тараз қала­сында орналасқан «Жамбыл облысы әкім­­дігі денсаулық сақтау басқармасының қа­ла­лық көпбейінді ауруханасы» ша­р­уа­­­шылық жүргізу құқығындағы ком­му­­нал­дық кәсіпорынның базасында 44 ерік­­тінің қатысуымен өткізілді. Бұл тура­лы Биологиялық қауіпсіздік проб­ле­м­а­­ларының ғылыми-зерттеу институты «Аса қауіпті індеттік аурулар» зерт­ха­насының меңгерушісі, ғылым док­торы, қауымдастырылған профессор, «COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакцинаны әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасының жетекшісі Леспек Кұтымбетов айтып отыр.

«Суббірлікті вакцинаның клиникалық сынағының 1-ші кезеңі 2021 жылы 16 шілдеде басталды. Жалпы, медициналық мақсаттағы кез келген вакциналық препаратын клиникалық сынаудың 4 кезеңі бар. Вакцина туралы қосымша сынақ нәтижелерін жинақтау үшін 5-ші кезеңді клиникалық сынақтар да жоспарлануы мүмкін. Қазіргі таңда COVID-19 ауруына қарсы вакциналар пандемияға байланыс­ты ДДҰ шешімімен, үшінші кезеңнен кейін жалпы қолданысқа беріледі», деді Л.Кұтымбетов.

Ғалымның айтуынша, жаңа вакцинаны клиникалық сынау барысында Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен клиникалық зерттеу ережелерінің талаптарына сәйкес әдіс-тәсілдер қолданылды. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық зерттеу ережелері Дүние­жү­зілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ұсынған талаптардың негізінде құрас­ты­ры­лып, қабылданды.

«Жаңа вакцина институт ғалым­да­ры­ның өнімі саналатын отандық QazVac инактивтендірілген вакциналар қатарына жатады. Бұл препараттың басқаларынан ерекшелігі сол, молекулалық биологияның зама­науи технологияларын қолдану ар­қылы әзірлеушілер SARS-CoV-2 коро­на­вирусының иммундық жүйемен танылатын RBD және N ақуыздарын өндіретін штамдарын алып, соның негізінде суббір­лік­ті вакциналық препарат ретінде да­йындалды. Вакцинаның қауіпсіздігін қам­та­масыз ету үшін алынған ақуыздарды күрделі тазартудың барлық кезеңдері қамтылып, оның сапасы әр кезең бо­йынша бақылаудан өтті. Вакцинаның құрамында тұтас вирус жоқ», деп отыр зертхана меңгерушісі.

Л.Кұтымбетовтің айтуынша, зертхана­лық жануарларға (ақтышқандарға, eгeу­құй­рықтарға, атжалмандарға, күзен­дерге, қояндарға, макак-резус маймылдарына) жүр­гізілген клиникаға дейінгі сынақтың нәтижесінде, суббірлікті вакцинаның екінші дозасын бұлшықетке еккеннен кейінгі14-ші тәулікте егілген тәжірибелік жан­уар­лардың денесінде қажетті дең­гей­де­гі иммунитет қалыптасты.

«Инактивтелген вакциналардың кұра­мын­дағы сияқты, суббірлікті вакцина­лардың кұрамында да патогеннің тірі ком­поненттері жоқ. Сондықтан аса қа­уіпcіз болып саналды. Вакцинаның құра­мы­н­дағы адъювант иммундық жауап­тың пайда болуына себепші болады және вакцина алушының ағзасына кері әсерін тигізбейді. Себебі бұл вакцинаның кұрамында вирустың басқа құрамдас бөлшектері жоқ. Тек қажетті антигендері ғана бар. Тәжірибеде суббірлікті вакцинадан кейінгі жағымсыз әсерлер сирек кездеседі. Вакцинаның бұл түрінің мысалдары рeтінде тұмауға, В гепатитіне, пневмококқа, менингококқа, гемофильді инфекцияларға және тағы басқа ауруларға қарсывакциналарды айтуға болады», дейді Л.Кұтымбетов.

Биологиялық қауіпсіздік проблема­ла­рының ғылыми-зерттеу институты COVID-19-ға қарсы вакцина ойлап табу ісіне дайындықсыз келе салмағаны анық. Бұған 62 жылдықтарихы бар институттың 200-ден астам тәжірибелі ғалымдары мен қызметкерлері жұмылдырылды. Вак­циналардың технологияларын іске асыру барысында ғалымдар мен институт қызметкерлерінің ұзақ жылдар бойы жүргізген ғылыми-зерттеулерінің нәти­же­сінде қол жеткізілген озық тәжіри­бе­лері назарға алынды. Мәселен, институт ғалымдары бұған дейін 60-тан астам биологиялық препараттарды әзір­леу тех­нологиясына қол жеткізіп, өз өнім­де­рін аса қауіпті және қауіпті ayру­лармен күресу үшін медицина және ве­те­ринария салаларына, бірқатарын өн­діріске берген болатын. Сол биопрепараттар бүгінде адаммен жануарлардың жұқпалы ayруларына қарсы тұру кезінде өз тиімділігін танытып келеді.

«Кез келген вакциналық препаратты қолданысқа берместен бұрын ғалымдар оны жан-жақты тексеруден өткізеді. Бі­рін­ші кезекте оның адам ағзасына еккен кездегі зиянсыздығын дәлелдеу үшін бірнеше қайтара тексерістен өткізеді. Вакцинаның зиянсыздығы зертханалық жануарларға жасалатын клиникаға дейінгі және алғашқы кезеңдегі клиникалық тек­серіс барысында анықталады. Институт ұсынып отырған COVID-19-ға карсы суббірлікті вакцинаның зиянды тұстары әзір байқалған жоқ», дейді