Сондай-ақ Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы елдегі этносаралық, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету саласындағы маңызды жетістіктері талқыланды.
Дөңгелек үстелді ашқан Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова Қазақстан ұстанған саясаттың маңызына тоқталды.
«Көпэтносты, азаматтық, мәдени, тілдік болмысымыз Қазақстанның біртұтас халқының бірегей, ерекше келбетін құрайтынын түсінеміз. Азаматтық ұлттық бірегейлікті қалыптастыру секілді процестердегі өзгерістер туралы сөз қозғалғанда оның бәрі біртұтас халықтың, бір елдің азаматтары деп сеніммен айтамыз. Әлемде болып жатқан жағдайларға қарамастан, Қазақстан халқының бірлігі – біз үшін маңызды фактор. Сондай-ақ Тәуелсіздігіміздің 30 жылында қалыптасқан әл-ауқат пен жағдайды сақтаудың маңызды шарты», деді ол.
Спикер сондай-ақ биыл Қазақстан үшін ерекше жыл екеніне атап өтті. «Егемендігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Сонымен қатар осы уақытта жеткен жетістіктерімізді саралап, алдағы жолда қандай мақсаттарымыз тұрғандығын еске салу ойымен жиналып отырмыз. Қазақстан – ерекше ел. Әрдайым біз осыны мақтанышпен айтамыз. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері бірізділік пен реформалар жолын таңдап, оның негізгі конституциялық қағидаттарын сырт қалдырған емес», деді А.Сәдуақасова.
Бұдан кейін сөз алғандар елдегі тілдік саясаттың дамуы жөнінде сөз қозғап, халық бірлігінің маңызына екпін берді. Мәжіліс депутаты Юрий Ли білім беру жүйесіндегі үштілділіктің тиімділігіне тоқталды.
«Конституцияда барлық азамат тең деп жазылған. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына жүгіне аламыз. Онда білім беру принципі үш тілді екені анық көрсетілген. Әріптестерімнің күнделікті өмірде қазақ тілін көбірек қолдану туралы айтқандарын қолдаймын. Корей этносында мемлекеттік тілді үйренудің тұтас бағдарламасы жүзеге асырылды. Конституциямыз барлық азаматты тілдік, мәдени және басқа да лауазымдарына қарамастан қорғайды», деді Юрий
Ли.
Ол Қазақстанда ұлтына қарамастан, кез келген адамның бизнесте де, мемлекеттік қызметте де ілгерілеуіне мүмкіндік берілгендігін атап айтты. Елімізде барлық дерлік этностардың өкілдері мемлекеттік биліктің түрлі деңгейінде еңбек етіп, мемлекеттік тапсырмаларды орындауға атсалысып келеді. Бұған қоса, мемлекеттік тілмен қатар, орыс тілі де барлық жерде қолданылады.
Спикер еліміздің Конституциясында қазақстандық этностардың тілін, мәдениеті мен дәстүрін дамытуға барлық жағдай қарастырылғандығына кеңінен тоқталды. Тіліне, жынысына, нәсіліне және басқа да белгілеріне байланысты кез келген кемсітушілікке тыйым салынғандығына назар аударды. Еліміздің білім беру стандарттары барлық этносқа өздерінің мәдени-тілдік қажеттілігін қанағаттандыруға мүмкіндік беретінін баса айтты.
«Тіл мәселесі, ұлттық мәселе мүлдем көтеріліп отырған жоқ», деді Юрий Ли.
«Литуаника» қоғамдық ұйымының төрағасы Виталий Тварионас Қазақстандағы этносаралық қатынастар туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстандағы этносаралық қатынастардың толеранттылығы мен әл-ауқатын қолдау мен нығайтуда үлкен рөл атқарады.
«Тәуелсіздіктің 30 жылындағы Қазақстандағы этносаралық қатынастар тұрақты деп айта аламыз. Бұл тарихи мұрамен байланысты. Сондай-ақ Үкіметтің жемісті жұмысы. Қоғамдық қызмет барысында кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпіріне бардым. Елімізде 1000-нан астам этномәдени бірлестік бар, олар үшін өз әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін сақтауға қолайлы жағдайлар жасалған. Мысалы, Достық үйлері жемісті жұмыс істейді. Сондай-ақ осындай қиын кезеңде еріктілер қозғалысы өзін жақсы көрсетті. ҚХА жанында қайырымдылық жүйесі бар, яғни қазіргі жағдайда біздің меценаттар көмекке мұқтаждардың барлығына көмектеседі. Мұның бәрі бір нәрсені көрсету үшін емес, бәрі шын жүректен жасалған», деді Виталий Тварионас.
Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева еліміздегі тілдік ахуалға кеңінен тоқталды.
«Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Елбасымыздан бастау алған басты құндылық ұлтаралық, этносаралық келісімді сақтап, әрі қарай келесі ұрпаққа жеткізу – міндетіміз. Оны жоғалтуға хақымыз жоқ. Өйткені келесі ұрпақтың алдында жауап береміз.
Орыс халқының өкілі ретінде екі халықтың, қазақ пен орыстың тағдыры тарихи тұрғыда баяғыдан-ақ бірге өрілгендігін айта аламын. Ондаған жылдар бойы біздің тағдырымыз, өміріміз, мәдениетіміз бір-бірімен бірігіп кетті. Сондықтан Қазақстанда орыстар нашар тұрады немесе олар қысым көріп жатыр деу – дәлелденбеген, даурықпа сөз», деді Мәжіліс депутаты.
Ресейде туғанымен отбасылық жағдайға байланысты ата-анасымен Жамбыл облысына қоныс аударған Виктория Трегубова елімізде тілге байланысты кемсітушілік жоқ екенін айтады. Тіпті мемлекеттік тілді жетік білген өзге ұлт өкілдері қазақтардың арасында өте абыройлы екеніне назар аударды.
«Қазақ тілін, қазақтың салт-дәстүрін білгендіктен, сыйлағандықтан болар, ешқашан қысым көрген емеспін. Керісінше, сыйлайды, құрметтейді, дәріптейді, әрқашан қолдау көрсетеді. Сондықтан айтарым, қазақ тілін білгенің – сол ұлттың тілін, салт-дәстүрін, халқын сыйлағаның. Жалпы, қазақ халқы әрқашан да өзге ұлт өкілдеріне қонақжайлық танытады. Әлі күнге дейін тілін білмесең де қамқорлықпен қарайды. Қазақ тілін үйренемін десеңіз де еш қиындық жоқ. Барлық жағдай жасалған, мектептен бастап тегін курстар да бар. Ниеті бар адам мемлекеттік тілді үйреніп алады», деді Виктория Трегубова.
Іс-шараға қатысушылар мемлекеттік тілді білудің маңызын ерекше атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанда тұратын бүкіл этнос өкілдері Конституция аясында қорғалғанын тағы бір мәрте еске салды.