Саясат • 24 Тамыз, 2021

Қатармен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтеді

176 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Премьер-Министрінің бірін­ші орынбасары Ә.Смайылов бастаған қа­зақстандық делегация Қатар мемле­кетіне жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Қатармен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтеді

Сапар барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Шейх Мұхаммед бен Абдурахман әл-Танимен, Муниципалитет және қоршаған ортаны қорғау министрі Абдулла бен Абдулазиз бен Түрки әл-Субайемен, Қатар Сауда-өнеркәсіп палатасының бірінші орынбасары Мұхаммед бин Тауар әл-Коваримен, Qatar Airways басшысы Акбар әл-Бейкермен және Qatar Investment Authority мен Hassad Food ұлттық компанияларының басшыларымен кездесулер өтті.

Қазақстан-Қатар іскерлік кеңесі екі елдің іскер топтарының қатысуымен өтті, онда Қазақстан мен Қатар арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайылов сауда-экономика және инвестиция салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудың үлкен әлеуеті бар екенін атап өтіп, екі ел арасындағы мемлекетаралық қатынастарды тереңдету мен кеңейтуге жеке секторды белсенді тартудың маңыздылығын атап өтті.

Шара барысында Қазақстанның бірқатар ұлттық компаниясы мен ірі кәсіпорындарының басшылары қатарлық бизнес өкілдеріне елімізде шетелдік инвесторлар үшін жасалған экономикалық мүмкіндіктер жөнінде баяндады. Қазақстандық делегация құрамында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, Kazakh invest ҰК АҚ, Kazakh Tourism ҰК АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басшылары, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Мәдениет және спорт вице-министрлері, мұнымен қоса BI Group, Agro Holding Dinara Group, Target AI, Evotech CA секілді ірі компаниялардың басшылары болды.