Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің қатысуымен «ҚТЖ» ҰК» АҚ 2013 жылы атқарылған жұмыстарының қорытындысын шығарды. Сонымен қатар, 2014 жылғы басым бағыттар белгіленді.

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің қатысуымен «ҚТЖ» ҰК» АҚ 2013 жылы атқарылған жұмыстарының қорытындысын шығарды. Сонымен қатар, 2014 жылғы басым бағыттар белгіленді.

Ұлттық компания өткен жылды табысты аяқтады. Еліміздің көліктік-транзиттік әлеуетін кеңейтіп, көліктік-логистикалық хабты дамыту, сондай-ақ, тасымалдау жылдамдығын арттырып, сервистік қызметті жақсарту жұмыстары нәтижелі болды.
Жиналыста компания президенті А.Мамин баяндама жасады. «2013 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ барлық негізгі өндірістік және қаржылық міндеттемелерін толық орындады», деді ол. Сонымен, жоспардағыдан жүк айналымы – 1, жолаушы айналымы 0,3 пайызға өскен. Таза табыс – 3,2, еңбек өнімділігі әр адамға шаққанда 1,3 пайызға, яғни артығымен орындалған. Мұнымен қатар, компания стратегиялық дамуын жүзеге асырып, өндіріске жаңа технологиялар енгізіпті. Активтері де жаңғыртылуда екен. Компанияның қоры жеке өндірістік және жоғары технологиялық өнімдермен толықтырылып жатқан көрінеді. Атап айтқанда, «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ тепловоздары мен «Тұлпар-Тальго» ЖШС, сондай-ақ «ҚВК» ЖШС өнімдерімен толыға түскен. Қаңтар айында 12 қазақстандық алғашқы тепловоздар тәжірибелік сынақтан өткізіліпті.
Былтыр 135 локомотив, 3154 жүк, 288 жолаушылар вагонын сатып алып, 631 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізіп үлгірген. Мұнымен бірге, жаңа жолаушы пойыздарының құрамы – Астана – Атырау, Алматы – Атырау бағдарына шыға бастады. Ал биыл жүрдек пойыздар Астана – Қызылорда, Алматы – Ақтөбе, Астана – Өскемен, Алматы – Өскемен, Алматы – Ташкент бағыттарына жол тартады екен. Халықаралық жүк пойыздарының контейнерлік құрамалары Чунцин – Достық – Дуйсбург, Чэнду – Достық – Лодзь бағыттарына қатынай бастапты. Алдын ала ақпараттық бағдарлама және электронды ресімдеу арқылы бұл пойыз тоқтаусыз тәулігіне 997, кей тұстарда 1100 шақырымға дейін жүреді. Өткен желтоқсан айынан бері Сиань – Қазақстан контейнерлік пойызы жасақталып, Еуропадан Азияға және кері қарай қысқа мерзімде жүйелі түрде жүк тасымалдана бастаса, биыл Сиань – Өзбекстан, Шеньжен – Қазақстан, Ляньюнгань – Қазақстан контейнерлік жүрдек жүк пойыздары жасақталады, дейді А.Мамин.
Сондай-ақ, былтыр Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл магистральдарының жоғарғы қабатын төсеп, торкөзді рельсті-шпалдарды түйістіріпті. Осы жылы теміржолшылар жаңа желілердегі инфрақұрылымдарды аяқтап, стансадағы әлеуметтік және инженерлік нысандардың құрылысын бітіруді көздеп отыр. ҚТЖ-ның базасында «KTZ Express» АҚ көліктік-логистикалық операторы құрылыпты. Ол теміржол, Ақтау теңіз порты, 11 әуежай, «Қорғас» халықаралық шекаралық стансасы арасындағы көліктік-логистикалық тізбек жұмысын үйлестіреді.
Баяндамашыларды мұқият тыңдаған С.Ахметов теміржол компаниясы 2013 жылы Мемлекет басшысы мен Үкімет берген тапсырмаларды ойдағыдай орындағанын атап өтті. Саладағы өндірістің даму қарқынына көңілі толатынын білдірді. Теміржол бойындағы инфрақұрылымның жақсарғанына да назар аударды. Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында транзитті жетілдіріп, темір жолдардың өткізу қабілетін арттыруды жүктеді. Бұл тапсырманың мүлтіксіз орындалуына міндеттіміз. Сондай-ақ, вокзалдарды күрделі жөндеулерден өткізіп жатырмыз. Бұл да құптарлық жұмыс. Өйткені, ЭКСПО-2017-ге дейін қалалар мен разъездердің бәрінің вокзалдарын ретке келтіріп үлгеруге тиіспіз. Ал, Үкімет тарапынан теміржол компаниясын қолдау шаралары жалғаса береді, деді Премьер-Министр. Десе де, Үкімет басшысы жолаушылар тасымалына қатысты сыни пікірін де білдірді. Вагондардың санитарлық тазалық жағдайы сын көтермейтінін айтты. Сондай-ақ, билет бағасының қымбаттауы көрсетілетін сервиске сәйкес болуы керектігін назарға алды. Мұнымен қатар, тауарын экспортқа шығаратын отандық кәсіпорындар мен компанияларға жеңілдіктер қарастырылуы тиіс екенін қаперге салды. Тіпті, оларға субсидия қарастырған жөн болатынын білдірді. Сөз соңында Үкімет басшысы теміржолшыларға бірқатар тапсырмалар беріп, олардың орындалу барысы Үкіметтің бақылауында болатынын ескертті.
Өз кезегінде теміржолшылар биыл жүк айналымын – 233,8 млрд. тонна-шақырымға, жолаушылар айналымын 17,3 млрд. жолаушы-шақырымға жеткізіп, кіріс көлемін 962 млрд. теңгеге жеткізуге міндеттеме алды.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».