Өткен жылдың мамыр айында «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесі Алматы қаласы бойынша сот актілерін орындау департаментінің жұмысын қараған болатын. Алдын ала тексеру қорытындысында көрсетілгеніндей, аталған департаментте басшының тұрақтамауы (бір жылда үш басшы ауысқан), қаржы полициясы тарапынан департаменттің бірнеше қызметкеріне қылмыстық істің қозғалуы, прокурорлық қадағалау актісімен 168 лауазымды қызметкердің тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны, 65 адамның жұмыстан босатылуы (оның ішінде жұмыс өтілі 3 жылдан жоғары 46 сот орындаушы), сол кезеңде 19 сот орындаушының орны бос тұрғаны тілге тиек етіліп, сын тезіне ұшыраған еді. Кеңес жұмысына қатысқан осы жолдардың авторы «Егемен Қазақстанның» өткен жылғы №125 санында «Бардак» деген мақала жариялаған болатын.
Өткен жылдың мамыр айында «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесі Алматы қаласы бойынша сот актілерін орындау департаментінің жұмысын қараған болатын. Алдын ала тексеру қорытындысында көрсетілгеніндей, аталған департаментте басшының тұрақтамауы (бір жылда үш басшы ауысқан), қаржы полициясы тарапынан департаменттің бірнеше қызметкеріне қылмыстық істің қозғалуы, прокурорлық қадағалау актісімен 168 лауазымды қызметкердің тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны, 65 адамның жұмыстан босатылуы (оның ішінде жұмыс өтілі 3 жылдан жоғары 46 сот орындаушы), сол кезеңде 19 сот орындаушының орны бос тұрғаны тілге тиек етіліп, сын тезіне ұшыраған еді. Кеңес жұмысына қатысқан осы жолдардың авторы «Егемен Қазақстанның» өткен жылғы №125 санында «Бардак» деген мақала жариялаған болатын.
Еліміздегі сот орындаушылардың жұмысындағы кемшіліктер, келеңсіздіктер жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Айтылған әңгімеден шығып жатқан нәтиже де шамалы. Тілге тиек болған аталмыш отырыста сынға ұшыраған департаменттің басшысы А.Апиев те сөйлеген болатын. Ол осы отырыста айтылған сындарды қабылдайтынын, мұндай кемшіліктердің департамент жұмысында орын алып отырғанын айта келе, өзінің бұл қызметке жаңадан тағайындалғанын, алдағы уақытта департамент жұмысын жақсартуға бар күш-жігерін жұмсайтынын айтып сендірген-ді. Қоғамдық кеңес бұл мәселеге қайта оралатынын, жыл аяғына қарай департамент жұмысын қайта тексеретіні туралы шешім қабылдаған болатын. Дегенмен, өткен жылы бұл шешім орындалмай қалды. Есесіне, департамент басшысы А.Апиев редакциямызға хабарласып, тоғыз айда атқарылған жұмыс туралы мәліметін ұсынды.
«Үстіміздегі жылдың мамыр айында «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесінде мен басқарып отырған Алматы қалалық Сот актілерін орындау департаментінің жұмысын қаралған болатын. Осы отырыста сот орындаушыларының жұмысы өткір сынға ұшыраған еді. Тексеру қорытындысында көрсетілгендей, алдыңғы 2012 жыл департамент үшін өте қиын жыл болғаны рас. Маған дейін екі басшы ауыстырылған. Тоғыз қызметкеріміз жемқорлық қылмысқа қатысты сотталған. Орындалған құжаттардың саны екі есеге азайған. 65 қызметкер әртүрлі себептермен қызметінен босаған. Меніңше, мәселенің бұлай өрбуі бірнеше өзекті проблемалардың салдары – жұмыс ауқымының бірте-бірте көбеюі, төмен жалақы, ескі және мардымсыз заңнамалар, еңбек жағдайының нашарлығы деп білемін.
Сол қоғамдық кеңесте уәде бергенімдей, мен шешілмей жатқан біраз проблемаларды қозғауға тырыстым. Сол кезде бізге жаңадан ғимарат берілген. Мен осы ғимаратты жөндеу ғана емес, қызметкерлерімізге лайықты жұмыс орнын дайындауға назар аудардым. Ең бастысы, қызметкерлерге де келген азаматтарға да ыңғайлы жұмыс жағдайын ұйымдастырдық. Бүкіл сот орындаушылардың бөлмелері компьютерлік техникамен жабдықталды және ақпараттық-іздестіру жүйесіне қосылды. Соған байланысты қазіргі кезде қағаз құжаттарының айналымы біраз қысқарды. Енді бұрынғыдай емес, сұраныс хаттардың жауаптарын электронды әдіспен алуға болады. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жетілдіру қажет. Осы күнге дейін банктердің мәліметтері және қоятын тыйымдарды шешу қағаз жүзінде ғана орындалып келген.
Сондай-ақ, бос лауазымды қызметкерлердің орнына перспективалық қызметкерлерді қабылдадық. Ішкі тәртіпті күшейттік. Қолданған шаралардың нәтижесінде атқарушылық қағаздардың 30 пайыздан астам көбеюіне қарамастан, толық орындалған атқару құжаттары екі есеге дейін өсті. Өткен жылдары мәлімет базасына енгізілмеген атқару құжаттары бүгінгі күні толық енгізіліп, арнайы іс-шаралар өткізіп, мемлекеттік бюджет пайдасына 20 мыңнан астам атқару құжаттары орындалды.
Сот орындау жүйесіндегі негізгі проблеманың бірі – атқару өндірісінің көптігі екені рас. Бірнеше жылдан бері сот орындаушыларға түсетін құжаттардың көлемі өсе түсуде. Сол уақыттан бері қызметкерлер керісінше екі рет 30 пайызға қысқартылған. Қазіргі кезде жеке сот орындау институты құрылғанына қарамастан, бір мемлекеттік сот орындаушының құзыретінде мыңнан астам құжаттар бар. Менің ойымша, бұл өзекті мәселені шешу тек сот орындаушылардың санын көбейтумен шешілмейді. Әрбір азамат, мемлекеттік қызметкер, атқару органдарының қиыншылығын, маңыздылығын ұғыну қажет. Айтып отырғанымнан басқа да шешімін таппай отырған мәселелер әлі де жетерлік. Өткен жылы Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитетінің көмегімен материалдық-техникалық базамызды біраз нығайтып алдық. Мәселен, 2012 жылы департамент балансында бір ғана қызметтік көлік болса, бүгінгі күні бүкіл 12 аумақтық бөліміміз көлікпен қамтамасыз етілген.
«Көш жүре түзеледі» дейді халық даналығы. Бүгінгі күнге дейін төбесінен сын тоқпағы арылмай келе жатқан сот орындаушыларының жұмысы бірте-бірте жолға қойылып келеді. Ең бастысы, айтылған сыннан нәтиже шығаруды қолға алдық. Тындырылған шаруа аз емес, атқарылар жұмыстар да жетерлік».
Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, Жемқорлықпен күрес комиссиясының Алматы қаласы бойынша сот орындаушылар департаментінің жұмысын қайта қарайтыны туралы шешімі орындалмағанымен, сол департаменттің директоры Арман Апиевтің біз жазған мақалаға көңіл аударып, өзі уәде еткеніндей араға уақыт салып хабарласып жатуы, осы аралықта тындырылған істер жөнінде анықтаманы ұсынуы департаментке жаңадан келген жас басшының жұмысқа деген ынта-ықыласын білдіргендей. Мәселен, көптеген басшылар өздерінің жұмысына қатысты айтылған сынға немқұрайлы қараса, ал Арман Апиевтің департамент жұмысын сынаған мақалаға қатысты өз пікірін білдіріп және айтылған уақыт ішінде атқарылған жұмыстары туралы анықтама беруі оның өз жұмысына деген оң көзқарасын білдірсе керек...
Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.